Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары ақпанның ызғары мен жауын-шашынына қарамастан қырыққабат пен қызылша дақылдарын егуді бастап кетті.
Қазірдің өзінде 10-нан астам шаруа қожалықтары қызу жұмыстарды жүргізуде. Олардың бірі – Мақатаарал ауылдық округі, Есентаев ауылында орналасқан «Абдрахманов» шаруа қожалығы. Аллаяр Кенжебайұлының басшылығындағы қожалығының иелігіндегі 4 гектар жерге қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 35 адамнан құралған 2 бригада ақпанның әрбір сәтті күнін пайдаланып егістік алқабында тынбай жұмыс атқаруда.
«Жұмысшыларға күніне 5000-5500 теңгеден еңбекақысын төлейміз. Қырыққабаттың ринда және галикан деген сорттарын егіп жатырмыз. Негізінен, еккен егініміз 2-3 ай көлемінде пісіп, жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек» , дейді А.Абдрахманов.
Ерте пісетін қырыққабат өнімдеріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында жалпы көлемі 10 гектар жерге қырыққабат, 15 гектарға қызылша дақылы отырғызылған.
Жалпы биыл Мақтааралда 1904 гектар жерге ерте пісетін көкөністер егу жоспарланып отыр. Қырыққабат пен қызылша дақылдары ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша диқандар 1 жылда 2-3 рет өнім алады.
Айта кетейік, өткен жылы мақтааралдық шаруалар 20 мың тонна көкөніс өндіріп, оның 80%-на жуығын ТМД елдеріне, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия мемлекеттеріне экспорттаған.