Түркістан облысы аумағында тарихи және мәдениет ескерткіштер саны 1754-ті құрайды. Оның біреуі халықаралық маңызы бар нысан болып табылады. Ол – Қ.А.Ясауи кесенесі. Сонымен қатар, өңірімізде республикалық маңызға ие 31 нысан бар. Бұдан бөлек, облыс аумағында туристерді орналастыруға арналған 214 орында, емдік-сауықтыруға арналған 68 орталықта, 100-ден астам демалыс орнында қонақтарға қызмет көрсетіледі.
2022 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша туристерді орналастыруға арналған орындарда 49 119 келушіге қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 123 пайызға артық. Яғни, өткен жылдың бұл уақытында туристерді орналастыруға арналған орындарда 39 890 адам демалған болатын.
Туристерді орналастыруға арналған орындарда келушілерге көрсетілген қызмет көлемі 2022 жылдың І тоқсанында 1 138 459,0 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың І тоқсанымен (704 928,0 мың теңге) салыстырғанда 161,5 пайызға арттық.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы облыста туристі орналастыруға арналған орын саны 204 болатын. Биылғы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша мұндай орындардың саны 10-ға артып, өңірімізде туристерді орналастыруға арналған орын саны 214-ке жетті. Соған сәйкес, мұндағы төсек орындардың саны 7433-тен 8488-ге көбейді.
ҚР Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың І тоқсанында өңірімізде туризм саласына салынған инвестициялардың көлемі 31,2 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы соммасы 86,9 млрд.тг болатын 35 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Атап айтар болсақ, Түркістан облысының аумағында жалпы сомасы
11,97 млрд.теңгені құрайтын 6 қонақ үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Салынып жатқан қонақ үйлердің құрылысы аяқталған жағдайда облыста туристерді орналастыруға арналған орындардың саны артып, ондағы төсек орындары бірнеше есеге көбейетін болады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Түркістан облысының туристік әлеуетін халықаралық деңгейге көтеру мақсатында көптеген жарнамалық жұмыстар жүргізілуде.
Әлемдегі ең ірі TripAdvisor платформасында облыстың атауын Түркістан деп өзгертуге бағытталған шаралар қолға алынуда. Бүгінге дейін аталмыш платформаға 40-тан астам туризм нысаны жүктеліп, 37 қонақ үй тіркелді. Соның нәтижесінде ғаламторда Түркістанның туристік әлеуеті туралы ақпарат 2 миллионнан астам қаралым жинады.
IZI.TRAVEL халықаралық мобильді қосымшасына облыстағы 100-ден астам туристік нысаны жайлы 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) қосымша аудио ақпараттар енгізілген. Сонымен қатар, пилоттық жоба ретінде Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығындағы 15 туристік нысанында 4 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) «Ar Turkistan» визуалды аудиогидінің мобильді қосымшасы іске қосылды. «Google street», «Wikipedia» және «Яндекс панорама» сервистерінде облыстың туристік объектілерінің ақпараты жаңартылды және оларды жоғарыда аталған платформаларға енгізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде.
Бұдан бөлек, арнайы туристік нысандарды қамтитын 5 туристік маршрут әзірленіп, олар «turkistantravel.com» туристік порталына және туроператорлар мен гид-экскурсоводтарға, сондай-ақ, туристерге қызмет көрсету орталығының «ресепшн» бөліміне қолданысқа берілді.
Реті келгенде айта кетейік, биыл Алматы қаласында өткен халықаралық KITF 2022 «Туризм және саяхат» көрмесінде Түркістан облысының әлеуеті таныстырылды. Халықаралық көрмеге әлемнің 18 елінен, 211 компания қатысты. Көрме аясында Актөбе облысының туристік ақпараттық орталығы мен Түркістан облысының «Turkistan tourism center» туристік ақпараттық орталығы арасында өзара ынтымақтастық меморандум түзілді. Сонымен қатар, Түркістан қаласына келетін туристердің санын арттыру мақсатында «Керуен сарай» туристік кешенінің субұрқағы алаңында елімізге және өңірімізге танымал әншілердің қатысуымен «Nauryz open air» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Аталған кеште Айқын Толепберген, Дастан Оразбеков, Жанболат пен Жазира, Кенжебек Жанабілов сынды белгілі әншілер мен «Rise-Abudi», «FM тобы» секілді топтар өнер көрсетті.
Түркістан облысының сыртқы және ішкі туризмін дәріптеу, өңірдің тарихи – мәдени құндылықтарын насихаттау, Түркі тілдес мемлекеттер арасындағы қарым – қатынастарды, мәдени байланыстарды нығайту мақсатында Түркістан қаласында «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық туризм додасы» атты жоба іске асырылды. Жобағы түркітілдес 5 мемлекеттің шығармашылық өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мирбек Атабеков, өзбекстандық танымал актриса, әнші әрі тележүргізуші Ситора Фармонова, атақты әншілер Амиль Мамедов (Әзірбайжан) пен Серен Узун (Түркия) және қазақтың ұлттық өнерін насихаттап жүрген азамат Алексей Лодочников өнер көрсетті. Жалпы шараға қатысушылар саны шамамен 9000 жуық адамды құрады.
Сонымен қатар, тарихи шаһарда тұңғыш рет жағажай ашылды.Түркістанның жазы өте ыстық келеді. Бұл – жағажай туризмін дамытуға мүмкіндік бермек. Бұрын қала аумағында бірнеше бассейннен басқа шомылатын жер тапшы болатын. Енді шаһар жаңа жасанды көлмен және жағажаймен толықты.
«Шаға» жағажайының ашылу салтанатында балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бірге көпшіліктің қатысуымен түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұсынылып, байқаулар өтті. Су айдынында желкенді қайықтар жүзіп, облыстың ескек есушілері өз шеберліктерін көрсетті. Танымал диджейлер мен өнерпаздар өнер көрсетсе, танымал әнші Қайрат Нұртас өз жерлестеріне әннен шашу шашты. Жағажай туризмді дамытып қана қоймай, Түркістан аумағын көгалдандыру, ауа райын жақсартуға да оң серпін бермек. Айта кетейік, жағажайдың жалпы ауданы 81 гектарды құрайды. Ал, суының сыйымдылығы2,5 млн. текше метрге жуық. Қазіргі таңда жасанды су айдынында 2 млн. текше метр су бар. Көктемгі суды қабылдайтын, су жіберетін каналдар да дайын.Жағажайда емдік қасиетке ие шағыл құм төселіп, ағаш отырғызылған. Жаңа туристік нысанға баратын жолдың сапасы да жоғары деңгейде. Онда алдағы уақытта балалар демалыс аумағы, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, аквапарк салынады деп жоспарланып отыр.