Осы жылдың алты айдағы қорытындысы бойынша облыста ірі қара мал басы 1 314,5 мың басты (100 %), ұсақ мал 5 967,0 мың басты (102 %), жылқы 431,9 мың басты (101%), түйе 40,4 мың басты (101,5%), құс 1 797,4 мың басты ( 84,2 %) құрады. Ет өндірісі 1,1 пайызға артты.
Елімізден шетелдерге экспортқа шығарылатын Ірі қара мал етінің
75 пайызы, қой етінің 40 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Ағымдағы жылдың 6 айында 6 635 тонна ірі қара мал еті, 2 480 тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.
Агроөнеркәсіп кешені саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың нәтижесінде жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін жалпы өнім көлемі 1,0 трлн. теңгеге жеткізілетін болады.
Жалпы облыс көлемінде ірі қара мал басы 1314,5 мың бас болса, оның ішінде ірі қара мал басы Сайрамда 20 пайызды (265,3 мың бас), Сауранда 9 пайызды (106,6 мың бас), Қазығұртта 8 пайызды (100,0 мың бас) құрап отыр.
Ал, облыстағы ет өндірісіне келетін болсақ ағымдағы жылдың 6 айының көрсеткіші бойынша Сайрам ауданы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет өндірісін 7,1 пайызға (17,4 мың тонна), Қазығұрт ауданы 6,9 пайызға, Арыс қаласы 8,2 пайызға артығымен орындап отыр. Нәтижесінде облыста өндірілген ет көлемі 101,1 пайызды құрап отыр.
Реті келгенде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған аудандарда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсек. Мәселен, 2022 жылдың 6 айындағы көрсеткішке сүйенсек, Арыс қаласында ірі қара мал саны 54 296 басқа жетті. Сонымен қатар, мұнда 22 377 бас жылқы, 566 561 бас қой, 18 838 бас ешкі, 3271 бас түйе, 71608 бас құс бар. Аталған уақыт аралығында ауданда өндірілген ет көлемі 4010,1 тоннаны құрады. Өндірілген сүт көлемі — 9883,1 тонна,
Өндірілген жұмыртқа көлемі — 3994,1 мың дана болды. Айта кету керек, Арыс қаласынан әзірге экспортқа ет өнімі шығарылған жоқ.
Өңірімізде ет өнімін экспортқа Сайрам ауданы шығаруда. Ауданда мал бордақылайтын орындар жетерлік. Солардың бірі мал бордақылайтын және ет өндіріп, экспортқа, ішкі нарыққа қой мен ірі қара мал етін шығаратын «Қайып ата» ЖШС-і жайлы кеңірек әңгіме қозғасақ. Мұнда 18 мыңнан астам ірі қара мал бордақылауда. Серіктестік тарапынан жобалық қуаты жылына 7200 тонна болатын ірі қара мал еті дайындалуда. Сала мамандарының айтуынша, өндірілген ет өнімі Ресей, Иран, Өзбекстанға экспорттауда. Сонымен қатар,
Қытай еліне экспорттауға да қадамдар жасалған. «Аптасына 40 тонна ірі қара мал етін Өзбекстанға экспорттауда», — дейді мамандар.
Серіктестік «Тенгиз шеврон» Атырау мұнай өңдейтін зауытымен келісім шарт түзген болатын. Соған сәйкес, мұздатылған сүйексіз, бөлшектелген таза қой етін ваккумдап Атырау мұнай өндеу зауытына жіберуде.
Жалпы бүгінде Сайрам ауданында 265 310 бас ірі қара мал, оның ішінде 60 346 басы аналық, 83 399 бас жылқы, 168 585 бас қой-ешкі, 158 163 құс бар. «Мал басының өсімі тұрақты сақталуда. 2022 жылдың 6 айында 17 370 тонна мал еті, 79 308 тонна қара мал сүті, 9 343 млн дана жұмыртқа өндірілді», — дейді сала мамандары.
Қазір ауданда шағын жеке қосалқы шаруашылықтан бастап, ірі мал бордақылау алаңдарын қосқанда 1015 аса бордақылау орындары бар. Осы бордақылау алаңдарында бір мезгілде 43 мыңнан аса бұқашықтар мен жылқылар бордақылануда.
Етті мал шаруашылығы бағытындағы жаңа технологияларды қолдана отырып, ауданның ірі кәсіпорны Манкент ауыл округінде орналасқан «Нұрым Групп» ЖШС-де Түрік әдістемесімен 15 мыңға жуық бұқашықтар бордақылануда. Айта кетейік, бұл әдістің ерекшілігі — онда автоматтандырылған су жүйесі қолданылады. Сонымен қатар, мал қалдықтары жинайтын арнайы техника бар. Малға жем беру құрылғысы да орнатылған. Бұл жаңа технологиялар адам еңбегін аз пайдаланып, көп өнім алуды көздейді.
Бүгінгі таңда ауданда 50 бастан жоғары тауарлы сүт фермалардың саны 18-ді құрайды. Ал, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтердің саны – 10. Ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен фермерлік қожалықтарда 7554 аналық мал басы тіркеліп, ағымдағы жылдың 6 айында 10221 тонна сүт өндірілген. Манкент ауыл округінде орналасқан «Шерзад-1» шаруа қожалығында соңғы үлгідегі заманауи сүт сауу технологиясы қолданылып жатыр.
2022 жылдың 6 айында 2 964 тонна қой еті, 8 040 тонна мал еті Өзбекстан, Кувейт елдеріне экспортқа шығарылды. Экспорттаушылар: СПК «Сардор КЗ», ИП «Бегметов», СПК «Юг Агро 2021», СПК «Агро Қазақстан 2050», СПК «Туран Агро Ет-Сүт», ТОО «Он Экспорт», ШҚ «Қанатбек», ТОО «ИРС-Экспорт».
Ал, Қазығұрт ауданындағы Сырлысай ауылында орналасқан ет өңдеу цехында тәулігіне 5 тонна ет өнімдерін өндіреді. Германиялық құрылғымен жабдықталған цехта ірі қара малды бордақылау алаңы 1200 бас малға есептелген екен. Мұнда қазір шұжықтың 12 түрі шығарылуда.
Соңғы уақытта Ордабасы ауданы да ет өндірісі бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бұйыртса, алдағы уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Бадам–Шұбар автожолының қиылысатын тұсындағы 400 гектар аумаққа автотұрақ, әкімшілік кеңсе, асхана, мұздатқыш қойма, құрама жем өндіру цехы, мал азығын сақтау орны, мал базары және 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары болмақ. «Халықаралық автожол арқылы дайын өнімді 30 шақырым қашықтықтағы үшінші мегаполиске 20-25 минутта жеткізуге болады. Сондай-ақ, тоңазытылған ет өнімдерін көршілес облыстар мен шетелдерге (Өзбекстан, Ресей) экспорттауда қолайлы теміржол желісі де аудан іргесінде тұр», — дейді сала мамандары.
Бордақылау алаңдарындағы ірі қара малдар арнайы ветеринариялық лабораториядан тексеруден өткізіліп, арнайы бекетінде сойылып, бастапқы өңдеуден өткізіліп, республика аумағымен шет мемлекеттерге экспортталатын болады. Ол үшін, әрине, 40 мың мал бордақылау алаңдарына шамамен 1 айналымда 36 мың тонна шөп, 48 мың тонна жем қажет болады. Бұл қажеттілікті ауданның егістік, шабындық алқаптарынан алынатын жем-шөп қоры қамтамасыз етпек.