Бүгін Кентау қаласының ішкі туризм саласын дамыту бойынша көшпелі семинар өтті. Қотыр бұлақ елді мекеніндегі «БайСалКерім» демалыс аймағында ұйымдастырылған шараға кәсіпкерлер мен сала мамандары қатысты.
Семинарда қала әкімі Рашид Аюпов Кентау туризмді дамытуға потенциалы мол өңір екенін атап өтті. «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директоры А.Ниязов қорықтың туристік бағыттағы дамуы жайында баяндама жасады. «Кентау қалалық музейі» МКҚК директоры Ж.Жиренбаев Қазақстанда кен орындарына арналған музейдің екеуі ғана болса, соның біреуі Кентау қалалық музей екенін атап өтті. Музейдің бүгінгі таңдағы тынысы жайында мәлімет берді.Түркістан облысы туризм басқармасының туристік қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу және қолдау бөлімінің басшысы Д.Асанхан «Туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары» бойынша баяндаса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ өкілі Н.Азизов туризм бағытына берілетін несиелер мен субсидиялар бойынша мәлімет берді.
Семинарға Түркістан облысы туризм басқармасының басшысы Г.Ахбердиева, «Open Turkistan» ЖШС бас директоры А.Абдримова қатысып, Түркістан облысының туризм саласының басым бағыттары бойынша кең көлемде айтып өтті.
Кентау қаласы әкімдігі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы С.Нарбек Airbnb бағдарламасын қолдану жағы бойынша ақпарат берді.
Жиын соңында «БайСалКерім» демалыс аймағының басшысы Керімжан Сырлыбаев пен «Nad Al Shiba Investment» компаниясының өкілі және өзге де инвестор арасында меморандумға қол қойылды. Болашақта бұл жерден 50 адамдық қонақ үй салынып, шомылу және атпен серуендеу секілді қызметтер іске қосылатын болады.
Кентау қаласындағы туризм бойынша мәлімет:
Кентау қаласы бойынша туристік нысандары: «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі, қалалық музейі, Қарнақ ауылындағы Шаммат Ишан мешіті, 1000 жылдық тарихы бар Тұт ағашы.
Кентау қаласының тарихы Ащысай, Байылдыр, Хантағы, Мырғалымсай, Қаратау жотасының пайдалы қазбалар кен орындарын игеру тарихымен тығыз байланысты. Кентау қалалық мұражайы 1977 жылы ашылды. Қала тұрғындарының көптеген сұраныстары бойынша құрылып, әр қала тұрғыны музей қорына өз үлесін қосты. Әрбір музей экспонаты-бұл қаланың тарихы, оның айбындылығы, даңқы, жасампаз күндер туралы сыр шертеді. Бүгінде музей қорында 8 мыңға жуық экспонат сақталуда. Төрт залда 1000-нан астам экспонат қойылған, пайдалы қазбалардың бай коллекциясы көрсетілген. Музейдің минерологиялық залында Менделеев кестесіндегі 118 элементтің 74-і бар. Бұл — біздер үшін үлкен байлық. Құнды минералдардың барлығы Ащысай, Байжансай, Мырғалымсай, Қарасай кен орындарынан табылып жинақталған. Ішкі туризмді дамыту мақсатында Кентау қаласында, қалаға қарасты ауылдардағы мектеп оқушыларынан экскурсия топтарын ұйымдастырып, бекітілген кесте бойынша жұмыстар атқарылуда.
Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы — Түркістан облысы аумағындағы Қаратау жотасының орталық бөлігінде, Кентау қаласынан 17 км жерде орналасқан мемлекеттік қорық. Онда өсетін сирек кездесетін және эндемик түрлерінің саны жағынан Қазақстанда бірінші орында. Қаратау қорығы 2004 жылы құрылған, аумағы 34,3 мың га. Қорық жері айналасында орналасқан Мойынқұм шөлдерімен және Бетпақдала өңірімен шектеседі. Қорықтың солтүстік-шығысында Созақ ауданы бар, батысында Баялдыр және Түйетас, оңтүстігінен Талдыбұлақ, ал ұзына бойына Жыңғылшық өзендері ағып өтіп, Қараағаш тау жотасына ұласады. Қорық аймағы ерте кезден бастап-ақ адамдардың тіршілік етуіне қолайлы аймақ болғандығы ондағы тас, қола және темір дәуірлерінен қалған мәдени ескерткіштерден (тасқа салынған суреттер, адам тұрақтары, т.б.) айқын байқалады. Табиғат құйған ғажайып тас мүсіндер (Түйетас, Хантағы, Кемпіртас, т.б) ерекше көз тартады.
Кентау қаласының аумағында туристік нысандарға барар жолдар қанағаттанарлық жағдайда және су, электро-энергия көздері тартылған. Қала аумағында жалпы 4 қонақ үй жұмыс жасауда. Кентау қаласында ішкі туризмді дамытуға арналған. Жас туристер станциясы жұмыс істейді. Кентау қаласының аумағында орналасқан 3 туристік нысандарға (Шаммат-Ишан мұражайы, 1000 жылдық Тұт ағашы, Кентау қалалық мұражайы) барар жолдардың бойында 3 тілде сілтемелер және туристік нысандардың төлқұжаты орналастырылған. Жалпы қала бойынша 7 сілтеме және төлқұжат: 3 төлқұжат, 4 сілтеме (Қаратау табиғи қорығы үшін 1 сілтеме).
Қазіргі таңда 1 туристік маршрут дайындалған. Бұл маршрутта «Хантағы Кемпіртас»; ғылыми танымдық кешені «Қаратау табиғаты», Ханның тағы, Жасарбұлақ, Күлжабай сайы, Тастын бауы, Кемпіртас экскурсиялық соқпақты тамашалау қарастырылған. Қарнақ елді мекеніндегі «Шаммат Ишан» мешіті және «Имам Бахли» мазарындағы 1000 жылдық тарихы бар Тұт ағашын тарихи-танымдық «Түркістан-Укаш ата» туристік маршруты облыстың туристік маршрутына енгізілді.
«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің экоағарту және туризм бөлімінің көрсететін қызметтері үшін 2022 жылдың 5 айында 68 адамға туризм бойынша қызмет көрсетілген. Кентау қалалық музейіне және қалаға қарасты Қарнақ ауылында орналасқан Шаммат Ишан мешітіне 2022 жылдың 5 айында келушілер саны 3350 адамға қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар, қалаға қарасты туристік нысандар бойынша мәлімет openkazakhstan.kz сайтына орналастырылған.
Кентау қаласы, Хантағы ауылында орналасқан Қаратау мемлекеттік табиғи қорығына баратын автомобиль, аяқ жол салу және жарық жүйелерін орнату жұмыстарына сметалық құны – 153,0 млн.тг жоспарланып, қазіргі таңда автомобиль жолы толықтай біткен. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы төңірегінен бос жерлер анықталып (барлығы 319 га) резервке қойылған. Аталған жерлер туризмді дамыту үшін заң талаптарына сәйкес инвесторларға ұсынылатын болады. Нәтижесінде 2021-2022 жылдары 2,0 млрд.тг жуық инвестиция тарту жоспарлануда.