Сарыағаш ауданындағы Бағыс елдімекенінің тұрғыны Манатәлі Таңсықбаев желтоқсан айында жылыжайындағы лимон ағашынан өнім жинай бастады.
Қақаған қыста үйінің алдындағы жерінде тропикалық жеміс өсіріп отырған ол 700-ге жуық ағаштан 70 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.
Манатәлі Тансықбаевтың лимон өсіруді қолға алғанына биыл 10 жылға жуық уақыт болды. Үйінің алдындағы 60 соттық жерге 640 лимон ағашын отырғызған шаруа күні-түні күтім жасап, баптады. Тамыр жаюын тәулік бойы бақылады. Ерен еңбектің нәтижесінде тропикалық белдеуде ғана өсетін жеміс ағашы Сарыағаш топырағына жерсінді. Бүгінгі күні шаруа лимон алқабынан мол өнім алып отыр.
«Ең алдымен жылыжайға қызанақ пен қияр еккен болатынмын. Бәсекелестік көбейіп кетті. Жұрттың көбі жылыжай салып, қызанақ пен қияр егіп, сатумен айналысып жатты. Сол кездері жерімде де бір зиянкестер пайда болды. Жеңе алмадым. Өнім болмай еңбегім еш кете берген соң, бағбандармен кеңесе келе лимон мен банан өсіруді жөн көрдім. Ташкенттен лимонның «Меир» деп аталатын сортын алып келіп, отырғыздым. Алғашқы жылдары тек ағаштарды өсіруге уақыт бөлдім. Жемісін екі жылдан соң көрдік. Ал, банан ағашы өсіп тұр. Бірақ өнім бермей жатыр. Бәлкім, сортын дұрыс таңдамаған болармын» — дейді ол.
Манатәлі Әлішерұлы төрағалық ететін «Даян» шаруа қожалығындағы лимон ағаштарының кейбірі 1 түптен 200 келіге дейін өнім береді. Ал, көпшілігінен 100 келі лимон алады. Ағаштарды арық суымен суарады. Ал, жылыжайды көмірмен жылытады. Топырағы да жергілікті жердікі. Тропикалық жемістердің өсуіне ешқандай жаңа технология мен тыңайтқыштарды қолдынып отырған жоқ. Дегенмен, жылыжайдан сабақтарын көтере алмай тұрған талдарды көруге болады. Шаруаның айтуынша, лимон ағашы қанша салмақ басса да сынбайтын иілгіш келеді.
«Көшеттің алғашқы екі жылында гүлдерін теріп алып тастап, бойын өсіруге күш салу керек. Осы әдісті қолданғанда үшінші жылы көшет 20 келі, төртінші жылы 50 келі өнім бере бастайды. Жыл өткен сайын берер жемісі де молая түседі. Қазіргі таңда жылыжайдағы лимон ағаштарынан 50-60 тонна өнім жиналуда», — дейді шаруа.
Жалпы Манатәлі Әлішерұлының отбасылық кәсібі көл-көсір пайдаға кенелтіп отыр. Шаруашылықтың жұмыстарымен інісі екеуі айналысады. Ал, терім науқанында онға жуық тұрғынды жұмысқа алады. Сату ісімен де шаруаның өзі айналысады. Мәскеу, Алматы, Астанаға дейін барып, сатып келген кездері бар. Одан бөлек, Камазбен келіп артып кететін алыпсатарлар да көп. Сонымен қатар жылыжайда лимон өсіргісі келетін шаруаларға кәсіпкер қаламшадан өніп шығатын лимон көшеттерін де сатады. Қалай өсіретіндігін айтып, кеңес беріп отырады.
«Қазір далада қар. Күн суық. Ал, жылыжай ішіне кірсеңіз жып жылы. Лимон өсіп тұр. Иісінің өзі керемет. Наурыз айының соңында иісі мұнан да керемет шығады. Сол кезде лимон ағашының астына келіп екі-үш сағат отыратындар бар. Бұл тәсіл адамдардың бойындағы қан қысымының тұрақталуына әсер етеді екен» — дейді Манатәлі Әлішерұлы.
Шаруа алдағы уақытта лимон тосабын жасауды жоспарлап отыр. Бұл бағытта қазір қажетті технологияны меңгеріп жатыр. Аппараттарын да алып қойған.
«Алдағы уақытта кәсібімді кеңейткім келеді. Лимон, имбирь, апельсиннен тосап жасау ісін қолға алсам деймін. Сол үшін апельсин, мандарин, лайм ағаштарын өсіруді де жоспарлап отырмын»- дейді ол.