Сала мамандарының мәлімдеуінше, былтыр Арыс қаласында 4 млрд. 942,7 млн. теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Айта кетейік, қала бойынша жалпы 4 803 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Олардың 3 105-і жеке кәсіпкерлер, 1 020-сы шаруа қожалығы болса, 678-і заңды тұлғалар. Бөлшек сауда айналымы 3 млрд. 488 млн. теңгеге жетіп отыр. 2022 жылы негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі 11 млрд. 900 млн. теңгені құрады.
Осы ретте Арыс қаласындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Алдымен «Арай» өндірістік кооперативіне келсек. Бұл аяқ киім тігу цехы 1991 жылдан бастап жұмыс істейді екен. Мұнда ерлер және әйелдерге арналған аяқ киім шығарылады. Цехта шынайы былғары және экологиялық таза материалдар қолданылады. Бүгінде «Арай» өндірістік кооперативінің тауарларына сұраныс артып келеді.
– Терілерді Стамбул қаласынан және Запорожье, Ростов қалаларынан алып келеміз. Цехта 12 адам жұмыс істейді. Арыста өзіміздің «Арай» дүкенін ашып қойғанбыз, – дейді «Арай» өндірістік кооперативінің басшысы Әміртай Бибасаров.
Кәсіпорынның иесі Әміртай Бибасаров аяқ киім модельдерін өзі құрастырады. Бұған көп жылғы тәжірибесі де жеткілікті. Тауарлардың тұтыну бағасы да қымбат емес. Қалтаға қонымды болғандықтан алушылар да көп. Осылайша Арыс қаласындағы «Арай» өндірістік кооперативінде тігілетін аяқ киімдерге деген сұраныс күннен-күнге артуда. Аталған фабрика «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік жеңімпазы, сондай-ақ, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған.
Өндіріс орны 2018 жылы «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 млн. теңге, ал, 2019 жылы «Қамқор» бағдарламасының аясында жылдық мөшері 1 пайызбен 5 млн. теңге несие алған және «Менің атамекенім» жобасы арқылы ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарына қаржы берілген.
Бүгінгі таңда «Арай» ӨК Арыс қаласы әкімдігі ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға қатысып, спорттық турнирлер мен түрлі акцияларға демеушілік көрсетуде. Көгалдандыру, жарықтандыру және іргелес инфрақұрылымды дамыту – компанияның маңызды міндеттерінің бірі. Компания болашақта Қазақстан мен шетел нарықтарында экологиялық таза өнім өндіруші ретінде беделге ие болуға ниетті.Кооператив иесінің айтуынша, алдағы уақытта өнім түрі мен көлемін көбейтіп, оларды Қазақстанныңөзге өңірлеріне жөнелту жоспарда бар.
Ал, Дермене ауылындағы «DERMENE AGRO GROUP» ЖШС балық өсірумен айналысуда. Жеке кәсіпкер Мақсат Тоқболаев алты су бассейнінде 30 мыңнан астам сазан тұқымдас шабақ өсіруде. Үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған Мақсат Тоқболаев 40 миллион теңгесін туған жеріне инвестиция ретінде құйған. Ол өнімдерін нарыққа шығаруды жоспарлаған екен. Қазірдің өзінде Алматы қаласындағы балық тарату нарығының 70-80 пайызын қамтамасыз ететін бір компания дерменелік балықтың келісін 2-2,5 мың теңге шамасында сатып алатын болып ұсыныс тастапты.
Арыста соңғы уақытта балық өсіру кәсібімен айналысушылар қатары арта бастады. Бүгінде мұнда 8 шаруашылық балық өсірумен шұғылдануда. Солардың бірі Ешкілі көлінде жеке кәсіпкер Айгүл Срақұлова Көксарай №1, №2 учаскесінде «FIRST FISH COMPANY» ЖШС-і балық шаруашылығын қолға алыпты. Ал, «7 үй» шаруа қожалығында биыл 1 гектар жерге жасанды көлге 4 мың ақ амур, 6 мың сазан және 4 мың «Дөңмандай» (толстолоб) балығының шабақтарын жіберіліпті. Қожалық төрағасы Қайырғали Тойболовтың айтуынша, алдағы уақытта аталмыш аймақ демалыс орнына айналмақ. Сондай-ақ, Балықты ауылдық округіне қарасты «Сансызбай», Келтемашат ауылдық округіне қарасты «Болат» шаруа қожалықтары, Жаскешу ауылдық округіне қарасты жеке кәсіпкер Н.Қадырқұлов, Жабағылы ауылындағы «Талдыбұлақ» өндірістік кооперативі сазан өсіруге маманданып, игілікті істің жемісін көруде. Сол сияқты Жаскешу ауылдық окуругіне қарасты «Юлдуз-2» шаруа қожалығының бұл бағыттағы қадамын да құптауға болады. Кәсіпкерліктің кенжелеп қалған саласын дамытуды аудан әкімдігі қолдап отыр.
«Балық — байлық көзі. Сондықтан бұл кәсіппен айналысатын шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылуда. Балық жемінің 30 пайыз шығыны субсидияланатын болады», — дейді сала мамандары.
Саналы елді мекеніндегі «Желмая» цехы тұтынушыларға түйе сүтін ұсынады. Бүгінде олар тәулігіне 1,5 тоннаға дейін шұбат өндіріп, Түркістан мен Алматы, Батыс Қазақстан облыстарына жіберіп жатыр.«Қаратау ТрансСервис» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Ермек Мәмбетәлиев мұнай және мұнай өңдеу кәсіпорнын іске қосты. Бұл зауыт жылына 50 мың тонна мұнай өңдей алады екен. Зауыт көгілдір пеш отыны, мазут, вакуум газойл, қара пеш отыны, керосин шығарады. Алдағы уақытта АИ-92 бензині, дизель отыны, синтетикалық майлар, парафин, жолға арналған битум шығаратын құрал-жабдықтарды орнатуды жоспарлап отыр.
«KAZ GREEN TEK SOLAR» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Есен Абдрахманов қуаттылығы 5 МВт күн электр стансасын ашып, 9 адамды, «MEGA-AGAT» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Әлішер Мұратұлы поливинилхлорид түйіршіктері мен қоспасын шығаратын зауытта 42 адамды жұмыспен қамтыды. Бұл зауыт айына 300 тонна өнім шығарады. «АДМ Холдинг» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Айдос Мәліқұлов полиэтилен қаптамаларын шығаратын цех ашып, 15 адамды жұмысқа алып, айына 60 тонна өнім шығаруда.
Айта кетейік, бұл кәсіпкерлердің барлығы кәсіптерін өз қаржыларының және инвесторлардың көмегімен жүзеге асырды. Бүгінде істерінің берекесін көруде. Бұл, әрине, өз кезегінде ауданның экономикасының дамуына әсер етеді.