Мақтаарал аудандық экономика және қаржы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Тұрашевтің мәлімдеуінше, өткен жылы аудан экономикасы ілгерілеп, 11 айда жергілікті бюджеттің кірісі мен шығысының жоспары 99,8 пайызға орындалды. Сөйтіп, 28,2 млрд. теңгенің қаржысы игерілді. 2022 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 73 млрд. 438 миллион теңгеге жетті. Оның ішінде егін шаруашылығы саласындағы табыс – 60,3 млрд. теңге, мал шаруашылығы саласындағы табыс 13,1 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 100,6 пайызды құрады. Оның ішінде мақтааралдық диқандар 2022 жылы 60,8 мың гектар егістік алқаптың 40,4 гектарына мақта өсірді. Қамбаға 105 мың 717 тонна өнім жиналып, гектар түсімділігі 26,3 центнерден айналды. Сондай-ақ, 19,2 мың тонна бақша өнімдері, 398,2 мың тонна көкөніс жиналды. Оның 80 пайызы шетелге экспортталды.
Айтайын дегеніміз, егін шаруашылығында өнімділік көлемін екі-үш есеге ұлғайту мақсатында әр ауылдық округте жаңа технологияларды ендіре отырып, бір жылда 2-3 өнім алу әдісі 900 гектардан астам алқапқа енгізілді. Алдымен ерте пісетін көкөніс дақылдары егілді, бұдан соң сол алқапқа бақша және жүгері, жоңышқа егілді.
Облыс көлемінде өткен «Алтын күз» мерекесінде Мақтаарал ауданы «Бақша дақылдарын өндіруден озат аудан» және «Жеке қосалқы үй шаруашылығын дамытудан озат аудан» номинацияларын иеленіп, ауданның мерейі тағы бір үстемдеді.
Осы орайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары нәтиже көрсеткен А.Қалыбеков, Жамбыл, Достық ауылдық округтері диқандарының көш бастағанын айта кетейік. Біз бір алқаптан жылына 2-3 өнім алып, табысын еселеген озат агроқұрылымдардың бақша, көкөніс өсіруде қол жеткізген жетістіктерін қалай мақтан етсек те жарасады. Мәселен, Мақтаарал ауылдық округінде (әкімі Ербол Тұрғанбаев) 89 шаруа қожалығы 250 гектардан астам егістік алқаптан бір жыл ішінде 2-3 рет өнім алған. Мәселен, олар бірінші қырыққабат дақылын егіп, 7841 тонна өнім жинаған. Екінші ретінде 52,3 гектарға жүгері егіп, 6935 тонна өнім алған. Осы округтегі «Сабыр» шаруа қожалығының төрағасы 12 гектар егістігіне өткен жылы қырыққабат, бақша, жүгері өсіріп, мол өнім жинады. Ал, Еңбекші ауылдық округінің тәжірибелі диқаны, «Сманов» шаруа шаруашылығының төрағасы Юсуфжон Сманов 15 гектар жерге алғашқы айналымда пленка астына қауын, екінші айналымда мақта екті. Нәтижеде 450 тонна бақша дақылдарын, 52 тонна мақта жинап, мол табысқа кенелді.