Биыл облыста «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген елдімекендердің санын 516-ға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілді. Ал, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 62 пайызға ұлғайту көзделген.
Жалпы облыста алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы тұрғындарды газбен қамту деңгейі 722 елді мекенге жеткізілмек. Бұл 86,6 пайызды құрайды. Осы мақсатта облыста алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленіп отыр.
Өлкеміздегі бірқатар аудандарда тұрғындарды газбен қамтамасыз ету бағытында тындырымды тірліктер атқарылуда. Айталық, Ордабасы ауданында бүгінде Темірлан, Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Қажымұқан, Боралдай, Қызылсеңгір, Ықыластемір, Теспе елді мекендеріне газ берілген. Ал, 24 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған. Осындай тиісті шаралар толық аяқталған жағдайда 69 952 тұрғын табиғи газға қол жеткізетін болады. Соған байланысты ауданда тұрғындарды газбен қамтамасыз ету көрсеткіші де 57,3 пайызға артатын болады.
Қазіргі таңда Сайрам ауданында да газдандыру жұмыстары қарқын алған. Мұнда тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 73,8 пайызға жетті. Ақбай ауылына қарасты Жаңақұрылыс аумағындағы 150-ге жуық тұрғын үйдің басым бөлігі «көгілдір отынмен» қамтылған. Жергілікті бюджет есебінен нысан құрылысына 67721,26 мың теңге қаралып, бүгінгі таңда қаржы толығымен игерілген. Жаңа аумақтағы көшелерге жалпы ұзындығы 4,86 шақырым газ құбыры тартылған. Нысанның құрылысы 2020 жылы басталып, былтыр қабылданған.
Сала мамандары аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 31-і (73,8 %) табиғи газбен қамтылғанын айтады. 5 жоба бойынша 7 елді мекенді табиғи газбен қамту мақсатында өткен жылы жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілген екен. мұндай жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Бұйыртса, Сайрам ауданының халқын 2025 жылға дейін көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылатын болады.
Облыста тұрғындарды газбен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізуге ұмтылып жатқан аудандар жетерлік. Солардың бірі – Төлеби ауданы. Мұнда бүгінде 122 мың халық тұрады. Олардың 48 мыңы экономикалық белсенді тұрпғындар болып саналады екен. Бүгінде мұнда тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 88 пайызға жетіп отыр. Бұйыртса, бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланған.
Биыл Бәйдібек ауданында тұрғындарды газбен қамту көрсеткішін 82 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар қазір мұнда қарқын алған. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 17 елдімекен тұрғындары табиғи газды тұтынуда. Сала мамандары қалған елдімекендерге газ жеткізу жұмыстарының кезең-кезеңмен жүргізілетінін айтады.2021 жылы Амансай, Түйетас, Талап, Сарыбұлақ, Жолғабас елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Нысан толық аяқталған соң 5 елді мекен тұрғындары табиғи газдың игілігін көретін болады.
Бұйыртса, биыл аудандағы Жоғарғы Боралдай, Тайманов, Теректі, Жиенқұм, Шақпақ, Қазата, Ағыбет, Алғабас, Кеңестөбе, Бәйдібек ата елді мекендері және Шаян елді мекеніндегі 20 коммуналдық (жалдық) тұрғын үй мен 55 гектар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымында салынатын тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша тиісті қаржысы бөлініп, құрылыс жұмыстары бастау алды. Сондай-ақ, аудандағы 10 ауылдың (Жаңаталап, Таңатар, Қошқар ата, Тұрақты, Жұлдыз, Қаратас, Ақжар, Кеңсай, Жарықбас, Алмалы) газ құбырларының құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Бәйдібек ауданының тұрғындарын газбен қамту қамту көрсеткішін 82 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекен табиғи газға қосылады. Нәтижесінде 2025 жылы елді мекендерді газбен қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) немесе 2 млн. халыққа жеткізілмек.