Ордабасылық Бақытжан Отанбаев бес жылдан бері лимонның «Мейера» деген сортын өсірумен айналысып келеді. Диқанның өзі «Лимонның бұл сортының сыртқы көрінісі тартымды әрі жұпар иісі аңқып тұрады. Дәмі де шырынды, ерекше болып келеді. Және оны ұзақ уақыт сақтауға болады» дейді.
Бұл өнім түрі американдық зерттеуші Францу Мейердің құрметіне «Мейера» деп аталған екен. Ол Кеңес Одағына 1935 жылы әкелініпті. Сол уақыттарда Өзбекстанның Вахш ауданында цитрусты жемістер өсіретін кеңшарлар пайда болған екен. Айтайын дегеніміз, Бақытжан Отанбаев алғаш лимон өсіруді Өзбекстанда тұрған кезінде үйреніпті. 2008 жылы елге көшіп келгеннен кейін сол өзінің үйреншікті кәсібін ары қарай жалғастырған екен. Диқан лимонның ағаштарының суыққа да ыстыққа да төзімді келетінін айтады.
— Лимон көшеттері үшжылдан кейін ғана өнімін бере бастайды. Мен елге келгеннен кейін кәсібімді ары қарай дөңгелету үшін «Оңтүстік» өңірлік инвестициялық орталығынан несие алып, 50 сотық жерге 700 лимон көшетін ектім, — дейді Бақытжан Отанбаев.
Әрине, тропикалық жемістер біздің климатқа бейімделмегендіктен, оларды өсіру оңай емес. Ол үшін шаруаға ең алдымен төзімді болу керек. Содан кейін жемісті уақтылы суарып, тыңайтқыштарды сеуіп, өндеп отыру керек. Есесіне, бұл кәсіп түрі басқалармен салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, диқанға тиімді. Одан аз шығын жұмсап, мол өнім алуға болады. Және қыс мезгілінде жылыжайды жылытуға артық қаржы да жұмсалмайды. Содан кейін ол жұмыс күшін де көп қажет етпейді.
— Қызығушылығы бар адамға лимон өсірудің түк те қиындығы жоқ. Бұл кәсіпті қалаған жан тез үйреніп кетеді. Ол қызанақ пен қияр өсіруге қарағанда әлдеқайда жеңіл, — дейді диқан.
Бақытжан Отанбаев лимоннан бөлек 1 гектар жерге 1000 түп анар, 3 гектар жерге 6000 түп алма егіпті. Бұл олардың отбасылық бизнесі болғандықтан, жеміс ағаштарын күтіп баптауды олар отбасымен бірге атқарады. Бақытжан Отанбаевтың тұңғышы Елнұр М.Әуезов атындағы ОҚУ-ді бітірген екен. Ал, одан кейінгі ұлы Айдар үшінші курста оқиды. Екеуі де агроном мамандығын таңдаған. Олар лимон ағаштарын қалай өсіру керектігін жақсы біледі. Айтпақшы, Елнұр диплом жұмысын оңтүстік өңірінде лимон өсіру тақырыбына арнапты. Ол сынақ ретінде лимонмен бірге бес-алты мандарин мен апельсин көшеттерін де отырғызғанын айтады. Бүгінде бұл тропикалық ағаштар да жерсініп, өнім бере бастапты. Енді киви өсіруді мақсат етіп отыр.
Кейіпкеріміз алғаш отырғызған көшеттерден 4 тоннаға жуық өнім алған екен. Одан кейінгі жылдары өнім көлемі 15, 20 тоннаға дейін өсіпті. Диқан биыл да мол өнімнен үмітті.
Бақытжан Отанбаев дайын өнімді базарға шығарады екен.
— Кейде делдалдар өздері келіп алып кетеді. Лимон дәрумендерге өте бай жеміс. Әсіресе, онда С, В тобындағы дәрумендер, калий, кальций, фосфор көп. Сонымен қатар, лимон қан қысымын түсіруге әсер етеді, — дейді диқан.