Ағымдағы жылы ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты 1,5 жылдық мал азықтық қорды қамтамасыз етуге мүмкіндіктер бар. Бүгінгі күнге мал басына қажетті азық 100 пайыз жиналды. Оның ішінде 289,9 мың тонна сабан, 109,8 мың тонна пішендеме (сенаж), 1,8 млн. тонна табиғи шөп, 1,8 млн. тонна жоңышқа, 6,5 мың тонна сүрлем жиналды. Сонымен қатар, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, аудан, қала әкімдіктеріне 1,0 млн. тонна азықтық қорды қалыптастыру жоспары ұсынылып отыр. Жалпы қысқа 5,1 млн. тонна мал азығы жиналатын болады деп күтілуде. Оның ішінде 3-4 орымнан 715,0 мың тонна жоңышқа, 350,0 мың тонна шөп жинау көзделген.
Мал азықтық шөптер биылғы жылы шаруаларға қол жетімді тиімді бағада сатылуда. Егістік алқап басынан табиғи шөптің прессі 350-400 теңге, жоңышқа 600-700 теңгеден сатылуда. Өткен жылы олардың бағасы 1200 және 1500 теңге болатын.
Сонымен қатар, қазір облыстағы мал басына қажетті азықтық жем көлемі 784,9 мың тоннаны құрайды. Оның 82 пайызы, яғни 644,8 мың тоннасы өндірілген дақылдар есебінен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде: жүгері – 287,1 мың тонна, шитті мақта — 106,8 мың тонна, мақсары күнжарасы — 41,8 мың тонна, арпа мен бидай — 29,3 мың. Тоннаны құрайтын болады.
Бұдан бөлек, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-ы арқылы (8 айға бойы) облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен сатылуда. Айта кетер болсақ, бір келісі 65 теңгеден беріледі. Бүгінгі күнге 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылды. 2 бірлік ТСФ мал азығын сатып алу шығындарын өтеу үшін 196,0 млн. теңге қаржы қарастырылды.
Жалпы ағымдағы жылы мемлекет тарапынан күзгі жиын – терім жұмыстарына 48,0 мың тонна жанар-жағар май бөлінген болатын. Агроқұрылымдарға олардың бір литрі 200 — 202 теңгеден босатылуда. Бұл нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен көрсеткіш. 522 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50 пайызын субсидиялауға бюджеттен 6,0 млрд.тг бөлінді.
Сонымен қатар, 653 түрлі өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 521,4 млн.теңге қаржы қаралса, агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға 600,0 млн. теңге қаржы бөлінгенін де айта кетейік.
Бүгінгі күні өңірімізде астықты ору науқаны толығымен аяқталды. Гектар түсімділігі 19 центнерді құрап, өткен жылдан салыстырғанға 8,7 центнерге артық болып отыр. Өткен жылы гектар түсімділігі 10,3 центнерді құраған болатын.