Шағын және орта бизнес – көптеген дамыған және алдыңғы қатарлы дамушы елдердің экономикасындағы жетекші сала. Экономикалық сарапшылардың түсіндіруі бойынша, бұл саланың өзгелерден 2 түрлі артықшылығы бар. Біріншіден, шағын кәсіп ашу үшін анау айтқандай ірі көлемде бастапқы капитал керек емес. Яғни, азын-аулақ инвестициямен немесе несие алу арқылы да бизнес бастауға болады. Демек, бизнес-идеяның іске асуы-аспай қалуына байланысты тәуекел салыстырмалы түрде аздау. Яғни, аса ауқатты емес адамдар да өз бизнесін бастап, соның арқасында елде төлем қабілеті жақсы орта тап қалыптасады. Бұл жағдай жалпы ел халқының әл-ауқатының артуына себеп болады.
Екіншіден, шағын және орта бизнес секторы аз айналыммен-ақ өте көп адамды жұмыспен қамтитындығымен ерекшеленеді. Технологиялар дамып, өндірістің барлығы автоматты жүйелерге ауысып, қол еңбегіне сұраныс жылдан-жылға азайып бара жатқан тұста бұл өте маңызды параметр. Сауда, қызмет көрсету мен шағын өндіріс нысандары арқылы халықты жаппай жұмыспен қамту мүмкіндігі бар.
Осы жәйттерді ескерген көптеген елдер шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекеттің бар мүмкіндіктерін жұмылдырып келеді. Мәселен, Еуропа Одағы елдерінің арасындағы ең қуатты ұлттық экономикасы бар германияның жалпыұлттық ішкі өнімінің 50 пайыздан астамы ірі автокөлік концерндерінде емес, тап осы шағын және орта кәсіпкерлік секторында өндіріледі екен.
Қазақстанда да мемлекет соңғы жылдары шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп, қолайлы бизнес-климат қалыптастыруға ұмтылып келеді. Бизнес жүргізуге брократиялық кедергілер азайтылып, орынсыз тексерулер қысқартылды. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың аясында бизнеске жеңілдетілген несиелер көптеп берілуде. Соның арқасында бүгінде Қазақстанда да жалпыұлттық ішкі өнімнің 25 пайыздан астамы осы шағын және орта бизнес секторынан құралады. Үкімет «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының аясында бизнеске мемлекеттік қолдауды одан әрі арттырып отыр.
Түркістан облысы – кәсіпкерліктің саны бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының мәліметі бойынша, шағын және орта бизнес қарқынды дамып, олардың саны 147 мыңнан асқан. Пандемияға қарамастан былтыр жалпы кәсіпкерліктің саны 6,8 мыңға артқан. Өндірілген өнім көлемі 47 пайызға ұлғайып, 1 триллион 200 миллиард теңгеге жетіп отыр.
Ресми деректерге жүгінер болсақ, өткен 2021 жылдың қорытындысымен Түркістан облысында шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 26 пайызды құрап, алдағы төрт жылдық көрсеткіш асыра орындалған.
«Қарапайым заттар экономикасы» арқылы бүгінгі күнге 42,9 млрд. теңгеге 315 жоба қаржыландырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Түркістан облысы алдыңғы қатарда. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы да белсенді орындалуда. Бағдарлама бюджеті биыл 43 пайызға артып, 11,6 млрд. теңгеге жетіп отыр. Қазіргі таңда несиелеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Түркістан облысында 2022 жылға бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде несиелерді субсидиялау арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген 6 пайызбен 40 млрд. теңге шамасында несие беру мүмкіндігі бар. Жеңілдетілген несиелерді кәсіпкерлерге барынша бағыттау үшін аудан және қала әкімдіктерімен жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен жергілікті деңгейде бірқатар жобалар іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Ірі кәсіпкерлердің көмегімен микробизнесті, стартаптарды қолдау мақсатында өңірде «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бастау алған. Ал, «Бастау Бизнес» түлектерін қаржыландыру мақсатында «Атамекен – Түркістан» микроқаржы ұйымы құрылған болатын.
«Бастау Бизнес» демекші осы аптада, яғни, 2022 жылдың 8 тамызынан бастап Түркістан облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты жұмыспен қамту орталықтары 400 айлық есептік көрсеткіш (1 225 200 теңге) көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім қабылдауды бастайды. Биыл Түркістан облысында 2 765 азаматқа грант беріледі.
Түркістан облыстықжұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваваның айтуынша, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында берілетін бұл гранттарға үміткер атанғысы келетін азамат төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы тиіс. Олар: еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар,қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар,өңіраралық қоныс аударушылар,атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақыны алушылар,мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар,асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар және жастар. Егер осы әлеуметтік санаттардың біріне жататын және ресми тіркелген жұмысыңыз болмаса, онда жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз (www.enbek.kz порталы арқылы) керек. Сондай-ақ, бұл грантқа жұмыссыздармен қатар өз бизнесін жаңадан бастаған (3 жыл толмаған) кәсіпкерлер де үміткер бола алады.
–Қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім беру үшін қолыңызда «Бастау Бизнес» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, меңгергеніңіз жөніндегі сертификат болуы тиіс. Оны алуыңыз үшін қысқа мерзімді оқу курсынан өтуіңіз керек. Биылғы жылдың шілде айының 25-нен бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта қолжетімді болды. Өз ісін бастауды жоспарлап отырған азаматтар Skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды ала алады. Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталда тіркелу, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформаға өтіп, оқуға кірісе алады, – дейді Әсия Құралқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, онлайн курсқа жұмыссыздар, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, зейнетке шықпай тұрып жұмысынан қысқарып кеткен азаматтар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей өз бетінше жұмыс істеп жүргендер мен отбасылық кәсіпкерлікте ақы алмай еңбек етіп жүрген адамдар тіркеліп қатыса алады екен. Сондай-ақ, жалданып жұмыс істегенімен, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз азаматтар да бұл курстарға қатыса алады.
Онлайн курсқа тіркелген адам 12 модульден өтуі керек. Әр модуль бірнеше сабақтан тұрады. Әрбір модуль аяқталған соң аралық тест тапсыру керек. Келесі модульге өту үшін сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап беруіңіз шарт. Бір жақсысы, қажетті балды жинай алмасаңыз сабақты қалағаныңызша қайтып ашып оқып алып, тестті қайта тапсыра беруіңізге болады. Аралық тест кезінде тест тапсыру саны шектелмейді.
Курсты оқу мерзімі 14 күннен аспауы тиіс. Яғни, екі аптаның ішінде 12 модульді тәмамдап, қорытынды тест тапсырасыз. Бұл жерде де берілген сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап беруіңіз керек. Егер ұмытқан тұстарыңыз болса, сабақты қайта оқып келіп, 2 рет қайта тест тапсыруыңызға болады.
Бір айта кетерлік жәйт, «Бастау Бизнес» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып алған сертификатыңыз 3 жылға жарамды. Егер 2020-2021 жылдары курстан өткен болсаңыз, сол сертификатпен биыл да мемлекеттік гранттың конкурсына қатысуыңызға болады.
–Бұл қайтарымсыз грант болғанымен, ол ақшаны алып несиені жауып жіберуге, ескі көлік сатып алуға, құдалық немесе той өткізуге болмайды. Себебі, мемлекет бұл қаржыны жұмыссыз адамдар өз кәсібін ашып, азда болсын тұрақты табысқа ие болсын, өзімен қоса 1-2 адамды жұмыспен қамтысын, сөйтіп, мемлекетке қолын жайып отырмай, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартсын деп беріп отыр. Демек, бұл қаржыны тек өз кәсібін бастауға қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды сатып алуға болады. Сондай-ақ,бұл қаржыдан мал, жануарлар, үй құстарын, көшеттерді, бұталарды немесе тұқым сатып алуға жұмсай аласыз. Мұнан бөлек бизнес бастайтын орын-жайды жалға алсаңыз, аренданың ақысын төлеуге де рұқсат етілген, – дейді Ә.Темірбаева.
Иә, гранттағайындау үшін өтінімдер www.business.enbek.kzпорталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Осы шараға қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Грантты әр қатысушы тек бір рет ала алады.
–Өтінім беру үшін порталда тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту қажет. Одан кейін бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу керек болады. Соңында өтініш нысанын толтыру және электронды-цифрлы қолтаңба кілтімен қол қоюыңыз шарт. Содан кейін арнайы құрылған комиссия ұсынылған барлық бизнес жобаларды қарап шығып, ең ұтымды деген 2 765 азаматтың жобасын таңдап алып, соларға қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындайды. Бұл комиссияның құрамына жұмыспен қамту басқармасының да, өзге мемлекеттік органдардың да өкілдері қосылмайды. Тәуелсіз комиссия толығымен белсенді азаматтардан, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұрады, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, өтінім берушіде интернет немесе компьютер болмаса, халықты жұмыспен қамту орталықтарының біріне келіп, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім бере алады.
–Өткен жылы қайтарымсыз негізде берілетін граттың мөлшері 200 айлық есептік көрсеткіш (583 мың 400 теңге, 1 АЕК – 2 917 теңге) көлемінде болатын. Сол грант Түркістан облысында 3100 азаматқа, оның ішінде 1553 жас тұрғынға берілген еді. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гранттың мөлшері 2 есе артып, 400 АЕК-ке жетті. Биыл Түркістан облысында бөлінген. Гранттарға өтінім қабылдау осы аптадан, яғни, 8 маусымнан басталды, – дейді Әсия Құралқызы.
Иә, биыл «Бастау Бизнес» жобасының іске асырыла бастағанына, міне, 5 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында қаншама жерлестеріміз осы жобаның арқасында өз ісін бастағандардың бірі – Түркістан облысы Созақ ауданының тұрғыны Қанат Өтепбергенов.
Ол бала кезінен қолөнермен айналысуға құмар болған. Ауылды жерде жұмыс табу қиын болғаннан кейін қолындағы өнерін дамытып, тұрақты кәсіпке айналдыруды көздеген. «Еңбек» бағдарламасы «Бастау Бизнес» жобасының аясында қысқа мерзімді курсты оқып, кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп шыққан. Сөйтіп, мемлекет берген қайтарымсыз гранттың қаржысына үйіндегі гражын шағын цехқа айналдырып, пластикалық терезелер жасаумен айналысып келеді. Өзінің айтуынша, сапалы терезелерге сұраныс өте көп. Бір өзі үлгермеген соң қасына көмекекшілер алып, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Осы кәсібін бастағалы отбасының ырыс-несібесі артып, әлеуметтік жағдайы да жақсарған. Міне, бұл шағын және орта юизнеске мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі деуге болады.