Сайрам ауданы бойынша 2022 жылдың өнімі үшін егілген дәнді-бұршақты дақылдардың егіс көлемі 19 781 гектар. Оның ішінде күздік бидай 17001 гектарды құрайды.
2021 жылы ауа-райының қолайсыз болуына байланысты дәнді дақылдардан алынған өнім көлемі орташа есеппен гектарына 9 центнерден өнім жиналып, жалпы өнім көлемі 18232 тонна болды. Оның ішінде күздік бидайдан алынған өнім көлемі гектарына 8,5 центнер болды.
Биылғы жылы ауа-райы қолайлы болғандықтан, 2022 жылдың өнімі үшін егілген дәнді-бұршақты дақылдардан алынатын өнімнің түсімі гектарына орташа есеппен 18-20 центнер, яғни алынатын жалпы өнім көлемі алдыңғы жылға қарағанда екі есеге артады деп күтілуде.
Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 20-25 күн ішінде астықты толық орып, жинап алуды көздеуде.
Ауданда күздік бидайдың «Стекловидная-24», «Память-43», «Интенсивная», «Красноводопадская-23», «Третикале» (Орда) сорттары егіледі.
Ақбұлақ ауылдық округі аумағында орналасқан «Нышанбек» ӨК-і 1000 гектар, «Қарасай Батыр-2» ӨК-і 200 гектар, «Әкімбек Омарбек-ата» ШҚ-ы 210 гектар, «Пошан ата» ӨК-і 230 гектар, «Самат ШТ» ЖШС-і 200 гектар, «Қос Қызыл» ШҚ-ы 250 гектар, «Фирма Қазыбек» ЖШС-і 270 гектар жерге және де басқа агроқұрылымдар күздік бидай еккен.
Сонымен қатар, Қайнарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Нұр-Көл» ЖШС-нің директоры Сарманов Жамбыл 4600 гектар жерге масақты дәнді дақылдар еккен. Серіктестік тарапынан бидайдан гектарына 28-30 центнерге дейін өнім алуы жоспарлануда.
Аудан аумағында орналасқан агроқұрылымдар мен жеке кәсіпкерлердің астық ору дала жұмыстарына 772 дана трактор, 171 дана астық оратын комбайн және 445 дана трактор тіркемесі қатысуда.