Жер бетінде ағын судың көлемі жыл өткен сайын азайып келеді. Сондықтан, диқандар дақылдарды соңғы технологиялардың мүмкіндіктерін пайдала отырып суғаруды қолға алуда. Бұл әдіс суды үнемдеп қана қоймайды, дақылдардың бойына қажетті ылғалды молынан жинауына да септігін тигізеді. Сонымен қатар, егістікті әртараптандыруға жол ашады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев:
— Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен қолдануды қажет деп санаймыз. Жаңа технология қою керек. Білекті сыбанып осыған кірісу керек. Сала үш бағытта дамиды. Үлкен шаруашылық жасап, не орта шаруашылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Кейбір аудандарда бос жатқан жерлер көп. Не тал жоқ, не егіс жоқ. Жұмыс істеу керек, бос жатқан жер қалмау керек, – деген болатын. Яғни, ендігі мақсат — облысымызда дәстүрлі мақта, масақ дақылдарын азайтып, олардың орнына көкөніс, мал азығы мен майлы дақылдарды көбейту.
Осы мақсатта бүгінде Бәйдібек ауданында 4 жоба іске асырылуда. Онда ағын суды тиімді пайдалану және оны ысырап етпеу басты назарға алынған. Сала мамандарының айтуынша, 261,4 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы ендірілді. Мәселен, Көктерек ауылдық округіндегі, «Бердібай» шаруа қожалығы 94,4 гектар, Бөген ауылдық округіндегі «Молдахмет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 30 гектар, Жамбыл ауылдық округіндегі «Жүнісбеков Жандос» 130 гектар, Жамбыл ауылдық округіндегі «Ғалымнұр» шаруа қожалығы 7 гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологияларын орнатты. Жалпы құны 177,3 млн. теңгені құрайтын осы жобалардың негізінде 9 адам жұмыспен қамтылып отыр.
АҚШ-тан әкелінген бұл арнайы техника ағын су шығынын бірнеше есеге азайып, өнім түсімінің көлемін төрт есеге дейін арттырады. Түркістан қаласының маңындағы диқандар да егістікті АҚШ-тан әкелінген арнайы техника арқылы жаңбырлатып суаруда. Реті келгенде айта кетейік, 2018 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітіліп, «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» қабылданған болатын. Осы жоспарға сәйкес, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады.Кешенді жоспар аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында 11 мың га алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық берілді.
«Түркістан Агро ХХI» ЖШС бастамасымен 131 шаруа қожалық бірігіп, соның нәтижесінде «Ынтымақ – 2019» кооперативі құрылды. Осы аталған кооперативтің 733 га алқабына 18 бірлік жаңбырлатып суғару технологиясына негізделген машина орнатылды. Жобаның құны – 500,0 млн. теңге. АҚШ-тың «T-L» маркалы технологиясын елімізге Нидерландының «APH Group B.V.» компаниясы жеткізген. Сондай-ақ мұнда 600,0 млн. теңгеге «МТС құру» жобасы іске асырылды. Жобалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы мақұлданды. Бұл құрылғыларға мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, шаруаларға үлкен қолдау көрсетілді.
Айта кетейік, бүгінде Созақ ауданының шаруалары да жаңбырлатып суғару әдісінің тиімділігіне көз жеткізе бастады. «Болыс ата» шаруа қожалығының төрағасы Рысметов Шәріпжан жылда қарбыз, жоңышқа, жүгері егіп, өнімін Ресей еліне экспортқа шығарады. Ол жаңбырлатып суаруға арналған техниканы 9 млн. теңгеге салып алған екен. Жалпы Созақ ауданында мал азығы, азық-түлік белдеуін қалыптастырып, жаңбырлатып суғару әдісін ендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бойынша тиісті сала мамандарымен және диқандармен кездесулер, семинар-тренингтер өткізді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, бүгінде аудан шаруалары қызығушылық танытып, жаңа технологияны меңгеруде.Шолаққорған, Құмкент елді мекендерінің бірнеше шаруа қожалықтары өнімдерін осы технология бойынша суғаруда.
Өңірде 2-3 га алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы жақсы нәтиже көрсетуде. Бұл жоба 1 га жерден жылына 6-7 млн теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын енгізу арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіруге ықпал етеді. Бұл тәсіл әлемде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден, экспорттаудан үздік елдердің бірі – Израиль мемлекетінде кеңінен қолданылады.