Облыста ауылшаруашылығы саласында атқаралып жатқан жұмыстар көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе, өңірімізде ал бауларының көлемі жыл сайын кеңейе түсуде.
Мәселен, Қазығұрт ауданыдағы «Бірлік» өндірістік кооперативінде алма бауының көлемі жыл өткен сайын ұлғаюда. Аталмыш кооперативте ауданның жүздеген тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Қарқынды бау көлемі 120 гектарды құрап, бүгінгі таңда 500 тоннадан артық алма жиналған. Сонымен қатар, аталмыш аудандағы «Agniet Agro Gardens» ЖШС-нің иелегінде 500 гектар бау бар. Оның 108 гектарына жүзім, 250 гектарына алма, 100 гектарға жуық қара өрік, 50 гектарға шабдалы, 50 гектарға тәтті шие, 1-2 гектарға бадамша егіліпті. «Agniet Agro Gardens» ЖШС-де бүгінде 50 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Серіктестік қызметкерлерінің айтуынша, жиын-терім кезінде мұнда жұмысшылардың саны 300-ге дейін жетеді екен.
Қызылқия елді мекенінде орналасқан алма бауында алма мен алмұрттың түр-түрі самсап тұр. Диқандардың айтуынша, алмұрт ағашын өсіру өте қиын. Өйткені, ол нәзік, ауруға төзімсіз келеді екен. Сондықтан, биыл 10 мың гектар алмұртты 3500 гектарға қысқартыпты. Оның бойын кеулейтін зиянкестер алма ағаштарын да зақымдауы мүмкін деседі. Аталмыш серіктестік басшысы Нұрболат Нұрдәулетұлының айтуынша, мұнда қара өрік ағаштарының отырғызылғанына 8 жыл болған екен. Одан биыл 280 тонна өнім жиналыпты. Жиналған өнімнің жартысынан көбі Ресейге экспортталған. Айта кетейік, бұл бауда тамшылатып суару әдісі қолданылады.
Мамандардың мәлімдеуінше, «карлик» алмұрт ағаштары отырғызылғаннан кейін 6-7 жылда жақсы өнім береді екен. Бір түбінің өзі бұл кезде 40-50 келіге дейін өнім береді деседі. Түркия алма өсіруден әлемде үшінші орында келе жатқан ел. Сондықтан, аталмын серіктестік еккен алмаларды күтіп-баптауға Түркиядан арнайы мамандар шақырылыпты. Жасыратыны жоқ, елімізде ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде білікті мамандар тапшы.
Дәл осындай алма бауын Төлеби ауданынан да кездестіруге болады. Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Абай ауылында Перизат Қайыпбекова басқаратын «Қазығұрт бақтары» АӨК-нің жалпы жер көлемі 138 гектарды құраса, оның 110 гектарын алма бауы алып жатыр. Ал, 28 гектары құрылыс аймағына бөлінген. Қарқынды алма бауын салуға 1 645 203 701 теңге қаржы қарастырылыпты. Оның 1 153 356 355 теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несие үлесімен қаржыландырылса, аталмыш агроқұрылым қалған қаражатты өздері құюда. «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде алманың «Гренин Смит», «Айдерет», «Голден делишес», «Гала» сорттары өсірілуде. Бүгінгі күні шаруашылықта алма жинау науқаны қызу жүргізілуде. Айта кетейік, ауданда 2022 жылдың 6 айында 16 млрд. 331 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері жиналыпты. Бұл өңірде бау-бақша алқабы көлемі жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Қазір мұнда алма пісіп, жүзім самсап тұр. Бұған қоса, ауданда тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологияларына басымдық беріліп, шаруалар суды үнемдеуге көшті. Осы арқылы әрі су үнемделіп, әрі өнімділік еселеп артуда.
Биылғы жылдың 7 айында Түркістан облысының шаруалары 338 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратовтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңірде 248 тонна дәнді дақыл, 110 мың тонна жеміс-жидек, 1 млн тонна көкөніс, 1,5 млн тонна бақша дақылдары жиналды.