Сайрам ауданында биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 46,7 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығының өнім көлемі 7,7 млрд.теңгені, мал шаруашылығы 39,0 млрд.теңгені құрады. Биылғы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында аумағы 7,035 гектардың құрайтын жылыжай іске қосылды. Аудандағы жалпы жылыжай көлемі 60 гектарға жетті.
Сайрамдық жеке кәсіпкер Селимхан Валиевтің былтыр 5 гектар жерді сатып алып, соның 60 соттығын жылыжайға арнаған екен. Қазір мұнда «Бір жерден бір жылда 2-3 өнім алу» жобасы бойынша екінші өнім алынуда. Толығырақ айта кетсек, шаруа алғашқы өнімге қияр отырғызған екен. Одан 40 тонна өнім алыпты. Енді қызанақтан 60-70 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
— Бұл жер негізінен мемлекеттен 49 жылға жалға алынған. Мен сол жалға алған адамнан сатып алдым. Екі жылға жуық уақыт болды. Алғашқы жылы жылыжайдың құрылысын жүргізіп, жерді өндедік. Биылдан бастап егін егіп бастадық. Нәтижесі көңілімізден шығып отыр. Қазір екінші өнімге кірісудеміз, — дейді диқан.
Диқан жылыжаймен қатар егістік алқапқа да түрлі көкөністер еккен. Онда қияр енді жиналуда. Егістік алқапты аралап көрмек едік, араларында қаулап өсіп тұрған жүгерінің сабағынан жүре алмадық. Мұны не үшін отырғызғанын шаруа былай деп түсіндірді:
— Дегенмен, көкөністердің барлығы шілденің шіліңгір ыстығында күнге күйіп кетуі мүмкін. Сол себепті жүгеріні күн сәулесін ұстап, қиярға көлеңке түсіріп тұру үшін ектік. Әрі біз одан өнім аламыз. Сосын қызанақ пен қиярдың ыстыққа төзімді немесе керісінше аптап ыстыққа шыдамайтын түрлері болады. Соған қарай оларды саралай отырып ерте көктемде және жазда егеміз, — дейді жеке кәсіпкер.
Науқан уақытында жылыжайда 30-40 адамға дейін еңбек етіпті. Қазір соның 10-15-і күнара келеді. Ал, 9 адам мұнда тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлық жалақылары – 150 мың теңге. Селим Валиев оларды үйінен алып кетіп, кешкісін жұмыстан соң апарып тастайтын арнайы көліктің қарастырылғанын айтады. Жұмысшылар түскі тамақпен де қамтамасыз етілген.
— Жылыжайда тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Бізде бұл жүйе толық автоматтандырылған. Жылыжай жанынан қора салмақпыз. Онда 60 бас ірі қара мал асырап, сүтін зауыттарға өткіземіз. Осылайша, біз ауданның ауыл шаруашылығы саласының да дамуына үлес қосуды мақсат етіп отырмыз, — дейді диқан.
Селим Валиев 17 жыл Нұр-Сұлтан қаласында жаттықтырушы болып жұмыс істеген екен. Оңтүстікке келгеніне 6 жыл болыпты. Алғашқы жылы егістікті Төлебидегі жеріне еккен. Бұл өңір тауға жақын орналасқандықтан, көкөністер мерзімінен кешеуілдеп пісіпті. Оның үстіне, оларды қалаға әкеліп өткізу де оңайға соқпаған сияқты. Сондықтан ол Сайрам ауданынан жер алуды ұйғарған. Әрі мұнда көкөністерді жүк көліктеріне тиеп, өзге өңірлерге алып кететіндер көп.
Шаруа алдағы уақытта жылыжайды 2 гектарға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл кезде 25-30 адамға тұрақты жұмыс береді. Жалпы, ауданда биылғы алты айда ауыл шаруашылығы саласында 46,7 млрд. теңгенің өнімі жиналды. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығында 7,7 млрд.теңгенің, мал шаруашылығында 39 млрд.теңгенің өнімі алынды.
Сайрамда 9,9 мың гектар жер ортақ жайылымға беріледі
Қазіргі таңда Сайрам ауданында жалпы 114761 гектар жер пайдаланылуда. Оның ішінде ауыл шаруашылығына арналған жерлер – 76820 гектарды, елді мекендер — 22342 гектарды, өнеркәсіптерге арналған жерлер – 1940 гектарды, орман қоры — 243 гектарды, су қоры — 1028 гектарды, босалқы жерлер – 12388 гектарды құрайды.
Ауыл шаруашылығы саласында 76820 гектар жер бар. Оның ішінде егістік жерлер – 51862 гектар, жайылымдық жерлер – 22090 гектар, көп жылдық екпелер – 2110 гектар, басқа да мақсаттағы жерлер – 199 гектар алқапты құрауда.
Түркістан облысының жер қатынастары басқармасымен облыс бойынша жайылымды қайтару жоспары әзірленген, соның ішінде Сайрам ауданы бойынша 9,9 мың га жайылымдық алқапты ортақ жайылымға беру жоспарланған. Оның ішінде: 4,2 мың га жайылымдық жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жолымен, 5,7 мың га аумаққа жайылым иелерімен ауыл тұрғындарының малын жаюға меморандум түзу жолымен. Осы жоспарды орындау мақсатында жалпы көлемі 6200 га жайылымға жылдың көктем, жаз, күз мезгілдерінде жер учаскелерін қоршамау, ауыл тұрғындарының малын жаюға кедергі жасамау жөнінде жер иелерімен ауылдық округ әкімі аппараты арасында меморандум түзіліп, жоспар артығымен орындалды. Бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы түсіндіру жұмыстарының нәтижесімен жалпы 41 жер учаскесі – 676,3 га жайылымдық жер қайтарылды. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84 бабында Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың жалпы ережелері мен принціптері белгіленген. Яғни жер учаскесі айрықша жағдайларда мәжбүрлеп иеліктен шығарылады. Айрықша жағдайлар деп мемлекет мұқтажын қанағаттандырудың басқа тәсілінің болмауы түсіндіріледі.
Кодекстің 84 баптың 2 тармағы 4-1 бөлігінде жеке ауылдағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін жайылым алқаптарына деген халық мұқтаждығын қанағаттандыру көзделген. Осы заң талаптарының негізінде аудан тұрағындарын жайылыммен қамту мақсатында Сайрам ауданы әкімдігімен 24.08.2022 жылы №278, №279 санды жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулылары қабылданып, мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің тізімі аудандық «Мәртөбе» газетінің №33-34 санында, яғни 2022 жылы тамыздың 26 күні жарияланып жер пайдаланушыларға жер қатынастары бөлімі тарапынан хабарламалар таратылды.
Алдағы уақытта мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелері тұрақты пайдалану құқығымен ауылдық округ әкімі аппараттарына ауыл тұрғындарының малын жаю үшін табысталып, аудан тұрғындардың жайылымға деген мұқтаждығы қамтылады.



