Осыдан шамамен 4 жылдан астам уақыт бұрын, яғни, 2018 жылғы 5 маусым күніҚазақстан Республикасының Президентінің арнайы Жарлығымен Келес Сарыағаштан еншісін алып, өз алдына дербес аудан болып қайта құрылды. Бүгінде аудандағы 83 елді мекенде 150 мыңға жуық халық өмір сүріп жатыр. Сол себепті Келес ауданының экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру – Түркістан облысы басшылығының алдында тұрған маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.
Осы орайда, Келес ауданында индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі кәсіпкерлікті қолдау картасына енген 3 жоба жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, жалпы құны 998,4 миллион теңгені құрайтын 2 жоба 2020 жылы іске қосылған болса, 1 жоба 2021 жылы жұмыс істей бастаған.Атап айтсақ, оның алғашқысы Келес ауданы Біртілек ауылдық округі аумағынан құрылатын ЖК «Қашқынбаев Б.Ж.» – жалпы құны 227,4 млн.теңгені құрайтын темір бетон бұйымдарын өндіретін зауыты. Ал, екіншісі Келес ауданы Біртілек ауылдық округі аумағында іске қосылатын «AIBI-I (АИБИ-АИ)» ЖШС – жалпы құны 251 млн.теңгені құрайтын күйген қыш шығаратын зауыт.
Жалпы, аудандағы өнеркәсіп өнімінің 1 миллиард 875 миллион теңге болса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бағытындағы өнім көлемі 1 миллиард 300 миллион теңге болып отыр.
Әрине, аудан экономикасын дамыту үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Келес ауданына барлығы 12,6 млрд. теңге инвестиция тартылған: Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 53,4 пайызға өскен. Оның ішінде беспубликалық бюджет есебінен 3,7 млрд. теңге, жергілікті бюджет есебінен 2,6 млрд. теңге, меншік қаражат есебінен 6,1 млрд. теңге тартылған.
Келес ауданында өнеркәсіп саласы осылайша орнықты дамып келе жатқанына қарамастан, аудан экономикасының негізгі бағыты – аграрлық сала.Ауданның аумағындағы барлық жер көлемі – 345129 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы – 229437 гектар, оның ішінде егістік жерлер – 22119 гектар, оның ішінде суармалы егістік – 19634 гектар, көпжылдық екпе ағаштары – 374 гектар, тыңайған жер – 2882 гектар, шабындық жерлер жоқ. Ал, жайылымдық жердің аумағы – 203674 гектар екен.
Осынау 20 мың гектарға жуық егістік алқап жалпыұзындығы 1200 шақырымды құрайтын каналдар мен қашыртқылар арқылы ағын сумен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек Келес өзенінің бойында орналасқан Оймауыт, Бесабдал және Ошақты атты бөгеттер арқылы да ауданның егіс алқаптарына ағын су шығарылады.
Жалпы, Келес ауданының экономикасын дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті арттыруға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, аудан әкімдігі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы бір алқаптан жылына екі-үш рет өнім алу әдісін жолға қойған. Зерттеушілермен бірге ашылған тәжірбиелік шаруа қожалығында бұл әдіс диқандарға іс жүзінде көрсетіліп, семинарлар өткізіліп тұрады. Соның нәтижесінде бұл жұмыс тек Келес ауданы ғана емес, бүкіл Түркістан облысында өз нәтижесін бере бастады.
Ғылыми негізделе отырып атқарылған осынау жұмыстың нәтижесі де көңіл қуантарлық. Мәселен өткен жылы Келес ауданында ауылшаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 62,2 млрд теңгені құраған еді. Ал, биылғы жылдың 6 айында 34,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Келес ауданы бойынша ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына биылғы жылдың алғашқы жартысында 334 млн. теңге инвестиция тартылған. Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1 млрд. 165 млн. теңгеге жеткізу көзделуде. Жалпы,ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі бойынша Келес ауданының Түркістан облысындағы үлесі 6,8 пайызды құрайды.
Биылдың өзінде Келес ауданында егіншілікті дамыту мақсатында 2 266 гектарға жуық бақша дақылы егілген. Яғни, бақша дақылдары егілген жердің көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 300 гектарға артып отыр. Оның ішінде қарбыз 1144, қауын 504 гектарды құрайды. Ал,ерте егілетін қырыққабат өте көп егіліп, ауданның диқандары 120 мың тонна қырыққабат өнімін жиып алып, оны республикамыздың өзге өңірлері мен шет елдерге экспорттады. Енді келестік диқандар өнімі жинап алынған алқаптарға күз айларында пісетін қырыққабатты қайта егіп тастаған. Міне, бұл ең негізгі экономикалық көрсеткіш болып саналатын – өнімділіктің артып келе жатқанының айғағы.
Сонымен қатар Келес ауданында өбіне көкөніс, дәндік жүгері мен мал азығы егілді. Нақты атап өтсек, бидай – 1784 гектарға, дәндік жүгері – 3750 гектарға, бұршақты астық – 439 гектар, көкөніс – 10254 гектар, көкөніс – 10254 гектар, техникалық дақыл – 243 гектар, бақша – 2266 гектар, картоп – 2102 гектар, мал азығы – 3662 гектарға аумаққа егілген.
Оған қоса ауданның орталығы Абай елді мекенінде ауданда дайындалған ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау, сақтау өткізу, соның ішінде республиканың өзге өңірлеріне жөнелту мен шет мемлекеттерге экспорттау мақсатында заманауи қоймалары бар сауда-логистика орталығын ашу қолға алынған. Жобаның құрылысы 2023 жылы аяқталып, диқандарға қызмет көрсете бастайды деп жоспарланған.
Сонымен қатар Келес ауданында мал шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Ауданда мал басының жылдан жылға көбейіп келе жатқаны сөзіміздіңі айғағы. Бүгінде Клес ауданы бойынша барлығы 384557 бас мал бар. Соның ішінде 56886 ірі қара мал, 18333 жылқы, 310 465 уақ мал, 293 түйе бар.Мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары көлемі 261575 гектарды құрайтын жайылымды пайдаланады. Сондай-ақ, аудандағы мал бордақылау алаңдарында 9793 бас (2377 ірі қара мал, 645 жылқы, 4971 уақ мал) мал бордақыланады екен.
Түркістан облысында балық шаруашылығы облыс экономикасының маңызды саласына айналды. Балық шаруашылығын дамыту ісі Келес ауданында да жолға қойылған. Мұнда 4 ірі кәсіпорын өзен-көлдерде балық түрлерін көбейтіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек, балықты жылыжай ішінде көбейтіп, өсіруге бет бұрғандар бар. Келес балығына сыртқы нарықта сұраныс жоғары.
Ауданда балық шаруашылығын алғашқылардың бірі болып бастаған «Жанель» шаруа қожалығы 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Шаруа қожалығының жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Оның басшысы Бақытжан Каюповтың айтуынша, өндіру қуаттылығы жылына 50 тоннаны құрайды.
Ауданда балық өсіру және балық етін өндіру жұмысын жандандырған «Көшім» шаруа қожалығы 2019 жылдан бастап Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 100 гектар жерде балық өсіруде. Жылына 400 тонна өнім алатын шаруа қожалығының иесі Райс Тастановтың мәліметінше, жоба толыққанды іске қосылса, тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бүгінде жаңа кәсіпті игерген шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Аудандағы қожалықтарда балыққа берілетін жемнің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады екен.
Міне, осылайша дербес аудан ретінде қайта құрылғанына 4 жылдан асқан Келес ауданы орнықты экономикалық даму жолына түсті. Бұл келестіктердің әл-ауқатының жақсаруына ықпал етері сөзсіз.