Сайрам облыста аграрлы бағытта дамып отырған аудандардың бірі әрі бірегейі. Мұнда соңғы үш жылда 1,2 есеге артық өнім өндірілді. Мәселен, былтыр 119 млрд теңгеден астам өнім өндіріліп, алдыңғы жылға қарағанда 9,5 млрд теңгеге артық өнім алынды. Аудан ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруден облыста алғашқы үштікке кіреді. Айталық, Манкент ауылында ірімшіктің төрт түрін өндіретін «Рассвет» деп аталатын өндірістік кооператив бар. Өндіріс орны екіге бөлінген. Оның үлкен бөлігінде ірімшік өндіріледі екен. Зауыттың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында барғанымызда, кәсіпорынның ішіне кіріп көрдік. Түркиядан әкелінген техникалардың гүрілдеген дауысы зауыттың жұмысының қыз-қыз қайнап жатқанын аңғартты. Ақ халат киген қызметкерлер өңделген сүт өнімін қалыптарға салып, мұздатқышқа жөнелту үстінде екен. Мұнда жақында әкелінген бір аппарат ірімшікті аспаздар жылдам әзірленетін тағамдардың (мәселен, пиццаның) бетіне сала қоятындай етіп турап беретін көрінеді. Зауыт қызметкерлері бүгінде бұл өнімге де сұраныстың артып отырғанын жеткізді.
Ірімшік өндірілетін сектордан кейін құрт жасайтын аймаққа өттік. Қазір құртты да қолмен жасайтын заман емес қой. Оның да өзіндік технологиясы мен техникасы бар. Сол техника көз алдымызда бір мезетте бірнеше құртты дөп-дөңгелек етіп шығара салды. Бұдан 10 күн бұрын жасалған құртты жеп көрдік. Сыртына майы сап-сары болып шығып тұр. Базардағыдай қатты да емес. Тіске жұмсақ тиеді.
Өндіріс орнының жұмысымен танысып болғаннан соң копператив басшысы Жанболат Алпысбайұлымен тілдестік. Мұнда қазіргі таңда ірімшіктің төрт түрі өндірілуде. Оның бірі – жоғарыда айтып өткеніміздей, жылдам әзірленетін тағамдарға арналған «Мацарелла» деген ірімшік. Ол «Крал» деген сауда белгісімен шығарылады екен. Екіншісі – таңғы асқа арналған «Сұлтан сыр». Үшіншісі – «Голландский сыр» болса, төртіншісі «Гауда» деп аталады. Жанболат Алпысбайұлы өндіріске қажетті сүт өнімінің жергілікті жерден әкелінетінін айтады. Жаз мезгілінде тәулігіне 25 тоннаға дейін сүт өнделетін болса, қазір күннің салқындауына және қыс мезгілінің жақындауына байланысты оның көлемі біраз азайған.
Зауытта ірімшіктің дәмін, жасалу технологиясын күнделікті қадағалап отыратын Түркия елінен келген арнайы маман бар. Өндірістік кооператив өндірген әрбір ірімшік 30 күнге дейін 4 градуста сақталынады. Кейіпкеріміз бүгінде өнімдердің сұранысқа сәйкес еліміздің солтүстігі мен шығысына тасымалданып жатқанын да жеткізді. Зауытта жергілікті жердің 20 тұрғыны еңбек етуде.
Реті келгенде айта кетейік, облыста сыр-ірімшік өнімдерін шығарудың негізін алғашқы болып қалаған «АЙКАН» кәсіпорны да осы Сайрам ауданында. «Эмир» брендімен танылған кәсіпорын 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталмыш зауыт алғашқыда жұмысын 24 адаммен бастаса, қазір мұндағы жұмысшылардың саны 47-ге жетіпті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы мен «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында», «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен кәсіпорынға жеңілдетілген пайызбен несие беріліп, инвестициялық субсидияға қолдау көрсетілген. Кейіннен зауытқа модернизация жүргізіліп, Ақсукент ауылдық округіне сүт зауыты көшіріліп, өз жұмысын бастады.
Түркиядан құрылғылар әкеліп, табиғи сүтке қозының ұлтабар-мәйегін қоса отырып, түрік технологиясымен дайындалатын «Эмир» сырлары сапаның еуропалық стандартына сәйкес өндіріледі. Сүт өнімдерінен ірімшік дайындайтын компаниялар арасынан бұл кәсіпорын 2017 жылы Қазақстан бойынша халал сертификатына ие болған.Зауыт қызметкерлері сүтті Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ, Манкент, Қарамұрт елдімекендерінің тұрғындарынан жинайды екен. Жаңа өндіріс орнында тәулігіне 100 тонна сүт өндіріледі. Қазір мұнда ірімшіктің 12 түрі шығарылып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылуда.
Зауыт басшылығының мәлімдеуінше, кәсіпорын тәуелсіз зертханаға ақша төлеп, әр он күн сайын өз өнімдерінің сапасын тексертеді. Содан да болар, табиғи сыр-ірімшіктері сөреде ұзақ жатып қалған емес.
– «Эмир» өнімдері барлық санитарлық нормаларды мұқият сақтай отырып, Түркияның жоғары технологиялық жабдығында әзірленеді. «Эмир» ірімшігінің 12 түрінің әрқайсысында ақуыз, кальций, магний сынды көптеген құнды дәрумендер бар, – дейді мекеме басшысы Алмагүл Айкан.
Аталған кәсіпорынның негізгі кәсіпкерлік тұжырымдамасы – қоғам өміріне белсенді қатысу. Бұл ретте мекеме мешітке, мүгедек балаларға, тұрмысы төмен отбасыларға, ҰОС ардагерлеріне әрдайым демеушілік көмек көрсетіп келеді. Олар қаржылық немесе басқа да көмек көрсететін қызмет саласына қарамастан және әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етуге атсалысуда.
Компания өнім желілерін кеңейте отырып, белсенді дамуда. 2013 жылдан бері «Қазақстанның үздік тауары», «Оңтүстік Қазақстан бизнесінің мақтанышы», «Озат сүт өңдеуші», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің үздігі», «Үздік халал кәсіпорын» деген сияқты түрлі марапаттауларға ие болған.
Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр
Саурам ауданының халқы өте еңбекқор. Бүгінде өңірде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18 мыңнан асты. Бұл салада 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 156,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Кәсіпкерлерден былтырғы жылы 8 ,6 млрд теңге салық түсті. Сала мамандары жалпы көрсеткіштердің көлемі сақталынғанын айтады. Сонымен қатар, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен құны 5,6 млрд теңгеге 6 жоба қаржыландырылдып, бұл бағыт бойынша да аудан облыста алдыңғы орыннан көрінді.
Кәсіпкер Бауыржан Қаражанов Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округіне қарасты Молыбай Оразалиев ауылында тұрады. Ол Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін мұнай және газ өңдеу технологиясы мамандығы бойынша тәмамдап, Шымкенттегі «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамында бірнеше жыл жұмыс істеген. 2020 жылы мектепте оқыған сыныптасы Ерлан Оразгелдиевпен бірге «Бетон әлем» ЖШС-ін құрып, екі дос бүгінде осы кәсіпті айналдырып келеді.
– Досым Ерлан 20 жыл бойы бетон шығару зауытында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған маман. Біз бұл кәсіпті бастау үшін өзіміздің үйіміз бен көлігімізді сатып, тәуекелге бел будық. Міне, екі жылға таяп келеді, осы уақыт аралығында тынбай еңбектеніп, баспанамызға қол жеткізіп отырмыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік, – дейді Бауыржан Қаражанов.
Олар зауытқа қажетті құрал-жабдықтар мен техникаларды Түркия мемлекетінен алдырған. «Бізде бетон шығарудың барлық жұмысы автоматтандырылған. Яғни өнім дайындау барысы компьютер жадына енгізілген» дейді кейіпкеріміз. Оған қажетті құм-қиыршық тастар Арыс қаласынан әкелінеді екен.
Кәсіпкер өңірде жылдың үш мезгілінде де құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізілетіндіктен, бетонға деген сұраныстың тоқтамайтынын айтады. Қазір шағын зауытта бір сағатта 120 куб бетон шығарылуда. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың айлық жалақысы 150-250 мың теңгенің аралығында.
Бауыржан Қаражанов пен Ерлан Оразгелдиев алдағы уақытта зауыт жұмысын жетілдіруді мақсат етіп отыр. Олар мемлекеттік тапсырыс негізінде көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуді армандайды.
Сайрам ауданының кәсіпкерлері жекеменшік мектеп салудан да көш бастап тұр. Айталық, Ақсукент ауылында бүгін 1200 орынды жаңа мектеп ашылды. Бұл – бір ғана Сайрам ауданында жеке кәсіпкерлер тарапынан 7 айда салынған 7-ші мектеп. Бұдан бөлек, былтыр Манкент ауылында 600 орынды жаңа мектептің құрылысы қолға алынды.
Жалпы өңіріміздегі ең ірі аудандардың бірі Сайрамның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұнда ауылдарды дамытуға басты басымдық берілуде. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында жаңа форматтағы мектептер бой көтереді. Онда 60 мың бала білім алатын болады. Бұдан бөлек, Манкент елді мекенінде, Ақсу, Ақбұлақ ауылдарында 3 жаңа 600 орынды мектептердің құрылысы қолға алынбақ.
«Қарабұлақ» –ірі мал базарымен республикаға даңқы жайылған мекен
Сайрам ауданында үйлерінде мал бордақылаумен айналысатындар көп. «Біз облыста ет өнімдерін экспортқа шығарудан алда келеміз. Еліміздің көп бөлігін етпен қамтамасыз етіп отырған ауыл округі біздің ауданда орналасқан» деп мақтанады сайрамдықтар. «Қарабұлақ» – ежелден ірі мал базарымен республикаға даңқы жайылған мекен. Онда 57 мың тұрғын тұрады.
Сайрам ауданының халқы мал бағып, пайда табудың жолын жақсы меңгерген. Үйлерінде де мал бордақылайтындардың қарасы қалың екені сөзсіз. Дегенмен, мұнда тұрғындардың жайылымға жарымай отырғаны айтпаса да түсінікті. Өйткені, жердің көп бөлігі егістікке берілген. Сондықтан, біз «ауданда тұрғындарға жер телімін беру мәселесі қалай шешілуде?» деген сұрақты аудан әкімі Ұласбек Сәдібековке қойған едік.
— Ауданда жер кезегінде 20 мың азамат тұр. Ауыл-аймақтарда жер бар. Оларды халыққа үй салу үшін бөліп берсек, сол жерден нәпақа тауып отырған диқандардың жайы не болады? Қалай күн көреді? Соңғы жылдары өңірде «Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы қарқынды жүргізілуде. Дегенмен, біраз бос жер бар. Сол жерлерді инфрақұрылымы жүргізілгеннен кейін халыққа таратып беретін боламыз. Ол үшін арнайы жоба жасалған. Қазіргі таңда осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жайылымдық жер бойынша айтар болсақ, ауданда 9,9 мың гектар жайылымдық алқапты ортақ жайылымға беру көзделген. Оның 4,2 мың гектары жайылымдық жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жолымен алынды, — дейді аудан әкімі.
Айта кетейік, ауданда агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамуда. Соңғы 3 жылда 1,2 есеге артық өнім өндірілді. Мәселен, былтыр 119 млрд теңгеден астам өнім өндіріліп, алдыңғы жылға қарағанда 9,5 млрд теңгеге артық өнім алынды. Бұл бағытта облыс көлемінде ауданның үлесі 11,6 пайызға жетті.
Жаңадан 108,3 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі енгізіліп, 13,4 гектар жерге жылыжайлар салынып, 35 гектар жерге қарқынды бау егілді. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша егіс көлемі 52,8 мың гектарға жеткізілді. «Бір жерден бір жылда екі рет өнім алу» жобасы бойынша көрсеткіш 306,2 гектарға жетті. Барлық шаруашылықтарда мал басы көбейіп, ет өндірісі мен сүт өндірісі де артты.
Реті келгенде айта кетейік, агроөнеркәсіп кешенінде былтыр жалпы 75 жұмыс орнымен қамтылған 2,7 млрд теңгелік 4 жоба іске қосылды. Атап айтар болсақ, олар: Жібек жолы ауыл округіндегі ЖК Урунбеков «Жібек жолы» диірмені (құны – 370,0 млн. теңге) мен өсімдік майын шығаратын цехті іске қосты (құны – 37,0 млн. теңге); Қайнарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Юг Фуд» ЖШС-і сүт өндейтін зауыт («Юг Фуд» сауда маркасымен ірімшік, құны – 100,0 млн теңге) іске қосылды; Ақсукент ауыл округіндегі «Зәуре» ШҚ-6 гектар жер телімінде өнеркәсіптік жылыжай жобасы (құны – 2,2 млрд теңге) іске қосылды.
Сайрамда тұрғындарды газбен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда
Сайрам ауданында 2019 жылы тұрғындарды газбен қамтамасыз ету мәселесі күрделі болатын. Елді мекендердің 50 пайызына ғана «көгілдір отын» жеткізілген еді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде бұл көрсеткіш 73,8 пайызды құрады. Яғни қазір аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 31-інде «көгілдір отын» жанып тұр.Қазір бұл көрсеткішті алдағы жылдары 100%-ға жеткізу үшін жұмыстар атқарылуда. Айталық, табиғи газбен қамтылмаған 6 елді мекеннің газ құбырларының құрылысына Ұлттық қордан 1,4 млрд теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылға құрылыс жұмыстарына 1,1 млрд.теңге бөлінді (ҰҚ-304,8 млн.тн, РБ-602,6 млн.тн, ОБ-230,4 млн.тн).Сала мамандары: «Нысандарды толық аяқтауға қажетті 1,3 млрд.теңге бөлінген жағдайда, аудандағы 6 елді мекендегі 2793 абонент табиғи газға қосылып, Сайрам ауданының халқы 100% табиғи газбен қамту көрсеткішіне қол жеткізер еді», — дейді.
Өңірде ауыз су да күрмеуі қиын күрделі мәселелердің қатарына жататын еді. Сала мамандары 42 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су желілері арқылы ауыз сумен толық қамтамасыз етілгенін айтады. Әрине, өңірде инфрақұрылым жүйелері енді ғана қолға алынған елді мекендер де бар. Ол жерлерде мұндай жұмыстар алдағы уақытта атқарылатын болады.
Сонымен қатар, тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамту мақсатында былтыр аудандық бюджет есебінен елді мекендердегі су құбырларының орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, су ұңғымалары қазылды. Жібек Жолы ауылындағы тозығы жеткен су құбырларын ауыстыруға жобалық құжат дайындалды. Ал, Қожақорған және Нұржанқорған, Қарабұлақ ауылдарын ауыз сумен қамту үшін әзірленетін желі құрылысының ЖСҚ-сына қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 110,6 млн теңгеге Көлкент ауыл округіне қарасты Ақсуабад ауылында 32 га жерге ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қазан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 300 тұрғын тұрақты ауыз сумен қамтылды.
Қазір ауданда ең өзекті проблема – ағын су. Шаруаларға ағын су ауадай қажет. Сондықтан ауа-райын ұдайы бақылауда ұстап отырамыз. Алдыңғы жылы қар қалың жауды. Жерде ылғал жақсы сақталды. Соның нәтижесінде шаруалар былтыр ағын судан тапшылық көрген жоқ деуге болады.
Каналдарды жөндеуден өткізу де аудандағы күрделі мәселелердің бірі. Айталық, ауданда суармалы жерлерді коммуналдық меншікте 47 канал ағын сумен қамтамасыз етеді (7 канал бетондалған, 40-ы жер каналдар). Ағын судың көзі болып табылатын Ақсу өзенінен жеткізілетін су көлемі азаюынан, каналдарға жөндеу жұмыстары жүргізілмеуінен, ағын су жеткізіп беруде қиындықтар туындауда. Жалпы 27 канал бетондауды (күрделі жөндеу) қажет етеді, оның ішінде бірінші кезекте 126,3 шақырымды құрайтын 8 каналдың (Әсіл, Жоғарғы Аққала, Аламан, Сай, Төменгі Аққала, Бау арық, Теспе, Закира) күрделі жөндеуінің ЖСҚ-сын әзірлеуге облыстық бюджеттен 118,3 млн.теңге қаржы қарастыру үшін ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс беріліп, құжаттары тапсырылған.
Әрине, «мемлекеттен қашан қаржы бөлінеді екен» деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан, сала мамандары аудандық бюджет есебінен Сайрам су шаруашылығы мекемесіне 2 техника сатып алынғанын айтады. Қазір осы техникалармен мекеме қызметкерлері өздеріне тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Ерекше атап өтерлігі, аудан тұрғындары да бұл мәселеге келгенде белсенді. Мұнда «Ауыл – ел тірегі» жобасы аясында олар онкүндік іс-шарасын қолға алған. Әр ауылға кезегімен барып, он күн бойы тазалық жұмыстарын жүргізеді. Бүгінге дейін ауданда 94 шақырым канал тазаланыпты. 164 электр бағанасы ауыстырылыпты. 38 трансформатор ырланып, қоршалыпты. 11 шақырымды құрайтын 15 көшеге демеушілер есебінен тас төселіпты. Жол белгілері орнатылыпты. Шырша секілді 4200 декоративті ағаш отырғызылыпты.Былайша айтқанда, сайрамдықтар көнеден келе жатқан асар дәстүрін қайта жаңғыртуда.
Сайрамда былтыр бір жерден екі рет өнім алу әдісі тиімді жүзеге асты
Сайрамда бір жерден жылына екі рет өнім алу әдісі тыңғылықты қолға алынған. Мәселен, ауданға қарасты Қайнарбұлақ ауылының тұрғындары мал бордақылаудан гөрі егіншілікке жақын. Соңғы уақытта Қайнарбұлақ ауылының аты алма бауларымен таныла бастады.
Реті келгенде айта кетейік, былтыр аудан аумағында 2073,6 гектар алқапқа көп жылдық жеміс көшеттері егілген. Оның ішінде алма баулары 1657,7 гектарды, алмұрт баулары 77,8 гектарды, сары өрік баулары 173,3 гектарды, шие баулары 88,9 гектарды, шабдалы баулары 27,8 гектарды, қара өрік баулары 48,2 гектарды құрайды. Шаруалар өңірде өсетін алмалардың 70 пайызы қысқа сақталынатынын айтады. Сондықтан, шаруалардың бір түптен бірнеше сортты алма өсіріп шығаруға ықылас танытып отыр.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, «Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы бойынша шаруалардың дені бірінші өнімге картоп егіпті. Былтыр бұл 3993,3 гектар алқапты құрады. Картоптың «Ревера», «Коломбо», «Аризона» деп аталатын тұқымдарынан мол өнім алынды. Жиналған өнімнің жартысы Түркістан облысы мен Шымкент қаласына тасымалданды. Ал, 35 пайызы солтүстік өңірлерге жөнелтілді. 25 пайызы Ресейге экспортталды.
Ауданда 6209,9 гектар жерге көкөніс егілді. Күнделікті тіршілікте тұтынатын қырыққабат, қияр, қызанақ, қызылша, сәбіз, болгар бұрышы, сарымсақ секілді көкөністердің бәрі-бәрі де ауданнан шығады. Тіпті, мұнда цитрустық жемістердің түр-түрі табылады.
Жалпы Сайрамауданында 52 мыңгектарегістікалқапбар болса, соныңЗ 626 гектары Көлкент ауылдық округінің диқандарына тиесілі. Ақсуабад елді мекеніндегі шаруа Акмолжан Рахмантаев отбасымен егін егумен айналысады. Бір риза болатының, шаруа бір кәсіпке қатып қалмайды. Мәселен, ол егістік суаруға арналған бөшкесінде балық өсіреді екен. Бұл бізді таңқалдырған әдіс болды.
Акмолжан Рахмантаев былтыр 1,5 гектар жерге ерте көктемде қызанақ егіпті. Бірақ, одан ойдағыдай өнім ала алмаған. Көп ұзамай жерді қайта өндеп, тыңайтып, мамыр айында екінші өнімді егуге кіріскен. Тамшылатып суару әдісін қолға алып, егістік басына арнайы бөшке қойыпты. Онда балық өсіріпті.
— Алғашқы өніміміз көңілімізден шықпаған соң, қызанақты тамшылатып суаруды ұйғардық. Осы әдіспен егістік басына бөшке орнаттық. Онда балық өсірудеміз. Өйткені, балықтар суда тіршілік ететін, бар-жоғы көзге көрінбейтін майда жәндіктермен қоректеніп, құбырлардың бітеліп қалуының алдын алады. Әрі бұл өзімізге екінші кәсіп болады, – дейді шаруа.
Акмолжан Рахмантаев өткен жылы қырыққабат еккен. Айтуынша, клиенттер тауарды осы жерден өздері келіп, сатып алып кетеді. Шаруа көлік іздеп, оған тауарын тиеп, оны базарға шығарып сатып әуре-сарсаңға түсіп жүрмейді. Мұның ең тиімді тұсы осы. Акмолжан Рахмантаев қызанақтардың арасына күнді ерекше сүйетін күнбағыс отырады екен. Айтуынша, ол көкөністі ыстық желден қорғауға көмектеседі.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Шухрат Құрбанәлиев аудандағы егістік алқаптарының 70 пайызы арық және жаңбыр суымен суарылатынын айтады. Мұнда бірінші өнімге негізінен картоп, екінші өнімге түрлі көкөністер егіледі екен.
«Шаруалар соған бейімделген, – дейді Шухрат Құрбанәлиев. – Аудандағы шаруа қожалықтары 30 сотықтан бастап, 3-4 гектарға дейінгі алқапты алып жатыр. Былтыр «Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы 280 гектарда жүзеге асырылыпты. Биыл бұл көрсеткіш 306 гектарға жетті».
Аудан тұрғыны Әбдіғани Аманов та 20 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Ол ерте көктемде өзінің 5 гектар жеріне картоп егіп, 100 тонна өнім алыпты. Бүгінде шаруаның егістік алқабында 70 сотық жерде қияр, ал, қалған бөлігінде қырыққабаттың «Сентрион Бухарест» деп аталатын түрі пісіп тұр. Бұл қырыққабаттың өнімді еселеп беретін сорты көрінеді.
– Қырыққабатқа сұраныс көп. Жақын күндері көтере сатып алушыларға бағасын келісіп өткіземін, – дейді шаруа.
Айта кетейік, ауданда былтыр 4 мың гектарға картоп, 8 мың гектарға көкөніс, 19 мың гектарға масақты дәнді-дақылдар, 6,5 гектарға майлы дақылдар (масақ), 14 мың гектарға мал азығы дақылдары егілді.