Түркістан облысы табиғи газды 2018 жылға дейін Газли-Шымкент (Өзбекстан) магистралды газ құбырынан тұтынған болатын. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан алуда.
2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің (2 млн. 075 мың тұрғын)465-і табиғи газбен қамтылған. Бұл көрсеткіші 56 пайызды құрайды. Биыл 101 нысанның құрылысына бюджеттен 17,6 млрд.теңге бөлінді. Қаражаттың 10,4 млрд.теңгесі ұлттық қор, 602,6 млн.теңгесі республикалық бюджеттен, 6,6 млрд.теңгесі облыстық бюджет есебінен бөлінді. Осы 101 нысанның 67-інің құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады. Қалған 34 нысандағы құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі болады. Соның нәтижесінде 2023 жыл өңіріміздегі 516 елді мекенді табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Бұл облыстағы елдікендердің 62 пайызы көгілдір отынға қол жеткізе деген сөз.
Бұйыртса, алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекен табиғи газға қосылады. Нәтижесінде 2025 жылы елді мекендерді газбен қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) немесе 2 млн. халыққа жеткізілмек.
Қазіргі таңда газбен жабдықтау саласы бойынша жалпы құны 19,1 млрд.теңге құрайтын 56 жоба әзірленген, 2023-2025 жылғы республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылды.
Айта кетейік, өткен жыл соңында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Созақ, Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларын газбен қамту жұмыстары талқыланған болатын. Өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырып, бірқатар жауапты тұлғаға ауызша ескерту берген еді.
– Аудандар мен қалаларды аралау барысында тұрғындар коммуналдық-шаруашылық, әсіресе, газ мәселесін жиі көтереді. Тұрғындарды газбен қамту – біздің міндетіміз. Жұмысын дұрыс атқармаған мердігерлермен заң аясында сөйлесіңіздер. Газбен қамту бойынша аудандар Жол карталарын ұсынсын. Осы бір жоспар негізінде жүйелі жұмыс атқарайық. Екіншіден, аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар арасында байланыс болуы керек. Хабарласып, ел мүддесіне қатысты әрбір мәселені жедел шешуді қолға алған жөн. Газды күтіп отырған ауылдар бар. Кезең-кезеңімен бюджетке енгізіп, тиісті жұмыстарды атқару қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің 457-сі табиғи газбен қамтылған болатын. Елді мекендегі халық санымен есептесе, 1 млн. 529 мың тұрғын немесе тұрғындардың 73,7 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген. Осы көрсеткішті жоғарылату мақсатында былтыр 70 нысанның құрылысына 15,9 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 9 нысанның (10 елді мекен,
1 АГТС, 32198 тұрғын) құрылысы аяқталды. Қалған 61 нысан 2023 жылға өтпелі болған еді. Қазіргі таңда 61 нысандағы тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда.
Сонымен қатар, өткен жылы басқарманың мамандары аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, құрылысы жүргізіліп жатқан нысанның 70-іне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, олардың оннан астамынан кемшіліктерін анықтаған болатын. Бұл бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, кемшіліктерді жою жұмыстары қолға алынды. Әсіресе, Созақ, Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларында газға қатысты ұсыныстар бойынша тиісті шаралар атқарылды.
Реті келгенде айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында тұрғындарға көгілдір отын жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 17 елді мекен табиғи газды тұтынуда. Қалған елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылуда.2021 жылы Амансай, Түйетас, Талап, Сарыбұлақ, Жолғабас елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталған болатын. Нысан толық аяқталғанда 5 елді мекен тұрғындары табиғи газдың игілігін көретін болады. Сонымен қатар, биылғы жылы аудандағы Жоғарғы Боралдай, Тайманов, Теректі, Жиенқұм, Шақпақ, Қазата, Ағыбет, Алғабас, Кеңестөбе, Бәйдібек ата елді мекендері және Шаян елді мекеніндегі 20 коммуналдық (жалдық) тұрғын үй мен 55 гектар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымында салынатын тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша тиісті қаржысы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ, аудандағы 10 ауылдың (Жаңаталап, Таңатар, Қошқар ата, Тұрақты, Жұлдыз, Қаратас, Ақжар, Кеңсай, Жарықбас, Алмалы) газ құбырларын тарту жұмыстары жоспарланған. Осындай шаралардың нәтижесінде 2023 жылы Бәйдібек ауданындағы халықтың 82 пайызын газбен қамту көзделген.