Мақтаарал ауданы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі, Қарақыр елді мекеніндегі «Рамиз» шаруа қожалығының төрағасы Рамиз Махмудовтың тірлігі бәрімізді сүйсіндірді. Айталық, ағайынды Махмудовтар жыл сайын 400 гектар суармалы алқапқа мақта, қауын-қарбыз, қырыққабат егеді. Биыл олар 120 гектарға бақша егіп, қауын-қарбызды «Фура» жүк көлігімізге тиеп, еліміздің өзге қалалары мен облыстарына және Ресейге жөнелтуде.
Қазір диқандар пленка астына егілген қауынның «Торпедо» сортын түгел жинады. Ашық алқапта егілген «Валет» сортты қауын да пісіп-жетіліп тұр. Оларды да екі-үш күн сайын ауыр жүк көлігіне тиеп, еліміздің солтүстік өңіріне жіберуде.
— Әрбір ауыр жүк көлігіне 20 тонна қауынды тиейміз. Піскен қауынды түнгі сағат 3-4-тен бастап үзіп, оны таңғы 6-ға дейін тіркемелерге артуымыз керек. Таңатпай қабылдау бекетіне жеткіземіз, — дейді Рамиз Махмудов. Әрине, мұндайда уылжыған қауынды сұрыптап, қағаз жәшіктерге салу ширақ қимылды қажет етеді. Сондықтан, науқанның дәл осы қызған шағында әрюір диқан үшін әрбір минут қымбат. Осындай қат-қабат тірлікті тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып, таңнан бастап қас қарайғанша егістік алқабында тыным таппай жүрген Ибрагим Ахметов, Құрбаноғлы Каримов, Афис Махмутов секілді диқандардың іскерлігіне, еңбексүйгіштігіне тәнті болады екенсін.
— Олардың әрқайсысына 4-5 мың теңге төлейміз, — дейді аталмыш қожалық жетекшісі Рамиз Иманбердіұлы. – Біз бұл жұмыста 4 отбасы бірігіп бастағанбыз. Бүгінде ынтымақтаса еңбек етудің арқасында мол табысқа кенеліп отырмыз. Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай, тыңайтқышты уақтылы алдық.
Қожалық диқандары биыл 3 гектарға ерте пісетін қырыққабат егіп, одан 150 тонна өнім алған екен. Оның әр келісін орта есеппен 80-100 теңгеден саудалапты. Мамыр айында қырыққабатты жинап алған соң бұл жерге мақта еккен. Бір алқаптан екі өнім алып, табысын еселеп молайтқан шаруалардың іскерлігі талай жанға үлгі-өнеге болса екен.
Айта кетейік, бұл шаруа қожалықтың мақта қабылдау пункті де жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 3500 тонна «ақ алтын» жиналды дейді ондағылар. Биылғы меже – 5 000 тонна ақ ұлпа жинау екен. Қожалықта мақта жинауға арналған 13 «Джон Дир», 8 доңғалақты әмбебап тракторы, 5 жер жыртатын «ДТ-75» тракторы, т.б. тіркемелері мен соқа, одан да басқа құрал-саймандар жетерлік.
Былтыр мақта бағасы алдыңғы жылдарға қарағанда әжептеуір жоғары болды. Сондықтан, аталмыш қожалық диқандары 280 гектарға мақта екті. Олар қозаны күтіп-баптау жұмыстарын да ойдағыдай жүргізді. Қозаны екі рет культивация мен шабықтан өткізді. Қоза зиянкестерімен биологиялық әдіс бойынша күресуде екен.
Мақтаарал ауданының қай округіне, қай ауылына барсаңыз да қауын-қарбыз қабылдау бекеттерінде қайнаған жұмысты, қарбалас тірлікті көресіз. Маңдайы шып-шып терлеген диқандар ерте көктемнен бергі тынымсыз еңбегінің жемісін көріп жатыр. Солардың бірі, біз жоғарыда тіршілігін тілге тиек еткен «Рамиз» шаруа қожалығы диқандарының еңбегіне табыс тілейміз.
Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданы бойынша 60,9 мың гектар суармалы алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, 39,2 мың гектарға мақта, 502 гектарға ерте пісетін көкөніс, оның ішінде 368 гектарға қырыққабат, 36 гектарға қызанақ, 15 гектарға қияр, 33 гектарға қызылша, 49 гектарға баклажан, 26 гектарға пияз, 17,5 гектарға болгар бұрышы, 29 гектарға картоп егілді.
Жалпы, ерте пісетін көкөністен 15018 тонна өнім жиналды. Көк-өніс өсіріп, одан мол өнім алған Мақтаарал ауылдық округінің диқандары ауданда көш бастап тұр. Округ бойынша 289 гектарға көкөніс егіліп, одан 9591 тонна өнім алынды.
Өкінішке қарай, көкөніс өсіруден Иіржар, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтері өзгелермен салыстырғанда артта қалып отыр. Мұндағы диқандар дәрумені мол көкөністерді небәрі 3-4 гектарға ғана егіпті. Мәселен, қазір қырықты алып қарайық. Қырыққабат өзіміздің елден басқа Ресейде үлкен сұранысқа ие дақыл болып табылады. Айтпақшы, биыл оның сатылу бағасы да бұрынғыға қарағанда жақсы болды.
Осыны білгендей, қырыққабатты тек Мақтаарал ауылдық округі диқандары қолға алып, 250 гектардан 9250 тонна өнім жинап үлгеріпті. Ал, биыл Бірлік, Иіржар, Жаңа жол, А.Қалыбеков ауылдық округтерінің диқұандары қырыққабат егуге мүлдем құлықсыз екендіктерін көрсетті. Бұл аталған ауылдарда қырыққабат мүлдем егілген жоқ.
Мұны аз десеңіз, қызанақ пен қиярды да өсіруге қызығушылық таныта қоймаған ауылдар да бар. Жамбыл, Ж.Нұрлыбаев, Еңбекші, Достық, А.Қалыбеков ауылдық округтерінің диқандары да бұл жолы қызанақ пен қияр екпеді.
Қазіргі таңда Мақтааралда күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия елдеріне жол тартып жатыр. Биыл Мақтаарал диқандары 14607 гектар жерге бақша дақылын еккен. Оның ішінде 3332 гектар жерге пленкалы қауын, 362 гектар жерге пленкалы қарбыз, 10643 гектар жерге ашық қауын және 270 гектар жерге ашық қарбыз егілген. Қазіргі таңда бақшадан жалпы көлемі 200 мың тоннаға жуық қауын-қарбыз өнімі өндіріліп, оның 80%-ы шет мемлекеттерге экспортталды.
«Жиенбет», «Валеть» сияқты сорттары тасымалдауға ыңғайлы. Дәмі тіл үйіретін жаңа сорттардың арқасында соңғы жылдары мақтааралдық диқандар үлкен табыс тауып, Ресей мен Еуропаның нарығына еркін еніп отыр. Сондай-ақ бәсекелестік ортада жерлестеріміздің Өзбекстан мен Түркіменстан елдеріне де дес бермей келе жатқаны қуантады.
Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толып тұр. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, оларға жайлы қонақ үй, талаптарға сай тамақтанатын орын, автотұрақ пен көлік жөндейтін қосалқы бөлшектер дүкені және көкөніс сақтайтын қоймалар бәрі-бәрі қарастырылған. Барлық қызмет түрлері сапалы жүргізілуде.
Реті келгенде айта кетейік, Түркістан облысында биыл 5 айда ауыл шаруашылығы саласында 199,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,2%-ды құрады. 2021 жылдың 5 айында 170,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген болатын. Бұл ретте өңірде жаңбырлатып және тамшылатып суару, өзге де жаңа технологияларды батыл енгізудің пайдасы тиіп жатыр. Өмірзақ Естайұлы ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы өңір диқандарының тәжірибесімен бөлісті.
– Түркістан өңірінің қолайлы ауа райы ерте пісетін дақылдарды өсіруге, бір жерден жылына екі-үш өнім алуға мүмкіндік береді. Біз бұл тәжірибені халыққа түсіндіріп, семинарлар өткіздік. Насихат жұмысы жүрді. Нәтижесі жаман емес. Былтыр «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8400 гектарда 3000 жоба жүзеге асырылып, 145500 тонна көкөніс жиналды. Биыл егіс көлемі
851 000 гектарға орналастырылып, жоспар 100%-ға орындалды. Өткен жылдан 5500 гектарға ұлғайды (2021 ж. – 845,5 мың га). Қосымша 26,6 гектарға жылыжайлар салынып, алаңы 1494 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында орналасқан. Жыл аяғында бұл көрсеткіш 1590 гектарға жеткізілетін болады,– деді Өмірзақ Естайұлы.
Өңірде тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологияларына басымдық беріліп, шаруалар суды үнемдеуге көшті. Осы арқылы су үнемделіп, өнімділік еселеп артқан.