Кентау еліміздегі бірден-бір моноқала. Былтыр шаһарды дамыту мақсатында бірқатар шаралар атқарылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Айталық, осыдан біраз уақыт бұрын «Шұғыла» мөлтек ауданының тұрғындары көшелерді жарықтандыру мәселесін көтерген болатын. Бүгінгі таңда Кентау қаласының көшелерін жарықтандыру үшін былтыр 60 млн. теңге қарастырылып, 200 дана жарық бағаналар орнатылды. Ағымдағы жылы да Кентау қаласының барлық көшелерін толық жарықтаңдыру жоспарланған. Бұған қазынадан қосымша 62 млн. теңге бөлініп отыр. Сала мамандары қазір осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуде.
Мұнан бөлек Кентауда балалардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесі де өзекті болатын. Тұрғындарды толғандырған мәселенің бірі осы еді. Былтыр Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында 200-ден астам оқушыны қамтитын 15 үйірме ашылды. Қазір спорт мекемелерінде спорттың 16 түрі бойынша 4 мыңнан астам бала мен жасөспірім шұғылдануда.
Жалпы қалада соңғы жылдары мәдени және спорт нысандарына ерекше көңіл бөліне бастады. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр 112 млн. теңге қарастырылып, Хантағы ауылында орналасқан шығармашылық үйінің ғимаратына күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 2 мектепке қосымша спортзалдың құрылыс жұмыстары жүргізілді.Ал, биыл Кентау қаласындағы орталық балалар кітапханасын жөндеу үшін бюджеттен 8 млн. теңге қарастырылып отыр.
Кентау қаласының келбетін жаңарту жұмыстары да қарқын алуда. Айталық, биыл мұнда көпқабатты 55 тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылатын болады. Оған қазынадан қажетті қаражат бөлініп отыр. Елімізде 2020 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асырылып келеді. Жобаның мақсаты – тұрғындардың жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуы. Кентауда аталған жоба аясында аулаларда ойын және спорт алаңшаларын орнатуға 110 млн. теңге қарастырылды.Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіру үшін және қоқыс алаңшаларын орналастыруға да тиісті қаржы бөлініп отыр.
Бұдан бөлек қалада аббаттандыру жұмыстары да әдеттегідей жалғасын табатын болады.Сонымен қатар, қаладағы маңызды мәселелердің бірі автожолдардың жәйі болатын. Бұл туралы да тұрғындар өз шағымын айтып, өтініш жолдаған болатын. Соған сәйкес былтыр жолдарды жөндеуге бюджеттен 686 млн. теңге бөлініп, Кентауда және қалаға қарасты елді мекендерде барлығы 53 көше күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Биыл аталған шараларды ары қарай жалғастыру үшін қазынадан 1,5 млрд. теңге қаражат қарастырылды.
Кентауда бүгінгі таңда 33 мектепке дейінгі ұйым мен 25 мектеп бар.Мемлекеттік тапсырыс аясында мектепке дейінгі ұйымдарда 6 мыңға жуық бала қамтылған. Сала мамандары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының әзірленіп жатқанын айтады. «Салынатын мектептер жаңа форматта болады», — дейді олар. Жалпы шаһарда орналасқан замануи мектеп түлектерінің 90-95 пайызы еліміздегі жоғары оқу орындарына грант негізінде оқу түскен. Олардың арасында шетелдегі белді университеттердің де оқу грантын жеңіп алғандар бар. Бүгінде осы тәжірибені пайдалана отырып, жобаны барлық өңірде іске асыру көзделген.
Жоба аясында Кентау қаласына қарасты Шұғыла және Қаратау мөлтек аудандарында 1 500 орыннан 2 жаңа мектептің кұрылысын қолға алу жоспарлануда. Бұйыртса, аталған білім ошақтарының құрылысы келесі жылы басталатын болады. Нысанды 2025 жылы ел игілігіне тапсыру көзделген.
Ал, Кентауда денсаулық саласында 10 мекеме қызмет көрсетеді.Былтыр 510 млн. теңге бөлініп, Кентау қалалық ауруханасының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.