Биыл облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілді. 27,3 центнер гектардан 345 мың тонна шитті мақта жиналатын болған. Өткен жылы 2021 жылы 26,4 центнер гектардан 290,4 мың тонна шитті мақта жиналған болатын. Мақта бағасы бойынша бүгінгі күнге Ливерпуль биржасында индекс бағамы 134,9 құрады. Яғни шитті мақтаның бір келісі 416 теңге көлемінде.
Биылғы жылы бір келі шитті мақтаның орташа бағасы 400 теңгені құрауда. Өткен жылы бір келі шитті мақтаның орташа бағасы 320 — 380 теңгенің аралығында болды. Дегенмен, алдағы уақытта мақта өнімдерінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Себебі әлемдік нарыққа қажетті мақтаның тең жартысын жеткізіп отырған Америка мен Бразилияда қуаңшылық болып, биыл мақта өнімі айтарлықтай кеміген. Осы тапшылыққа байланысты әлемде ақ ұлпа бірден 30 пайызға қымбаттады.
Нақты айтар болсақ, әлемде нарыққа қажетті мақтаның 33 пайызын өсіретін Америкада биыл қуаншылыққа байланысты өнім көлемі әжептеуір азайып отыр. «Wall Street Journal»-дың ақпаратына сүйенсек, АҚШ тағы мақта дәні себілген алқаптың 40 пайызында мүлдем өнім жоқ. Соның салдарынан жиын терім жылдағыдан 28 пайызға аз болуда. Сарапшылардың сөзіне сенсек, мұндай жағдай осыдан 150 жыл бұрын болған екен.
Мақта өсіруден екінші орында тұратын Бразилияда да бүгінде жағдай мәз емес. Қуаңшылық пен аптап ыстықтың салдарынан мұнда да өнім жылдағыдан 30 пайызға кем жиналған. Сарапшылар осының салдарынан биыл киім-кешек оның ішінде сәбилерге арналған заттар мен киімдер, картонның құны шарықтайтынын айтады.
Ресейлік кәсіпкерлер қазіргі таңда мақта өнімдерін Түркия және Өзбекстан республикаларынан алуда. Сондықтан, олар мұндай қымбатшылықтың болатынына күмәнмен қарауда. Әрине, мақта біздің елімізде де өсіріледі. Дегенмен, республикамызда мақтаны толықтай өңдейтін зауыт жоқ.
Түркістан облысының шаруалары биыл 126 мың гектар жерге тұқым сепкен. Одан 345 мың тонна өнім аламыз деп отыр. Яғни гектарына 25 центнерден өнім жинау көзделген. Дегенмен, бізде ішкі нарықта мақтаға деген сұраныс аз. Мұның себебі, өңірімізде оны толық өңдейтін зауыт жоқтың қасы. Қазіргі таңда 17 кәсіпорын осы салада жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаты 790 мың тоннаны өңдеуге жетеді. Алайда, көбінің техникаларының тозығы жеткен. Олардың көп ретте ескі технологияларды қолданатыны содан. Тіпті, тиімсіз болған соң жұмысын тоқтатып жатқандар да бар.
Нақты айтар болсақ, елімізде соңғы 4-5 жылда 5-6 зауыт өз жұмысын тоқтатыпты. Сондықтан, мақта өсіретін диқандар өнімдерін шикізат күйінде экспорттауды дұрыс көреді. Бізде жалпы мақта өнімінің 70-80 пайызы шетелге жөнелтіледі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Аслан Ибадуллаевтың айтуынша, алдыңғы жылдары, яғни пандемия кезінде мақта өсіретін шаруаларға қиындау болды. әрі ол уақытта мақтаның да бағасы төмен еді. Шамамен, бір келісімі 130-160 теңгенің аралығында еді. Ал, биыл 400 теңге болуда. Мақта өнімдері Еуропа, Ресей және Бангладеш, Қытай елдеріне жөнелтіледі.