Ағымдағы жылдың алты айындағы мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда Түркістан облысында 155 073 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер жұмыс істеуде. Жалпы шағын және орта кәсіпкерліктің ел экономикасының дамуына тигізер пайдасы орасан зор. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткішке сүйенер болсақ, бұл саладағы үлес 18 пайызды құрады. Бұл 118,5 млрд. теңге көлемінде тауар шығарылды немесе қызмет көрсетілді дегенді білдіреді.
Осы орайда кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қандай қолдау көріп жатқанына кеңірек тоқтала кетейік. 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыссыз азаматтарға кәсіп ашу мақсатында 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар, жаңа бизнес идеяларды қолдау мақсатында 5 млн. теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар және кәсіп ашу немесе бар кәсібін дамыту мақсатында жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің агронесиелік корпорациядан, «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан пайызы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар. Оларға краудфандинг алаңын қолдана отырып инвестиция тартуға да болады.
Айта кетейік, Түркістанда инвесторлардың көмегімен микробизнесті, стартаперлерді, «Бастау Бизнес» түлектерін қолдау мақсатында алғаш рет «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы ұйымдастырылды. Бұл алаңда мол табыс табудың қыр-сырын үйретіп, кәсіптің өркендеуіне үлес қосуға өңір кәсіпкерлері қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда аталған жобаның үшінші маусымы өтті. Жалпы соммасы 88,3 млн. теңгені құрайтын 23 жоба іске асырылды.
Кәсіпкерлерді несиелеу мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға келер болсақ. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында екінші деңгейлі банктерден 6 пайызға дейін несие алу мүмкіндігі бар. Дегенмен, банктер жекеменшік болғандықтан, олардың да өздерінің шарттары болады. Сондықтан, несие беру үшін банктер жылжымайтын мүлікті кепілге қоюды талап етеді. Кәсіпкерлердің соңғы жылдардағы табысын есептейді. Олардың несие тарихына ерекше мән береді.
Жоба аясында «Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» бағыты бойынша инвестициялық мақсаттарға 20 миллион теңгеден аспайтын, айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеден аспайтын несие рәсімдеуге болады (ломбардтардың, микроқаржы, факторингтік ұйымдардың және лизингтік компаниялар, сауда саласын қоспағанда (тамақ өнімдерін сатуға жол беріледі) салалық шектеусіз жүзеге асырылады). Кепілге қойылатын мүлік құны жетпеген жағдайда, Даму қорынан 50-85 пайызға дейін кепілдік ала алады.
Мысалы, үйіңізді 20 млн. теңгеге есептесе, үйдің материалдарына, ахуалына қарай банк есептелген мүлік құнының 50-70 пайызын несие ретінде береді. Ұсынып отырған несие сомасы 10 млн. теңгені құрайды, ал сізге 20 млн. теңге қажет делік. Ондай жағдайда кәсіпкер даму қорынан қажетті 10 млн. теңгенің кепілдігін ала алады.
Сонымен қатар, жоба аясында индустрия-инновациялық қызмет субъектілерін қолдау бағыты бойынша ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 360 млн. теңгеге дейін, бұрыннан бизнесі бар кәсіпкерлерге 1 млрд. теңгеге дейін мөлшерде несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Аталған несиелерді РБК Банк, Форте банк, Еуразиялық банк, Жусан банк, Халық банктерінен алуға болады. Айта кетейік, биыл жыл басынан бері 385 жобаға 12,7 млрд. теңге несие берілген. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 218 кепілдендіру келісім-шартқа (сомасы 1,6 млрд. теңге) қол қойылды. Дамудың ашық деректеріне сәйкес, кепілдендіруге 2,3 млрд. теңге қаражат, ал несие пайызын субсидиялауға 252,6 млн. теңге қаражат бар.