Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ-нің басшысы Сапаралы Құрбанов айтты.
Аталған орталықтың мамандары кәсіпкерлікті қолдауға арналған барлық мемлекеттік бағдарламалар, қаржылық институттардың қаржыландыру шарттары және рұқсат құжаттарын алу бойынша кеңес береді.
Спикердің сөзінше, 2018 жылы құрылған орталықта қызмет түрлерінің барлығы «Бір терезе» қағидатымен жүзеге асады. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау және жобаларды қаржыландыру, мемлекеттік бағдарламалармен қоса бизнестің дамуына ең қолайлы орта жасау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
– 2022 жылы Мемлекеттік бағдарламалар аясында 1007 жоба сүйемелденіп, қаржыландырылды. Оның ішінде, мал шаруашылығы бойынша — 513, егін шаруашылығы бойынша — 190, өндіріс саласы бойынша — 49, қызмет көрсету бойынша — 151, айналым қаражатын толықтыруға — 94, субсидиялау бойынша 10 жоба қолдау тауып, кәсіпкерлер қаржы ұйымдары және 2 деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылды. Жалпы сүйемелденген жоба сомасы — 7 млрд 560 млн теңге. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 5 жоба сүйемелденіп, қаржыландырылды, — деді Сапаралы Әділханұлы.
Сонымен қатар, 1856 қызмет бойынша құжаттар рәсімделді. Атап айтсақ, жер мәселесі бойынша — 564, инфрақұрылым саласы бойынша — 214, сәулет және қала құрылысы бойынша — 91, басқа да құжаттар бойынша 987 қызмет көрсетілді.
Жалпы орталыққа 7039 адам жүгінген. Орталық мамандарымен 34 428 кеңес беріліп, 1507 бизнес-жоба әзірленді.