Жетісай ауданының шаруалары биыл 78 мың гектар суармалы жердің 49,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17 мың гектар жерге бақша, 3,5 мың жерге дәндік жүгері, 2,3 мың га жерге көкөністер мен тағы басқа дақылдарды екті. Онда қазір бақша дақылдарының алғашқы өнімдерінің бірі саналатын қарбыз бен қауыншетелге экспорттала бастады. Осы ретте, диқандардың бірқатарымен тілдескен болатынбыз.
Айталық, дәл қазір Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті ауылында 1 гектар алқаптан 25 тонна қарбыз ішкі нарықпен қатар Ресейге экспортталуда. Бұл өнімдер тамшылатып суғару әдісімен өсірілген.«Атымтай» шаруа қожалығының төрағасы Атымтай Омаров тамшылатып суғарудың пайдасы мол екенін айтады.
— Жыл сайын 6 мың түп егетін едім, осы әдіспен биыл 8 мың түп шықты. Тамшылатып суғару әдісі мол өнім алуға мүмкіндік береді. Оның өзге әдістерден тағы бір артықшылығы – оған тыңайтқыш 5-6 есе аз кетеді. Қол күшін де көп қажет етпейді, — дейді. Атымтай Омаров.
Кейіпкеріміз қарбыздың 60-65 күнде пісетін «Долбый» атты сортын еккен екен. Қазір ол өнімін өзге облыстармен қатар Ресейге тасымалдай бастайды.
Ал, Жетісай ауданының тұрғыны Қобыланды Түймешев 30 жылға жуық уақыттан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Жаңа ауыл ауылдық округіндегі 150 гектар жеріне түрлі дақылдарды егіп, «Әділет» шаруа қожалығын ашқан. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Ол 100 гектарға қауынның «Дакар», «Аэропорт», «Бакинка», «Эфиопка» сынды сұрыптарын егіпті. Диқанның айтуынша, ақпанның соңында отырғызылған көшеттер жоспардағы 65 күнде емес, ауа-райының жауын-шашынды болуы салдарынан 90 күнде дайын болды. Енді ол сұранысқа сәйкес өнімін Мәскеу Самара қалаларына экспорттауда. Баға да жаман емес, 800 теңгеден жоғары қойылған. Бірақ, диқанның айтуынша, биыл қауын жылдағыдай кештеу пісті. Дегенмен, бұл өнімге деген сұраныс көңілге қуаныш ұялатады. Тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісейік, «Әділет» шаруа қожалығының төрағасы Қобыланды Түймешев өнімді ешқандай делдалсыз, егістік басынан көлікке тиеп, өзге облыстар мен шетелдерге жөнелтіп жатқандықтарын жеткізді.
–Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттадық, – дейді Қобыланды Түймешев.
Мақаланы жазу барысында Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Бахтияровты да әңгімеге тартқан болатынбыз. Ол 7 мың гектардан астам суармалы жері бар округте бүгінде 5 мыңнан астам гектарға мақта шиті, 45,5 гектарға көкөніс, 1163 гектарға бақша дақылдары егілгенін мәлімдеді. Оның ішінде пленка астына егілген қауынның көлемі 978 гектарды, ашық топыраққа егілген қауын 225 гектарды құраған екен. Ал, қарбыз 220 гектарға егілген.
Келестіктердің де биыл алғашқы өнімдері еліміздің ірі қалаларына саудалана бастады. Бозай ауылдық округіндегі «Әбіл» шаруа қожалығы 40 гектар аумаққа қарбыз еккен екен. Шүкір, қазір сол еңбектерінің жемісін көруде. Бүгінгі таңда шаруа Нұрлан Мұстаев 22 тонна өнімді өткізіп үлгеріпті.
– Қыстың соңына қарай үй алдындағы жылыжайға қарбыздың дәнін егіп, көшет күйіне жеткіземіз. Көктемнің жайма-шуақ күндерінде Сыр бойындағы егіндік алқабымызға егеміз. Көктемнің соңғы күндеріне, яғни 3 айда қарбыз піседі. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді «Әбіл» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Сапарқұлұлы.
Созақ ауылдық округінің шаруалары бірнеше жылдың жүзі болды, қарбызды Ресейге экспортқа жіберуде. Осы уақытқа дейін «Болыс ата», «Нұрмағанбет» шаруа қожалықтары өнімдерін шет елге кспортқа шығарған. Биыл да ауыл округтегі ең ірі «Б.Абдраманов» шаруа қожалығы осы істі қолға алды. Кеше 35 тонна, бүгін 65 тонна, жалпы 100 тонна қарбызды Новосібір облысына шығарып, сатты.
Шаруа қожалығы көктемде 15 гектар жерге бақша өнімдерін еккен болатын. Оның 4 гектарына қауын, 11 гектарына қарбызды жерсіндірген. Одан бөлек, қарбызды аудан көлемінде сатуды қолға алды. Тұтынушылар сапасы жоғары қарбыздың дәмді екенін айтады. Табиғи күтіп-бапталған бақша өніміне сұраныс жоғары. «Б.Абдраманов» шаруа қожалығының төрайымы Әбдіраманова Зүлфия:
— Бұл шет елдік сорттағы қарбыз. Дәмі керемет. Сұраныс жоғары. Алушылардың көңілінен шықты. Биыл қарбызды экспорттауды қайта қолға алдық. Бір жыл үзіліс жасаған болатынбыз, —дейді ол.
Қазір жаздың келуін күтпей-ақ жылыжайда өсірілетін бақша өнімдері мен көкөністерді жылдың төрт мезгілінде де тұтына аласыз. Мәселен, күннің қызуымен пісуі тиіс қауын-қарбызды да мезгілінен бұрын сатыпалып, дастарханыңызға қоя аласыз. Ал, көптің көкейінде өз мезгілінен бұрын піскен өнімнің адам ағзасына зияны жоқ па деген сауал сайрап тұр.
Базарларда жеміс-жидек пен бау-бақша өнімдерінің саудасы қыза бастады. Басқаларын айтпағанда, қауын-қарбызға деген жұрттың қызығушылығы жоғары. Айтпақшы, биыл қарбыз ерте пісті. Күннің қызуын ерекше қажет ететін өнімнің ерте пісуінде бір «гәп» бар секілді түйіледі. Оның құпиясы тек диқандарға ғана мәлім. Сондықтан «Тұтынушылар қауын-қарбызды сатып аларда нені ескеру керек?» деген сауалымызға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Әлібек Әбдіхалықұлы:
– Биыл облыста бақша өнімі облыс халқының қажеттілігінен 40 есе артық өндірілді. Соның нәтижесінде бақша өнімдері Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталатын мақтадан кейінгі екінші өнім болып саналды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, кешегі күнге дейін өңірімізде
1 мың тонна қарбыз, 0,3 мың тонна қауын жиналды. Қазіргі аймақтағы саудаланып жатқан қауын-қарбыздардың барлығы өзіміздікі. Оны өңірдегі кейбір ауданның диқандары ерте әрекет жасап, өсірді. Өнімдердің басым бөлігі солтүстіктегі облыстар мен көрші мемлекеттерге экспортталуда, – деп жауап берді.
Мына бір нәрсені де ескере жүрген жөн шығар. Қазіргі заманда қалай болғанда да нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де шаруалар өнімдерін өсірерде қоспаларды пайдаланатыны белгілі. «Талап бойынша нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында 90 мг/кг, қарбызда 60 мг/кг болу керек» дейді сала мамандары. Ал, артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыры ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады.
Қарбыздан уланған адамның айналдырған 1-2 сағаттың ішінде дене қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн. Жедел ішек инфекцияларының алдын алу үшін бау-бақша өнімдерінің сапасы мен оның дұрыс сақталғандығына ерекше мән беру қажет. Айта кетейік, нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбіз және көкшөптерде де кездеседі.
Қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асығудың қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға саласыз. Егер су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал.
Одан бөлек сатып аларда дақылдың сыртын мұқият тексерген дұрыс. Қазақта «ауру – астан» деген сөз бар. Яғни, деннің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондай-ақ, тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әрине мезгілінде пісіп, иісі аңқыған, дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыздың адам ағзасына пайдасы да көп. Ми белсенділігін арттырып, бүйректі шаяды. Қандағы холестеринді төмендетеді. Артық салмақтан арылтады. Бауырды тазалайтыны тағы бар.
Расында жаз келсе жан біткеннің аңсары ауатын қауын-қарбыздың дәмділігіне дау жоқ. Десе де, тұтынушы өз денсаулығына келер қауіп-қатердің алдын алып, абайлағаны абзал.