Осыдан біраз уақыт бұрын облыс әкімі Д.Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында өңір тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мәселесі кеңінен талқыланған болатын. Онда қыс мезгілінде өңірімізде көмірге сұраныс көбейгендігі айтылып, оны ауыл-аймақтарға жеткізу, бағасын реттеу жөнінде тиісті сала мамандарына тапсырмалар берілген болатын. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Б.Полатбеков мәлімдеуінше, әзірге облыс көлемінде көмір тапшылығы жоқ. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі 658,4 мың тонна болса, бүгінде 598,7 мың тонна көмір тасымалданды. Ал, «Қазақстан теміржолы ҰҚ» АҚ ақпаратына сәйкес, жеке тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мақсатында облысқа Қарағанды облысынан күнделікті 20-30 вагон Шұбаркөл көмірі жеткізіледі. Сондай-ақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан теміржолы ҰҚ» АҚ, кен орындарымен үздіксіз зуум байланысы арқылы жедел штаб отырысы өткізілуде.
Сонымен қатар, Б.Полатбеков теміржол тұйығы бар елді мекендерде 1 тонна қатты отынның бағасы 14 600 – 18 500 теңге аралығында сатылуда екенін айтады. Теміржол тұйықтарында жалпы 6 500 тонна көмір қоры жинақталған. Жалпы облыс көлемінде көмір отынының қажеттілігі 907,6 мың тонна болса, бүгінге дейін тасымалданғаны 807,2 мың тоннаны құраған. Оның ішінде, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігі – 249,2 мың тонна. Тасымалданғаны – 207,7 мың тонна болып отыр. Қазіргі таңда аудан, қала әкімдіктері көмірдің қолжетімділігі мен бағаны үнемі қадағалап отыр. Жылу беру маусымы облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынғанын да айта кетейік.
Мұнымен қоса Түркістан облысына жақын күндері 17 мың тонна жуық, яғни 242 вагон көмір жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінде темір жол тұйықтарында жалпы 6591 тонна көмір қоры жинақталған. Оның ішінде Түркістан қаласында 3483 тонна, Арыс қаласында 1035 тонна, Сайрам ауданында 400 тонна, Сарыағаш ауданында 1173 тонна, Созақ ауданында 500 тонна көмір жиналып тұр.«Қазақстан темір жолы» АҚ ақпаратына сәйкес, Сарыағаш ауданының тұйықтарында 17 вагон көмір бар. Облысқа қосымша 242 вагон жолда келе жатыр. Оның ішінде Сарыағаш ауданына қосымша 70 вагон жеткізілмек. Жылыту маусымының барысы бақылауға алынған және штаттық режимде өтіп жатыр.
Синоптиктер мәлімдегендей, қаңтар айында күн күрт суыта бастады. Дәл қазір қысқы шілде қаһарына мініп тұр. Осындайда жылыжай иелері тарапынан арзан көмір тапшылығы жөнінде мәселе көтерілетіні заңды-ақ. Жылыжайлар жеке бизнес субъектісі болғанымен облыс әкімдігі тарапынан осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау, жылыжайларды қолжетімді бағадағы көмірмен қамту шаралары жоспарланып жатыр.
– Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан жылыжайларды бизнес субъектісі ретінде бөлек шығару жөнінде, яғни олар кен орнынан жеке өздері сатып алу керек, деген ұсыныс бар. Бірақ оған қарамастан, жоспарда жеке тұрғындармен қатар жылыжайларды қамту да бар, – дейді Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Марат Байғұнысов.
Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, жыл басында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қоғамдық қауіпсіздік пен коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларымен кездескен болатын. Кездесуде алдымен Кентау қаласындағы жылу орталығының жұмысы талқыланды. Қысқы мезгілі кезінде басқа өңірлерде жылу мекемелерінде орын алып жатқан төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шараларды зерделеді. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовқа Жылу орталығына қажетті құрылыс жұмыстары бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.
Айта кетейік, Кентау – Түркістан облысындағы моноқаланың бірі. Мұнда 100 мыңнан астам халық қоныстанған. Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығы қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жылу беру температуралық кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Орталықтандырылған жылуға қосылған 14 мың абонент бар. Барлығы толық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның 106-сы бюджеттік мекемелер, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2250 жеке сектордағы үйлер, 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
Биыл жылыту маусымын сапалы және үзіліссіз өткізу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен №5 ЖЭО негізгі және қосалқы қондырғыларын, №7,8,11,12 қазандықтарын, №3 турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы қарастырылған болатын.Қазіргі таңда ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыстар толығымен аяқталды.
Дегенмен, Кентаудағы №5 жылу энерго орталық 1934 жылы салынған. Мамандардың сөзінше ондағы негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған. Бюджеттен бөлінген қаражат электр станциялары мен жылу желілері жабдықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына ғана жетеді.Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қаралуда. Жаңа жылу энергоорталыққа қатысты екі жоба жасалған. Оның бірі — жылу орталығын табиғи газға қосу, ал екіншісі — жаңа жылу энерго орталығын салу.