Биыл Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толды. Осы қысқа уақыт ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, барлық салада өсім байқалады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
– 5 маусымда елімізде референдум өткізіліп, мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Түркістан облысының дауыс беруге құқылы тұрғындарының 80,6 пайызы референдумға қатысып, өңір бұл көрсеткіш бойынша бірінші орынға шықты. Референдум қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының бастамалары мен реформалары еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері 4 жыл уақыт болды. 2018 жылмен салыстырғанда осы төрт жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімі көлемі 1,6 есеге артып, 707,8 млрд. теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 есеге артып, 906,5 млрд. теңгені құрады. 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2018 жылмен салыстырғанда оның көлемі 2,1 есеге өсті. Облыс бюджетінің көлемі 1,7 есеге артып, 970,3 млрд. теңгені құрады. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биылғы 5 айда оң өсім сақталды, – деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд. теңгені құрайтын, 44 жоба іске қосылып, нәтижесінде 2368 жұмыс орны ашылған. Биыл құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу арқылы 246 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 793 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылған. Өңірде Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі қарқынды жалғасып жатыр.
– Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумақта жүзеге асырылуда. Бірінші аумақ – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орынды қонақүй, жеміс бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. Екінші аумақ – әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Халықаралық теннис орталығы салынды. «Мұз сарайының» құрылысы жүруде. Ат спорты кешені, демалыс орындары және денсаулық сақтау нысандары, инженерлік инфрақұрылымы да салынбақ. Сондай-ақ, осы аумақта жалпы 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған, – деді Ө.Шөкеев.
Үшінші аумақ – Б.Саттарханов даңғылының бойында да бірқатар жобалар жүзеге асады. Ал, төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарланған. Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ- үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынуда. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар. Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. теңгеге жеткізілмек.
Сонымен қатар, облыста құрылыс саласы едәуір дамып, нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылы 2,3 есеге артып, 322,9 млрд. теңгеге жетіп отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш
139,1 млрд. теңге болатын. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев баспасөз мәслихатында құрылыс және өңірдің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы көрсеткіштер мен жұмыстарға тоқталды.
– Жаңа облыс құрылған 4 жыл ішінде өңірде құрылыс қарқыны арта түсті. Былтыр 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, 2022 жылдың басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Биыл құрылыс жұмыстары 329,3 млрд. теңге мөлшерінде болады деп жоспарланған. Облыста тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 855 мың шаршы метр болып белгіленді, – деген Өмірзақ Шөкеев өңірді газдандыру, ауыз сумен, электрмен қамту мәселелеріне де тоқталды.
2021 жылы 8 елді мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылған. Нәтижесінде 717 (85,2%) елді мекен немесе 1 млн. 932 мың адам (94,5%) ауыз сумен қамтылған. Биыл 14 елді мекеннің су құбыры қайта жаңартылып, 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Сол арқылы 730 елді мекенді немесе 1 млн. 987 мың адамды сумен қосымша қамту көзделуде. Ал, 2025 жылға қарай 841 елді мекенді, яғни өңірді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету межеленген.
Облыста газ саласы бойынша 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-ге немесе 54,3%-ға жетті (1 млн. 374 мың адам немесе 67,2%). Биыл 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, 33 400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 шағынаудан газға қосылмақ. Осы жұмыстар нәтижесінде 472 елді мекен немесе 1 млн. 407 мың адам «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алады. 14 АГРС салынды, оның ішінде 10 нысан жұмыс істеп тұр, 3-еуі биыл қосылса, біреуі келесі жылы пайдалануға беріледі.
2021 жылы 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 39 мыңға жуық тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылады.
Реті келгенде айта кетейік, Түркістан облысында 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан мен қала тұрғындарымен кездесулерде облыс басшылығы тарапынан осы бағытта түсіндірме және насихат жұмыстары атқарылуда.
– Елдің кәсіпкерлікке деген ықыласы жақсы. Өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 млрд. теңгеге 315 жоба мақұлданды. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы 2,2 млрд. теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 47%-ға өсіп, 1,2 трлн. теңгені құрады, – деді Ө.Шөкеев.
Қазіргі таңда өңірде Түркістан облысы әкімдігінің тиісті басқармалары арқылы кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік жеңілдіктер алу жолын түсіндіру бойынша ауылдарда, қалаларда семинар-кеңестер жалғасып жатыр.
Облыста инвестиция көлемі де ұлғайған. Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2,3 есеге артып, (2018 ж. – 288,1 млрд. теңге) 660,3 млрд. теңгені құрады. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында Түркістан облысы бойынша 2020-2025 жылдары 323,3 млрд. теңгеге, 4823 жаңа жұмыс орнымен 34 инвестициялық жоба енгізілген. 2020-2021 жылдары инвестициялық құны 13,6 млрд. теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2 015 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, облыс әкімі баспасөз мәслихатында Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отырғанын айтты. . Туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.
– Түркістан облысында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылы 102 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республикада 1-ші орындамыз. Былтыр Түркістанда демалыс орындары және туристік нысандар іске қосылды. Өңіріміз тарихи және мәдени мұраға бай. Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді, – деді өңір басшысы.
Аймақта «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасының инфрақұрылымын салу жұмысы жүргізілуде. Бұл жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП-50-іне енгізілген.
Туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті күшейді. Нысандар пайдалануға беріліп, инфрақұрылымы жақсарды.
2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Түркістан қаласына бір күндік келушілер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 30 мыңдай адамға артып, 297 мың адамға жетіп отыр.
Өңірге туристерді молынан тартуда жолдың да маңызы зор. Былтыр 591 нысан немесе 1189,1 шақырым жол пайдалануға беріліп, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағатты жағдайдағы үлесі 79%-дан 87%-ға дейін артты. Биыл 1300 шақырымнан астам жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ.