Биыл өңірімізде қыс жылдағыдан қатты болып, қардың әдеттегіден екі есе көп түскені белгілі. Сондықтан, алдағы уақытта күн күрт жылынатын болса, су басу қауіпі басым. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қала әкімдіктері мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары осы қауіптің алдын алу шараларын атқаруда. Мәселен, Мақтаарал ауданы аумағында су тасқынына алып келетін өзен, көлдер, су қоймалары, гидротехникалық құрылыстар жоқ. Дегенмен, Өзбекстан Республикасы «Сырдария» аумақтық су шаруашылығы бірлестігінің есебіндегі «Достық» магистральды каналы арқылы ауданға ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда каналдың қауіпті болатын авариялық аймақтары жоқ деуге болады. Соған қарамастан, каналға бақылау бекеттері ұйымдастырылып, диспетчерлік кезекшілік қойылған.
Негізінен, Мақтаарал ауданында жыл сайын ақпан, наурыз айларында жауатын нөсер жаңбыр мен егістік жерлерді қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу салдарынан жер асты суларының деңгейі көтеріледі. Егістік жерлердің қысқы сор шаю жұмыстарының көктемге дейін созылуы, көктемгі жауын-шашынға ұласып, жер астына сіңбей, аумақтардан су тартып шығару қиындап, тұрғын үйлердің аулаларын су басады. 2022 жылы наурызда 1 ай бойы жауған жаңбыр тұрғындарға қолайсыздық тудырған еді.
Аталған төтенше жағдай оқиғалары ескеріліп, былтырдан бері Атакент кентінде 4 көшеге жаңадан лотоктар қойылды. Аудан көлемінде 147,86 шақырым ирригациялық жүйелер және арық-атыздардың арналары тазаланды.
— Кенттер мен елді мекендердің ішінде орналасқан 38 тік дренаж 100 пайыз қосылуға дайын тұр. Сондай-ақ, егістік жерлерде орналасқан 145 тік дренаж да іске қосылуға дайын. Бұдан бөлек, су басу және су тасқыны мерзімінде қажет жағдайда шұғыл жеткізілетін 84 мотопомпалар сақадай-сай, — дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары.
Қазіргі таңда аталған ауданда кез келген су тасу және авариялық жағдайларға қарсы тиісті техникалар, құрал-жабдықтар мен инертті материалдар ретке келтірілген.
Жалпы жыл басында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары қаралған болатын. Онда облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі қазіргі жағдай мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасының аясында жоспарланған іс-шаралардың барлығына бюджеттен қажетті қаржы қаралып, 32 шақырым арнаны түзеу, 15 шақырым жағаны бекіту жұмыстары атқарылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, қардың көп түсуін және ылғал қорының жоғары көрсеткіштерін ескере отырып, 33 инженерлік іс-шарадан тұратын облыстық жоспар бекітілгеніне де тоқталды.
Айта кетейік, Сырдарияның бойында орналасқан елді мекендерде су басудың алдын алу мақсатында 100 шақырымға жуық қорғаныс дамбаларының жағдайы тексеріліп, 154 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Өзеннің бойына белгілер қойылып, судың деңгейі мен мұздың қалыптасу жағдайына күнделікті бақылау жүргізілуде. Сырдариядан басталатын каналдардың тоспалары алдын- ала бекітілді. Құлақтандыру жүйесі дайындыққа келтірілді. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлардың алдын алуға 2022 жылы бюджеттен 462 млн. теңге бөлініп, тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. 1200 шақырымнан асатын 680 арық пен каналдар қоқыстан тазартылып, 1 мың шақырымға жуық қашыртқы арналар механикалық тазартудан өткізілді.
Таулы аймақтар мен қауіпті өзендер және су қоймаларға аэровизуалды шолу жұмыстары жүргізілді. Жалпы облыс аумағында 111 гидротехникалық нысан бар. Комиссиялық құраммен барлығына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 12-сі жөндеуді қажет ететіні анықталған. Олардың басым бөлігі республикалық меншіктегі «ҚазСуШар» мекемесіне қарасты. Облыстық және жекеменшіктегілері де бар.
Республикалық меншіктегі «Шардара» су қоймасының толуы 77 пайызды құрады (3 997 млн. м3), өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық су жиналған. Көксарайдың жалпы жобалық сыйымдылығы 3 млрд. текше метрді құрайды, бүгінге 34 пайызы толтырылды (1 млрд. м3). Су реттегішінің қазіргі жай-күйі 2 млрд. текше метрге жуық суды жинақтауға мүмкіндік береді. Аталған мәселелерді ескере отырып, қыс-көктем кезеңінде тиісті реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал, Қапшағай су қоймасында соңғы 10 жылда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмай, жыл сайын ақаулықтар пайда болуда. Былтыр күрделі жөндеу жұмыстары басталып, биылғы жылға 871 млн. теңге қарастырылды. Коммуналдық меншіктегі «Бөген» су қоймасына 2022 жылғы күзгі нақтылауда жергілікті бюджеттен 108 млн. теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Биыл коммуналдық меншіктегі «Ырмақ-Өзен», «Майдантал» су қоймаларының, Қараспан су торабының ағымдағы жөндеуіне 716 млн. теңге қарастырылды. Сондай-ақ, «Бөген», «Майдантал», «Ащы» су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 220 млн. теңге қаралды. Жекеменшіктегі 2 гидротехникалық нысанның («Шылбыр», «Сартөр» су қоймалары) иелерімен тиісті жұмыстар жүргізілді.