Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықпен кездесуін облыс орталығынан бастады. Биылға екінші рет өткізіліп отырған облыс әкімінің есеп беру кездесуі ашық форматта өтіп жатыр. Кездесу алаңы ретінде Амфитеатр таңдалды. Ашық алаңда ұйымдастырылған шараға 500-ге жуық қала тұрғындары келді. Жүзге жуығы — жастар.
Түркістан қаласы тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ел басшылығының қолдауы мен түркістандықтардың еңбекқорлығының арқасында өңірдің дамып жатқанын айтып, алда жүзеге асатын тың жобаларға тоқталды. Өңір экономикасы нығайып, жаңа жұмыс орындарының құрылғанын айрықша атап өтті.
Өңірге инвестиция тарту мақсатында үлкен жоба іске асырылуда. Ол – «Өгем өзенінде су электр станциялары каскады». Бұл жоба бойынша облысқа 293,3 млрд. теңге жеке инвестиция тартылатын болады. Жобаның болжамды құны 722,8 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады.
— Аталған жоба іске асқан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындарды түбегейлі ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз. Өздеріңізге белгілі жыл сайын елімізде электр дефициті байқалып келеді. Облысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады (қажеттілік 320 МВт). Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, 1000 МВт Газ станциясын (ПГУ) салуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылдың 15 шілдесінде аукцион өткізіліп, жеңімпазы болып «ПГУ Түркістан» ЖШС-гі анықталды. Құрылыс кезінде 2000-2500, пайдалану кезінде 200-250 тұрақты жұмыс орны ашылады,— деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Өткен жылдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсім қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылы 268,8 млрд. теңгені құрап, өсім 3,6 есеге артты. 4 жылда шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 14 мыңнан асып, ондағы жұмысшылар саны 30 мыңға жетті. Өнім көлемі 260 млрд. теңгені құрады. Тартылған инвестиция 291,4 млрд. теңгені құрап, 8 есеге артты.
Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 392,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір артты. Өңірде 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығында 243,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Облысқа 263,2 млрд. теңге инвестиция бағытталды.
Кездесуде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ең алдымен наурыз айында өткен кездесудің нәтижесімен бөлісті. Халықты толғандырған жалпыға ортақ мәселелердің басым бөлігі жүзеге асты.
— Наурыз айында өздеріңізбен кездесіп, тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді талқыладық. Міне, бүгін сіздермен қайта жүздесіп, көтерілген мәселелердің шешімін баяндайтын боламын. Жалпы халықпен кездесу мен жеке қабылдау барысында 32 мәселе көтерілді. Оның ішінде 23-і өз шешімін тапты, қалған 9-ы шешілу үстінде. Мен көтерілген сұрақтардың барлығын тізбектемей, бірнеше негізгі мәселелерге тоқталайын. Көтерілген барлық сұрақтар біртіндеп өз шешімін табуда. Кейбір мәселелерді шешу үшін заң аясында бюджеттен қаржыны қарастырып, уақытты талап етеді. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп, міндетті түрде шешімін табатын болады, — деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтармен кездесуінде.
Атап айтқанда, Түркістан қаласында облыстық жедел медициналық көмек станциясы шілде айында пайдалануға тапсырылды. Түркістан қаласынан Балтакөл бағытының шыға берісіндегі Жангелдин көшесін қайта құру жобасы бойынша биылғы жылға 944 млн. теңге қаржы қаралды. Нысан келер жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Сондай-ақ Б.Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені орнынан қазіргі заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға биыл 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады. Сонымен бірге Отырар мөлтек ауданындағы 5 көпқабатты тұрғын үйлердің жан-жағын реттеу бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда, аяқжолдар салу, жол жиек тастарын салу (бордюр), веложолақтар және каналдар салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысан тамыз айының соңына аяқталады.
— Қаламыздың өсіп- өркендеп жатқанын көру бәріміз үшін үлкен мәртебе. Жақында Президент саябағы мен алғашқы туристік-рекреациялық орталығы ашылды. Қала аумағында қалалық саябақ (дендропарк) іске қосылып, «Жетікөлде» балық аулау маусымы басталды. Іске қосылған саябақтар, көлдер, су қоймалары, каналдар қаладағы микроклиматты өзгертіп, халыққа жайлы болуға сеп болуда. Туризм дамып келеді. Әр кеш сайын мәдени-рухани орталық тұрғындар мен туристер белсенділігінің орталығына айналғаны байқалады, — деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Сондай-ақ, облыс басшысы Түркістан облысында 2025 жылға дейін 250 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатындығын жеткізді.
Халықтың табысын арттыру мақсатында «Түркістан облысы бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жұмыспен қамту картасы» жобасы бекітіліп, нәтижесінде 143 792 жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыстың экономикалық белсенді халық санына қарай 8 194 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.
Биыл 444 салалық жобаларды іске асыру аясында 33 819 жұмыс орындары ашылатын көзделуде. Және «Еңбек» бағыты аясында облыс бойынша 70 мың адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарлануда.
2022 жылдан бастап «Жастар тәжірибесі» жобасы шеңберінде 5 658 адамға 6,2 млрд. теңге, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 386 азаматқа 436,7 млн. теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ, жастардың іскерлік бастамаларына қайтарымсыз 3,4 млрд. теңгеге 2 765 гранттар беру көзделуде.
— Өңір халқының табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында алдымызға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмыла атқаруымыз маңызды. Ендеше, бірлігімізді бір арнаға жұмылдырып, жаңарған Қазақстанды құруда бар күш-жігерімізді салып, абыроймен атқарамыз деген сенімдемін. Баршаңызды Түркістан қаласын қайта түлетіп, дамуы үшін өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Еңсеміз биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! — деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 132,6 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері жалпы алаңы 296,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жалпы сауда көлемі 148,3 млрд. теңгеге жетті. Қаңтар-маусым арасында тасылған жүк көлемі 47,2 млн. тн. жеткен.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің есеп беру кездесуі ерекше өтті. 500-ден астам адам өздері үшін және қала үшін маңызды мәселелерді талқылауға келді. Тағы үш мың адам желіге қосылды. Осындай форматтағы кездесулер тұрақты негізде өткізілетін болады.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің түркістандықтармен еркін кездесу барысында әркім өзін толғандырған мәселені көтере алды. Облыс әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтты. Халықтың тарапынан түскен сауалдардың көбі әлеуметтік салаларға, қоғамдық көлік, заңдастыру, жол мен кәріз жүйелеріне қатысты болды. Атап айтқанда, мүгедектерді тасымалдау бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған автомобиль, яғни инватакси санын көбейту мәселесі көтерді. Қала аумағында 7 автокөлік тасымалдайды. Жыл соңына дейін олардың саны артатын болды.
Кездесуде қаланың кей аудандардағы интернет желісінің сапасының төмендігі айтылды. Қосымша жаңа базалық станциялар салу қажеттілігі туындағанын айтқан облыс әкімі ел арасында пайда болған «радиофобиядан» арылуға шақырды. Яғни, тұрғындардың базалық станциялардың адам денсаулығына зиян екенін айтып, арыздануы тұсау болатынын жеткізді. Қаладағы қондырғыларды толық тексеріліп, интернет сапасын анықтап, айыппұл салатын арнайы өңірлік байланыс инспекциясы жұмыс жасайды. Түркістандықтар тарапынан Түркістанға жаңа балалар аурухасы қажеттілігі жайлы айтылды. Мәселе келер жылдың еншісіне қалды. Жоспарда бар 190 орынға арналған аурухана құрылысы келесі жылы басталатын болады.
— Жергілікті билік азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс. Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты қағидаты да осы. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік органдардың халықпен өзара байланысты нығайту. Біз әрі қарай да күш-жігерімізді біріктіріп, еңбек етсек әлі талай жетістікке бірге қол жеткіземіз,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Айта кетейік, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Түркістан қаласында биыл осымен екінші рет есеп беру кездесуін өткізіп жатыр. Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасарлары мен барлық басқарма да есептік жиынға қатысуда. Шамамен екі сағатқа созылған жиынға 500-ден астам адам келді. 50-ге тарта сұрақ қойылып, өзекті мәселелер көтерілді.