Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік аппаратының кезекті мәжілісінде Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және аймақтағы өзекті мәселелердің шешілу барысы талқыланды. Жиында Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беріп, алда тұрған міндеттер жайлы баяндады.
Осы орайда, біз Түркістан облысының қиыр оңтүстігінде орналасқан 180 мыңға жуық тұрғыны бар Жетісай ауданының экономикалық дамуына шолу жасап, мұндағы өнеркәсіп, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларының бүгінгі хал-ахуалын талдауды дөн санап отырмыз.
Жетісай ауданы әкімдігінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, өткен 2021 жылы ауданда өңірлік ішкі өнімнің көлемі 131 миллиард 100 миллион теңгеге жеткен. Өткен жылы аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 8 миллиард 200 миллион теңгені құраған. Оның ішіндегі өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 5 миллиард теңгеге жетіп отыр. Сонымен қатар аудан экономикасына тартылатын инвестицияның көлемі де жылдан жылға артып келеді. Былтырғы жылы Жетісай ауданында негізгі капиталға құйылған тікелей инвестициялардың көлемі 29 миллиард теңгеден асып отыр. Ал, биылғы жылдың қаңтар-шілде айларындағы көрсеткіштерге тоқталар болсақ, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 миллиард 300 миллион теңгені құраған. Оның ішінде 2 миллиард 850 миллион теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде екен.
Жалпы, аудан аумағынан ивестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Асықата кентінен 50 гектар жер учаскесі резервке алынып, сәулеттік жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, бас жоспарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Аудан әкімдігінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2022-2023 жылдары жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылып жатыр. Аталған кәсіпорындарда барлығы 3247 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылуы жоспарланған.
Әрине, аудан экономикасының дамуы сауда-логистика саласының дұрыс ұйымдастырылуына, ауданда өндірілген өнімдерді сақтау және тиісті бағытқа уақтылы жөнелтіп отыруға байланысты екені сөзсіз. Сондықтан ауданда жүзеге асатын инвестициялық жобалардың бірі осындай көліктік және сауда-логистикалық орталықтың салынуына бағытталып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, «Национальная логистическая система» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясының бастамасымен осындай орталық салу қолға алынған. Бүгінде Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінің аумағынан «Көтерме тарату орталығы» салынып жатқаны сөзіміздің дәлелі.
Жетісай қаласы – Жетісай ауданының әкімшілік және сауда-экономикалық орталығы ретінде белгілі. Бүгінде орнықты экономикалық даму жолына сеніммен қадам басқан бұл шағын қалада шағын және орта кәсіпкерлік, сауда мен қызмет көрсету секторлары жақсы дамыған. Ендігі жерде «CITY DEVELOPMENT CO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен жүзеге асырылғалы отырған инвестициялық жоба аталған секторлардың дамуын жаңа деңгейге көтереді деген болжам бар. Атап айтқанда, бұл серіктестік Жетісай қаласында «Жетісай плаза» сауда ойын-сауық орталығы мен бір мезетте 600 адамға қызмет көрсетуге арналған аква парк салуды жоспарлап отыр.
Мырзашөл өңірі ертеден еліміздегі мақта шаруашылығының орталығы ретінде белгілі. Қазақстан Республикасының аумағында өсірілетін барлық шитті мақтаның 80 пайызға жуығы Мақтаарал мен Жетісай аудандарында өсірілетінін ескерсек, аудан экономикасында «ақ алтынның» қаншалықты маңызды рөл атқаратынын өзіңіз бағамдай беріңіз. Тиісінше, аудандағы өнеркәсіп кәсіпорындарының да басым бөлігі шитті мақтаны қайта өңдеуге маманданған. Жетісай ауданының өнеркәсіптік әлеуетін оадан әрі дамыту мақсатында «Тұран Мақта» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қуаттылығы 10 мың тонна мақта шикізатын өңдеу зауытын салу» бірегей инвестициялық жобасын іске асыруды қолға алған.
Дегенмен, Жетісай ауданында өндірілетін мақта өнімі жартылай ғана өңделіп, мақта талшығы ретінде сыртқа тасымалданады. Мәселен, мақта талшығының бір бөлігі көршілес Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан отандық текстиль фабрикаларына жөнелтілсе, қалған бөлігі шет мемлекеттерге экспортталады. Мамандардың айтуынша, ауданда өсірілетін мақтаны терең өңдеп, одан иірім жіп пен мата, тіпті, киім мен тұрмыстық тауарлар секілді дайын тауарлар өндірілетін болса, бұл саладан түсетін табыс көлемі артып, жұмыспен қамтылған адамдар көбейе түсетін көрінеді. Осы орайда, Қазақстан-Өзбекстан бірлескен кәсіпорын AGRO TEKS ALLIANCE компаниясы «Тоқыма-текстиль фабрикасының құрылысы» инвестициялық жобасын жүзеге асырып жатқаны қуантады. Фабрика іске қосылған кезде жылына 1 650 тонна талшықты мақтадан дайын өнімдер өндіріледі деген жоспар бар.
Сонымен қатар Жетісай ауданында 2022-2023 жылдары жүзеге асатын инвестициялық жобалардың арасында «Adal Agro Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Сиыр етін өңдеу цехы» және «Жүгеріні крахмал-сірне өніміне және лимон қышқылына өңдеу өндірісі»де жоспарлануда.
Әрине, бүгінде аудан экономикасының негізінде ауыл шаруашылығы, соның ішінде суармалы егін шаруашылығы құрап отырғаны баршаға мәлім. Мұның дәлелі ретінде 2021 жылы жетісайлық шаруалар мен диқандардың 92 миллиард 900 миллион теңгенің өнімін өндіргенін айтуға болады.
Жетісай ауданы бойынша 79 мың гектардан астам егістік алқабы болса, биыл соның ішінде 49 500 гектар алқапқа мақта егілген. Сонымен қатар 17 200 гектар алқапқа бақша дақылдары, 3 200 гектар жерге көкөніс 451 гектарға күріш және 10 500 гектардан астам алқапқа дәнді және мал азықтық дақылдар егіліп отыр. Бүгінде жетісайлық шаруалар өнімділікті арттыру мақсатында интенвисті бау, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және терең қопсыту сынды түрлі иноовациялық технологияларды кеңінен қолданып келеді. Тіпті, кейбір шаруа қожалықтары бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алуға көшкен. Мұндай егістік алқаптың көлемі 1 100 гектарды құрап отыр екен.
Биылғы жылы Жетісай ауданының диқандары қырыққабаттың ерте егілетін түрін көптеп егіп, мол өнімге қол жеткізді. Сәуір-мамыр айларында аудан көлемінде 30 мың тоннаға жуық қырыққабат жиналып, еліміздің барлық аймақтары мен бірқатар шет мемлекеттерге дейін экспортталды. Кейбір жекелеген шаруалардың қырыққабатта алған табысы гектарына 10 миллион теңгеге дейін жеткен.
Жетісай ауданындағы егін шаруашылығ ең жақсы жолға қойылғандардың бірі – Ералиев ауылдық округі. Жалпы 8 038,9 гектар егістік жер көлемі бар Жолдасбай Ералиев ауылдық округінің шаруалары биылғы жылысоның 3380,6 гектарна шитті мақта тұқымын сепсе, 409 гектарға көкөніс, 3258,2 гектарға бақша дақылын еккен. Шаруалардың алқаптардан ойдағыдай өнім алуларына өзара тәжірибе алмасып, аудан басшыларының бастамасымен семинарлар өткізуі оң ықпалын тигізіп отыр.
Округтегі оңды істерге өзіндік үлесін қосып, ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологияларды алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізетін «Нұралы жол – Ж» шаруа қожалығының 500 гектарға жуық жері бар. Биыл қожалық 180 гектарға мақта, 277 гектарға бақша дақылдарын, 30 гектарға жоңышқа және 10 гектарға дәндік жүгері еккен. 60-қа тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Қожалық төрағасы Ербол Ералиевтің айтуынша, ағын суды үнемдеп, мол өнім алуда, егістікке жұмсалатын шығын көлемін азайтуда жаңа технологияны қолданудың маңызы зор.
–Лазерлі тегістегіш тәсілін қолданған соңғы 3 жылда жер айдауды тоқтатқанбыз. Жерді тегістеп, 2-3 мәрте алатын жазғы суымызды да бір-ақ рет аламыз.Қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу кезінде жерді 70-80 сантиметрге дейін терең қопсытып, тереңдігі 10-15 сантиметрлік су қоямыз. Бұған дейін қысқы сор шаю жұмыстары кезінде гектарына 8 текше метрге дейін ағын су алып келсек, қазір гектарына 3,5-4 текше метр ғана су пайдаланамыз. Мұндай әдісті 7-8 жылда бір қолдану керек. Бұл технология тек ағын суды үнемдеп қана қоймай мол өнім алуға да оң септігін тигізеді, — дейді «Нұралы жол – Ж» шаруа қожалығының төрағасы Ербол Ералиев.
Экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан маңызды бағдарламалардың нәтижесінде Жетісай ауданында жұмыссыздық деңгейі төмендеп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны артып келеді. Бүгінде аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары тарапынан тұрғындар арасында жеке кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруда кәсіпкерлік саласына жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықтар мен мүмкіндіктерді түсіндіру, кездесуі ықтимал кедергілердің алдын алу, көрсетілетін коммуналдық қызметтер мен жеңілдіктер жайлы мағлұматтар беріп, түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы Жетісай ауданында «Бастау Бизнес» жобасының аясында 587 азаматқа жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар берілген. Қайтарымсыз қаржы алғандардың 24-і кәсібін кеңейтуге қажетті құрал-жабдықтар, 61 азамат техникалық құралдар алған. 502 тұлға мал және құс шаруашылығын дамытуды қолға алған. Нәтижесінде 602 жаңа жұмыс орны ашылған.
Ал, биылғы жылы 214 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант берілуі жоспарланғанымен, нақты бизнес-жобасы мақұлданып, қаржы алғандар саны 19 болып отыр. Грант алғандар есебінен 17 жаңа жұмыс орны ашылған. Тамыз айында мемлекеттік гранттарды алуға конкурстар өтіп жатқанын айта кеткен жөн.
«Қазіргі уақытта кез-келген қала, кент, ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, тірлігін бастауына мүмкіндігі зор. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа бастайтыны анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсібін жаңадан бастайтын тұрғындарды жетістікке жетелейтінін көрсетіп отыр. Ең бастысы – мемлекет тарапынан ұсынылған қолдауларды мүлт жібермеуіміз керек. Соңғы 5 жылда 1000-нан астам азаматқа түрлі көлемде мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беріліп, өз кәсіптерін дөңгелетулеріне мүмкіндіктер жасалған», — дейді Жетісай аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жұмағали Төреқұл.
Биыл «Бастау Бизнес» жобасының аясында берілетін қайтарымсыз мемлекетттік гранттың мөлшері екі есе өскені баршаға белгілі. Яғни, бұрын грант иегеріне 200 айлық есептік көрсеткіштен, 400 есептік көрсеткіштке дейін өскен. Яғни, «Бастау Бизнес» гранттарының мөлшері 1 миллион 225 мың теңге жеткен. Осы грантты алып өз ісін бастағандардың бірі балды бизнеске айналдырып, ерекше шаруашылықты өзіне кәсіп еткен Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны Алмахан Нұрболат бүгінде мемлекеттің қамқорлығын сезініп, табысын арттырып отырған кәсіпкерлердің бірі.
Бала күнінен көзінен зақым алып, ІІІ топ мүгедектігімен зейнетке шыққан Нұрболат биыл кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекет тарапынан берілетін 1 млн 225 мын теңге қайтарымсыз грант қаржысын ұтып алып, өз кәсібін бастаған. Осыған дейін талай істің басын шалған омарташы енді ғана табыс көзін тапқандай. Ерекше күтімді қажет ететін осынау бір тіршілік иелерінің өзгертуге келмейтін ішкі ережелері мен қағидаларының барын айтқан омарташы аралар үшін тазалықтың сақталуының маңыздылығына да тоқталды.
«Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятын қасиетке де ие. Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан, ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына аса мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинап алуға болады» дейді Нұрболат Алмахан.
Міне, осылайша 180 мыңға тарта Жетісай ауданының экономикасы орнықты даму жолына түсіп, жылдан жылға өркендеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Аудан экономикасының дамуы аудандағы жұұмыссыздық мәселесінің шешілуіне, тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына және халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуына сеп болары күмәнсіз.