Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды өркендету ісіне баса назар аударатынын айтып, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына келген алғашқы жұмыс сапарында халықпен кездесіп, ондағы түйткілді мәселелерге қатысты пікір алмасқан болатын. Сонда ең маңыздысы, ауданға газ құбырын тарту кезек күттірмейтін міндет екені айтылған-ды. Бүгінгі таңда өңірде осы бағытта бірқатар шаралар атқарылуда.
Мәселен, автоматтандырылған газ тарату стансасының магистральды газ құбыры тармағын салу жобасы. 2019-2022 жылдар аралығында оған 2 413 255,0 мың.тг қаржы бөлініп, Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі магистральды газ құбыры траншеяға 100 пайыз көмілді. Бүгінге дейін Жаңатас қаласына бұрылатын тұстан Созақ ауданына дейінгі магистральды газ құбыры мен АГТС құрылысы аралығына 840 дана электр бағаналары орнатылып, 15 шақырым электр желілері тартылды. Сондай-ақ, 4 дана найзағайдан қорғау құрылғысы орнатылды. 43,8 шақырым құбырға арналған траншея дайындалып, автоматтандырылған газ тарату стансасының аумағы қоршалды.
Ал, ағымдағы жылы автоматтандырылған газ тарату стансасының қондырғыларын орнату, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд. 202 мың 719 теңге қаржы бөлінді.Қалған 411 млн. 221 мың теңге бөлінген жағдайда АГРС іске қосылатын болады.
Сонымен қатар, Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу да жоспарланған болатын. Аталған жобаға 2021-2022 жылдар аралығында3 млрд 107 мың 095 теңге қаржыға 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3500 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалған.Қалған 345 234,0 теңге қаржы 2023 жылға қарастырылған. Ағымдағы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда облыстағы 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл 516 елді мекенді (62%) табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген.