Сайрам ауданы аумағында масақты дәнді дақылдардың жалпы көлемі 22819,9 гектарды құрайды. «17 000 гектарға алқапқа күздік бидай егілген болатын. Бүгінгі таңда 22819,9 гектар масақты дәнді дақыл алқабы орылып, олардың түсімділігі 18,5 ц/га құрады. Аудан бойынша дәндік жүгері алқабының көлемі 298,5 гектарды құрайды. Алқапқа егілген жүгері тұқымы Ресейдің «Пионер» сорты, күтілетін өнімділік 68 ц/га. Ал, сүрлем дайындауға арналған жүгері алқабының көлемі 350,6 гектар, ол жерге гибридттік жүгері сорты егілген. Күтілетін сүрлемге арналған жүгері өнімділігі гектарынан 500 ц/га», — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Шухрат Құрбанәлиев.
Аудан аумағында бүгінгі таңда 3993,3 гектар жерде картоп егілген. 3993,3 гектар алқаптардың 70 пайызына «Ревера», 20 пайызына «Коломбо», 10 пайызына «Аризона» сортты картоп тұқымдары егілген. Бүгінгі таңда барлығы 3993,3 гектар жерден өнім қазып алынды. Орта есеппен 1 гектар жер егіс алқабынан картоптың түсімділігі 280 центнерді немесе жалпы жиналған картоп 111812 тоннаны құрады. Жиналған картоп өнімінің 40 пайызы Түркістан, Шымкент, Ақсукентке, 35 пайызы Солтүстік облыстарға, 25 пайызы Ресейге жөнелтілді.
Аудан аумағында жалпы 6209,9 гектар жерге көкөніс егілген. Олардың ішінде 896,3 гектар қырыққабат, 859,1 гектар қияр, 1473,3 гектар қызанақ, 1075 гектар пияз, 73 гектар асханалық қызылша, 593,7 гектар сәбіз, 539,6 гектар баялды, 429,4 гектар болгар бұрышы, 98 гектар сарымсақ, 440 гектар басқада көкөністер. Көкөніс өнімдері жиналуда.
Сайрам ауданында 52 мың гектар егістік алқаптың З 626 гектары Көлкент ауыл округіне қарасты. Аталмыш ауыл округінің құрамына кіретін Ақсуабад елді мекенінде шаруа Акмолжан Рахмантаев тұрады. Ол егістікті суғаруға арналған бөшкеде балық өсіреді екен. Бізді осы бөшкеде өсіп жатқан балықтар көбірек қызықтырды.
Айта кетейік, Акмолжан Рахмантаев 1,5 гектар жерге ерте көктемде қызанақ егіпті. Бірақ, бұл ісі сәтті бола қоймапты. Сондықтан, арада бір ай өткен соң сол жерді қайта өндеп, тыңайтып, мамыр айында екінші өнімді егуге кіріскен екен. Тамшылатып суғару әдісін қолға алып, егістік басына арнайы бөшке қойыпты. Қазір дәл осы бөшкеде бірнеше балық өсуде.
— Алғашқы өніміміз көңілімізден шықпады. Содан кейін екінші өнімге де қызынақ егіп, оны қызанақты тамшылатып суғаруды ұйғардым. Осы әдіспен егістік басына бөшке орнаттым. Онда балық өсірудеміз. Өйткені, балықтар суда тіршілік ететін, бар-жоғы көзге көрінбейтін майда жәндіктермен қоректеніп, құбырлардың толып кетуінің алдын алады. Әрі бұл өзімізге азық болады, — дейді шаруа.
Акмолжан Рахмантаев алдыңғы жылы мұнда қырыққабат егіпті. Одан ойдағыдан да көп өнім алдым дейді шаруа. Сатып алушылар өнімдерді осы жерден келіп, өздері тиеп алып кетеді екен. Шаруа ол үшін көлік іздеп, оған тауарын тиеп, оны базарға шығарып сатып әуре-сарсаңға түсіп жүрмейді. Мұның бір тиімділігі осында болса керек.
Акмолжан Рахмантаев қызанақтардың арасына көкөністі ыстық желден қорғап тұрсың деген ниетпен күнбағыс отырғызыпты. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашлығы бөлімінің бас маманы Шухрат Құрбанәлиевтың мәлімдеуінше, аудандағы егістік алқаптарының 70 пайызы арық және жаңбыр суымен суғарылады. Мұнда бірінші өнімге негізінен картоп, екінші өнімге көкөністер егіледі.
«Шаруалар соған бейімделген, — дейді Шухрат Құрбанәлиев. — Аудандағы шаруа қожалықтар 30 соттықтан басталып, 3-4 гектарға дейінгі алқапты алып жатыр. Былтыр «Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы бойынша 280 гектардан өнім алыныпты. Биыл бұл көрсеткіш 306 гектарға жетті».
Әбдіғани Аманов (суретте) 20 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Ол ерте көктемде өзінің 5 гектар жеріне картоп еккен еккен. 100 тонна картоп алғанын мақтанышпен жеткізді. Бүгінде шаруаның егістік алқабында 70 соттық жерде қияр, ал қалған бөлігінде қырыққабаттың «Сентрион бухарест» деп аталатын түрі пісіп жатыр. Бұл қырыққабаттың өнімді еселеп беретін сорты көрінеді.
Шаруа қырыққабатқа сұраныс көп екенін айтады. Ауданда биыл 4 мың гектарға картоп, 8 мың гектарға көкөніс, 19 мың гектарға масақты дәнді-дақылдар, 6,5 гектарға майлы дақылдар (масақ), 14 мың гектар мал азығы дақылдары егілді.
—Біздің өңірдің өнімі негізінен солтүстік облыстарға тасымалданады. Су мәселесі өткен жылы қиын болған еді. Бұл биыл шешімін тапты. 103 гектар алқапқа тамшылатып суғару әдісі енгізілді. Дегенмен, егістік алқаптардың көпшілігі арық және жаңбыр суымен суғарылады, — дейді Шухрат Құрбанәлиев.