Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, облыс орталығы Түркістан қаласына ауыстырылды.Жаңа облысты дамыту мақсатында 2024 жылға дейінгі Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары бекітілген. Соған сәйкес, облыс орталығында да бірқатар шаралар атқарылуда. Айталық, бүгінде Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласын қалыптастыру жөніндегі жұмыстың 1-кезеңі аяқталды. Қаланың негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды.
Жалпы бүгінге дейін 445 млрд. теңгеге 257 жаңа нысан салынды. Оның ішінде халықаралық әуежай, мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік орталықтардағы нысандар салынып, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, өнеркәсіптік аймақтардағы инфрақұрылым құрылыстары қолға алынды. Түркістан қаласына жаңа магистральды су құбырлары жүргізіліп, қала толық газдандырылды.
Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылыстарын жүргізу, «Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы» ұзындығы – 48 шақырым, «Сарыағаш қаласының айналма жолы» ұзындығы – 102 шақырым, «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы» ұзындығы – 30 шақырым автожолдары сияқты ірі жобалар қарастырылған. Бұдан басқа, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Қасқасу» тау шаңғысы курортына инфрақұрылын жүргізу, Түркістан қаласында туристік-рекреациялық орталығын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары одан әрі жалғасады. Күлтөбе қалашығының тарихи нысандары қалпына келтіріледі. Арнайы экономикалық аймаққа кіретін индустриялық аймақтың инженерлік жүйелерінің құрылысы аяқталады.
Жалпы «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығында демалуға, шомылуға, су спорты түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалады. Жалпы ауданы 85 гектар болатын ерекше кешеннің құрылысы үш кезеңнен тұрады. Онда жасанды көлдің сыйымдылығы – 2,5 млн. текше метрге жуық. Нысанның жер жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Көктемгі суды қабылдайтын, су жіберетін каналдар да дайын. Жағажайға емдік қасиетке ие шағыл құм төселіп, ағаштар отырғызылып, балалар демалыс аумағы, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, аквапарк салынады деп жоспарланған. Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуі қалыптастырылып, құны 26,9 млрд. теңгені құрайтын 5 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Түркістан қаласын дамыту бойынша кешенді жоспарға сәйкес 109 жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,3 трлн. теңге, оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар.
Шаһарды дамытудың ІІ кезеңі 4 аумақта іске асырылады. Атап айтқанда, әуежай аумағында ауыл шаруашылығы және басқа да серпінді жобалар қолға алынған. Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында заманауи білім, денсаулық сақтау, спорт нысандары мен әкімшілік ғимараттар, демалыс орындары салынып жатыр. Сонымен бірге Б.Саттарханов даңғылы бойында спорт кешені, «Яссы» желілік саябақтары бой көтеруде.
Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Өңірде 2 миллионнан астам адам тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлеуметтік саладағы бастамалардың әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкелетінін айтып өтті. Жалпы, 2022 жылы 349 бюджеттік инвестиялық жобаларды іске асыру жоспарланған болатын. Жыл соңына дейін 107 нысан пайдалануға тапсырылады, қалғандары биылғы жылға өтпелі болып отыр.