Түркістан облысы Мақтаарал ауданында Қазақстан-Өзбекстан шекарасы бойынан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жоспарланып отыр. Аталған орталықты «Атамекен» кеден бекеті мен «Сырдария» кеден бекетінің маңынан құруға ұсыныстар берілген болатын.
Күні кеше ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, орталықты құруға таңдалған жер телімдерімен танысты. Сапар барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы көліктік инфрақұрылымның жай-күйі жайлы айтып өтті.
Аудан әкімі Бақыт Асанов «Атамекен» кедендік бекетінің маңындағы 50 гектар жер туралы айтып өтіп, аталған жерге электр, газ, ауыз су жүйелерін жеткізу бойынша жоспарларымен бөлісті.
«Атамекен» кеден бекетінің транзиттік және басқа да көліктерді өткізу қабілеті төмен екенін атап өтеміз. Аталған жағдай көліктердің шекарада ұзақ тұрып қалуына, көлік кептелістерінің туындауына алып келіп, бұл мәселелер жергілікті тұрғындардың наразылығын тудыруда. Сондықтан, құрылуы жоспарланып отырған халықаралық орталықтың бойымен ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын IV техникалық санаттағы жол құрылысын жүргізу қажет. Жолдың құрылысына мемлекет мұқтажына алынатын жер телімдерінің құнын қоспағанда шамамен 2 миллиард теңге қаржы қажет етіледі» — деді Бақыт Насырханұлы.
Аудан басшысы негізінен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын «Сырдария» шекара өткізу бекетінен құру ыңғайлырақ екенін түсіндірді. Өйткені, бұл жерден М-39 «Ташкент-Термез» халықаралық автомобиль жолы өтетінін, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымдарды тарта отырып өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашылатынын атап өтті.
Аудан әкімі вице-министрден 2023-2024 жылдары жоспарланып отырған «Атамекен» кеден бекетін модернизациялауға жұмсалатын қаржыны «Сырдария» кеден бекетіне жұмсалуына, «Мақтаарал-Дарбаза» темір жолын Атамекен кеден бекетінен «Сырдария» шекара өткізу бекетіне дейін тартылуына ықпал жасауды сұрады.
Жиын соңында вице-министр жағдаймен толық танысып, алдағы уақытта айтылған ұсыныстарды сараптайтынын жеткізді. Сондай-ақ, аудандағы темір жол жүйесінің жай-күйімен танысты.