Жетісай ауданы негізгі табысын ауыл шаруашылығы саласы құрайтын аграрлы аймақ. Ерте көктемнен бастап тыныс тіршілігі қайнап жататын өңірде шаруалар үшін еткен бейнеті ақталып, қырманның берекелі болуы бірінші орында. Аудан халқының тыныс тіршілігі мен ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында Мұрат Болатұлы арнайы Жылы су ауылдық округінде орналасқан «Erte-Agro» ЖШС ат басын бұрып қайтты. Аталмыш шаруа қожалықтағы жүзім өнімдері республика төңірегінде сатылымға шығаруда.
«Шаруа қожалығымыз өз негізін 2017 жылы қалады. 2018 жылы арнайы Украина мемлекетінен «Аркадия», «Лидия», «Байқоңыр», «Анюта», «Велес», «Кодрянка», «Преображение», «Академик», «Дубовский» сынды 9 жүзім сортының көшетін алдырып, 33 гектар алқапқа отырғызып шықтық. Алқапқа егілген жүзімнің барлығы асханалық сортқа тиесілі. Жүзім бағымызға тамшылатып суғару әдісін қолданамыз, қазіргі таңда негізгі 4 техника жұмыс атқаруда. Өнімнің өсіп өнуі үшін қажетті бағаналарды да өзіміз арнайы техникамен қолдан құю арқылы шығарамыз. Өндірілген өнімді қазіргі таңда облыс орталығы Түркістан қаласы мен мегополис Шымкент қаласына жөнелтіп жатырмыз. Сол екі қала арқылы республика көлеміндегі барлық қалаға таратылуда. Жетісайдың жүзімі қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие» — дейді «Erte-Agro» ЖШС төрағасы Сұлтан Ерболұлы.
Жүзім шаруашылығында бүгінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақылары 60-100 мың аралығында. 2021 жылы 400 тн өнім алған болса, биыл 500 тн астам өнім алу жоспарлануда. Нарықтық бағасы орта есеппен 350 теңге.
Еңбеккеш шаруалардың еңбегін жоғары бағалаған аудан басшысы өңірде жүзім шаруашылығын дамытуды қолға алуды тиісті мамандарға тапсырып, негізгі бағыт бағдар болуға «Erte-Agro» ЖШС үлгі екендігін атап өтті.
Айта кетейік, биыл ауданда 79 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде: 49,5 мың гектарға мақта, 19 мың гектар алқапқа бақша, 3,5 мың гектар жерге көкеніс дақылдары егілген болатын.