Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары859,9 мың гектарға егілді. Қазір дала жұмыстары толығымен аяқталды. Айта кетейік, егіс көлемінің өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға ұлғайғанын байқауға болады. Елімізде алғашқылардың бірі болып егін орағы басталған өңірімізде гектар түсімділігі 18,7 центнерге жетіп, 500 мың тоннаға жуық дән жинау күтіліп отыр. Бүгінгі күнге жоспарланған егіс көлемінің 200 мың гектары орылып, 346,4 мың тоннаға жуық астық қамбаға құйылған. Бұйыртса, биыл Түркістан облысы ауыл шаруашылығында 1 трлн. теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, өткен жылы ауылшаруашылығы саласында 525 жоба іске асырылған болса, оның ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант есебінен «Еңбек» бағдарламасы бойынша 162 жоба қолдау тауыпты. Ал, биыл 1224 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар, биыл облыста масақты дақыл 263,8 мың гектарға егілді. Соның 4,5 мың гектары нөлдік технологиямен жүзеге асырылған. Жалпы, астық оруға қолда бар 759 комбайн жұмылдырылды. Осы жолы 3,1 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды.
Биыл мемлекет тарапынан көктемгі дала және күзгі жиын терім жұмыстары үшін 95,9 мың тонна жанар-жағар май жеңілдетілген бағамен бөлінді. Бұл жанар-жағар майдың нарықтағы бағасынан 15-20 пайызға төмен баға. Сондай-ақ, 522 түрлі минералды тыңайтқыштар құнының 50 пайызын субсидиялауға бюджеттен 6 миллиард теңге қаралған.
Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, облыстың табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып,
3 негізгі бағытты дамытуға басымдық беріліп отыр. «Бұл шағын және орта бизнесті дамыта отырып, саладағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді», — дейді сала мамандары. Айталық, бірінші бағыт — агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу. Бұл бағытта Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында 11 мың га алқапта жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жоспарлануда.
Бүгінгі күні Кентау қаласының «Шаға» ауылдық округінде кооператив негізінде 2 мың га жерге жаңбырлату технологиясы енгізілді. Жаңбырлатып суару технологиясының тиімділігі: дақыл түріне байланысты су ресурстарын үнемдеумен қатар оның түсімділігін 2-3 есе арттырады.
Екінші бағыт – бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы. Аталған жоба өңірде 2019 жылдан бастап қолданылуда.
1 гектардан 2 — 2,5 есе артық өнім жиналады. Бұл жоба әзірге 8,4 мың га (3000 жоба) енгізілді, бірінші өнімнен 190,9 мың тн. көкөніс өнімі жиналып, 1735 жоба 7,0 мың гектарға екінші өнім алуға кірісті.
Үшінші бағыт — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану туралы тапсырмасына сәйкес, жеке қосалқы үй шаруашылықтарында су үнемдеу технологияларымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру тәжірибесін енгізу болып табылады. Аталмыш жоба аз қамтамасыз етілген отбасыларды әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда тамшылатып суару технологиясымен 10 сотық қосалқы үй шарушылықтары игеріліп, әрбір отбасы
1,0 млн. теңгеден астам қосымша табыс табуда.
2021 жылы 525 жоба іске асырылды, оның ішінде жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант есебінен «Еңбек» бағдарламасы бойынша 162 жоба қолдау тапты. Ағымдағы жылы 1224 жоба жүзеге асырылуда.