Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімі Мұрат Болатұлы аудан аумағындағы қала, кент, ауылдық округтерді аралап, халықпен кездесуін жалғастыруда.
Аудан басшысымен жүздесу жергілікті баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланған кестеге сәйкес Ынтымақ ауылдық округінде жалғасты.
Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №40 «Ынтымақ» жалпы орта мектебінің ауласында өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасарларымен қатар барлық бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары Марат Ділдәбеков пен Нурбек Бектуреев, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев пен аудандық полиция бөлімінің ЖПҚ бөлімшесінің басшысы Мейірман Халықов, жергілікті тұрғындар қатысты.
«Тұрғындардың айтқан әрбір өтінішін аяқсыз қалдырмай, олардың жүзеге асуының жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Өйткені, ел-жұрт бізге сенгендіктен өтінішпен, мәселесімен келеді. Осыны естен шығармауымыз керек. Бұған дейін айтылған және бүгін айтылатын барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, орындалуы менің жеке бақылауымда болады» деген Мұрат Болатұлы өткен тоқсанда тұрғындар тарапынан айтылған бірқатар мәселелердің орындалу барысына тоқталды.
Аудан басшысының айтуынша 2022 жылы округ тұрғындарына таза ауыз су жеткізіп беруші «Жетісай су» МКК тарапынан Өркенді елді мекеніндегі ауыз су ұңғымасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, саниьарлық талаптарға сай толықтай тазаланған.
Сонымен қатар, Талапты елді мекенінен мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы жұмыстарын жүргізуге арнайы жер телімі қарастырылып, тиісті құжаттары заңдастырылған. Бүгінгі таңда сметалық құжаттарын дайындауға қаржы қаралып, жауапты сала мамандары тарапынан жұмыстар жүргізілуде.
2022 жылы округке қарасты Көрікті ауылындағы Жаңа туған және Жезбике көшелеріне асфальт төселсе, Нұр елді мекеніндегі Ақтерек көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биылғы жылы тағы 5 көшеге ағымдағы (тас төсеу) жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Ал, Нұр елді мекенінде «Оңтүстік жарық» мекемесі арқылы 4,7 шақырымды құрайтын электр желісі мен бағаналар жаңартылса, Өркенді елді мекенінде 2,3 шақырым СИП кабель мен ескі трансформатор ауыстырылған.
Округ тұрғындары, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жетісай ауданының әкімінің қолдауымен Ынтымақ ауылдық округінің Өркенді елді мекенінде 2021 жылдың тамыз айында заманауи стадионның құрылыс жұмыстары басталған болатын.
Өткен жылы жұмысты бастаған мердігер «Kazakh The-Stroy» ЖШС 2022 жылы да жұмысты кестеге сай сапалы жүргізіп келеді. Талапқа сай салынып отырған стадионда жүгіру жолы, көрермендерге арналған 500 орындық, жаттықтырушылар мен төрешілерге, медбикелерге арналған жеке кабинеттер, командаларға арналған киім ауыстыру мен жуыну бөлмелері, тіпті, салтанатты шараларды өткізуге арналған трибуна да қарастырылған.
Сондай-ақ, аудан басшысымен өткен басқосу барысында егістік алқаптары мен тұрғын үй аумақтарында жерасты суының көтерілуін болдырмау, мол өнім алу мақсатында округ аумағында тік дренаждар салатын орындардың белгіленіп, «Қазсушар» РМК Түркістан облысының Жетісай аудандық тік дренаждарды пайдалану өндірістік бөлімшесіне тік дренаж салатын орындардың мемлекеттік актісін жасауға және құрылысын жүргізуге ұсыныс берілгендігі айтылды. Қазіргі уақытта Асықата өңірінде 210 дана тік дренажды іске қосуға «Жер-Ана» ЖШС тарапынан сметалық жобалар дайындалып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылған.
Округтің өзекті, түйіні тарқатылуы тиіс салаларын саралап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі кездесуден соң жеке мәселелерін айтамын деушілерге арнайы қабылдау өткізді. Қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына тапсырма берді.