Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбековамен айтуынша, былтыр қалаға қарасты «Саяжай-1», «Саяжай-2», «Саяжай-3» шағынаудандарына таза ауыз су жеткізілді. Сонымен қатар қала іргесінде орналасқан «Тараз» шағынауданы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта аталған шағынауданда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіледі.
Одан бөлек қала тұрғындарын газбен қамту үшін №19 «Темірлан» АГТС Ордабасы ауданы арқылы Арыс қаласына дейін тартылған 41,2 шақырым газ құбырларына қосу жоспарланған. Арыс қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 15,6 шақырым газ құбыры тартылып, 6 дана (ГРП) газды реттеу пункттері орнатылып, қысымдау жұмыстары жүргізілді. Жалпы былтыр жыл соңына дейін 2-кезең және 3-кезең нысандарын, яғни 107,3 шақырым орамішілік газ жүйелерін іске қосып, 3 352 абонентті табиғи газбен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда газ жеткізуші ұйым «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан газ жүйелерін толық қысыммен сынақтан өткізу және үрлеу жұмыстары атқарылған.
Арыс қаласын үш кезеңмен толық газдандыру жұмыстары барысында «Алатау» тұрғын алабына табиғи газ берілді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Арыс қаласын табиғи газға қосу үшін Ордабасы ауданындағы №19 «Темірлан» АГТС-нан Арыс қаласына дейін 41,2 шақырым газ құбыры тартылды. Сондай-ақ, қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 15,6 шақырым жеткізгіш газ құбыры жүргізіліп, 6 дана газды реттеу пункті (ГРП) орнатылып, қысымдау жұмыстары жүргізілді.
Бұл жаңалық тұрғындарға ерекше қуаныш сыйлады. Мәселен, Досан Жиенбай қария «Үйге газ кіріп, қуанып жатырмыз. Енді газ мамандары үй жылытатын пешімізді газға жалғап береміз деп отыр. Мұндай қуаныш баршаға жұғысты болсын. Құжаттарды ресімдеуді тездетіп, барлық арыстықтар газдың игілігін көре берсін» дейді.
Айта кетейік, «Алатау» тұрғын алабында газға қосылуы тиіс 185 тұрғын үй тіркелген. Қазіргі кезде аталған аумақтағы үйлердің құжаттарын ресімдеу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін әрбір үй иесі талапқа сай сақтық шараларын қамтамасыз ете отырып, газ кіргізумен айналысатын компаниямен келісімшарт түзуі тиіс.



