Облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Онда алдағы 5 жылда Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту көзделген. Яғни, өңірімізде ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты дамытудың барлық жолы, тәсілі қарастырылған. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, қайта өңдеу және өзге де салалар бойынша сарапшылардың ақыл-кеңесі назарға алынатыны айтылған.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған жоспарды іске асыру мақсатында кейбір аудандарда агроиндустриалды аймақ ашылып, жеке шаруашылықтарға басымдық берілетінін айтады. Қосымша жылыжай шаруашылықтарын дамыту үшін газ, энергия мәселелеріне жеңілдіктер қарастыру жайы да назарға алынып отыр.
Айта кетейік, былтыр біраз ауданда ауыл шаруашылығы бойынша жоспар орындалмады. Инвестициялық жобалар аз. Соған байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалды бірқатар жауапты орынбасарға осы салаға қатысты жұмысты жандандыруды тапсырды. Және биылға жоспарланған индикаторлардың толықтай жүзеге асырылуы тиіс екенін баса айтты.
— Тұжырымдаманы толықтыру жұмысы жеделдетілсін. Бұл – облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін маңызды жоспар, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтің мәлімдеуінше, агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталы мен тамақ өндірісіне тартылған жеке инвестициялар көлемін 6 есеге арттыру межеленген. Яғни 84,9 млрд. теңгеден 481,1 млрд. теңгеге дейін көбейтілмек. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 1,03 трлн. теңгеден 2,12 трлн. теңгеге дейін көбейту жоспарланған. Ал, агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңделген өнімдерінің экспорты 136,9 млн. АҚШ долларынан 310,5 млн. АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы егіс көлемі 869,8 мың гектарға жеткізіледі деп күтілуде. Былтыр бұл көрсеткіш 859,9 мың гектар болатын. Сонымен қатар, мақта дақылы 46,3 мың гектарға қысқартылып, дәнді дақылдар, көкөніс, бақша және малазықтық дақылдардың көлемі ұлғаяды. Жылыжайлар көлемі 1569 гектардан 2118,6 гектарға ұлғаяды (+ 550 гектар), қарқынды баудың көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға жеткізу жұмысы жүреді.
Мұнан бөлек, өңірімізде соңғы 5 жылда 12 тоқыма-тігін фабрикасын ашу, мақта шаруашылықтарын 2027 жылдан бастап жергілікті элиталық тұқымдармен 100% қамтамасыз ету жоспарланған. Бес жылда жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу үлесін 0,23%-дан 10%-ға, ет өнімдерін өңдеу үлесін 12,3%-дан 34,0%-ға, сүт өнімдерін өңдеу үлесін 13,6%-дан 31%-ға ұлғайту көзделген.
Аудан, қала әкімдіктерінен алдын-ала 2023-2027 жылдарға жалпы құны 320 млрд. теңгені құрайтын 109 инвестициялық жоба тізімі анықталды. Оның ішінде биыл құны 29,4 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба енгізілген. Инвестициялық жобалар тізімін кеңейту, өзектендіру жұмыстары одан әрі жалғасады.
Қазір облыста көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталды. Биыл өңірде 860 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, дәнді және бұршақтық дақылдардың егіс көлемі 3,2 мың гектарға ұлғайып, 317 мың гектарға жетеді, мал азықтық дақылдар 5,6 мың гектарға артып, 225,5 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 8 мың гектарға артып, 126,7 мың гектарға, майлы дақылдар 4,4 мың гектарға қысқартылып, 75,4 мың гектарға, мақта дақылы 13,8 мың гектарға қысқартылып, 112,5 мың гектарға егіледі деп күтілуде.
Жалпы 2023 жылдың өнімі үшін 187,7 мың гектарға күздік дақылдарды егу жоспарланып, 178,1 мың гектар жерге дән себілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 96 мың тонна жанармай қажет, оған ұсыныс жолданды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 48 мың тонна жанармайдың 6 мың тоннасын – ақпан, 12,7 мың тоннасын – наурыз, 12,1 мың тоннасын – сәуір, 12,2 мың тоннасын – мамыр, 4,9 мың тоннасын маусым айларында босату қарастырылуда.
Енді ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы жөнінде де айта кетейік. Бүгінде қолда бар 10 мыңнан аса трактор, 1,3 мың дән сепкіш, 508 соқа, 1,2 мың қопсытқыш дайын тұр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан 7,8 млрд.теңге қаралған. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында картоп 16,1 мың гектарға, пияз 3,6 мың гектарға, сәбіз 2,2 мың гектарға, қырыққабат 9,8 мың гектарға егілетін болады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе, қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі.
Ерте мезгілдік әлеуметтік дақылдар көлемін ұлғайтуға, облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, биыл 9,02 мың гектарға ерте пісетін карто, 2 мың гектарға пияз, 1,2 мың гектарға сәбіз, 7,5 мың гектарға қырыққабат егу жоспарланды. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз, 187,2 мың тонна қырыққабат жиналады деп күтілуде.
Реті келгенде айта кетейік, азық-түлік тауарларының бағаларына қатысты айта кетейік. Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін пияз бағасын тұрақтандыру шаралары туралы мәлімет берді. Онда былтыр 1,1 млн. тонна пияз өндірілгенін айтты.
— Өзіміздегі тұтыну көлемі 300 тонна ғана. Мысалы, былтыр 800 мың тонна пияз өзімізге де, экспорттауға да толық жеткен. Биыл әлем бойынша өте қиын жағдай туындап тұр. Негізгі пияз өндіруші елдер түрлі табиғи себептерге байланысты жылдағы көлемді бере алмады. Айталық, Пәкістанда қиындықтар бар. Ал, бұл ел пияздың әлемдік қоймасы саналатын. Бір жерінде су тасқыны, бір жерінде қуаңшылық болды. Бұл елдерде экспорт көлемі күрт қысқарды да, біздің пиязды көршілес елдерге шығара бастады. Қазір қарап отырмыз, өзімізде пияздың 100 мың тоннадан астам қоры бар. Ерте пісетін пияз келгенше, көктемге дейін осы пиязды сақтау керек. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия пиязды сыртқа шығаруға шектеу қою туралы шешім қабылдады, — дейді ведомство басшысы. Сонымен қатар, Ербол Қарашөкеев шектеу мерзімі 3 ай болғанымен, нарықтағы жағдай өзгермесе, 6 айға дейін созылуы мүмкін екенін айтады.
— Менің түсінгенімше, шектеу 6 айға созылуы мүмкін. Бірақ, ай сайын нарықтағы жағдайды бақылап отырамыз. Қазірдің өзінде біздің өндірушілер өте көп пиязды сыртқа шығарып әкеткен – жақсы бағамен экспорттаған. Біздің пияздың бағасы көтерме деңгеймен келісіне 150-170 теңге болып тұр. Ал, Ресейді, Өзбекстан сияқты басқа да көршілерімізді қарасаңыздар, ол жақта көтерме бағаның өзі 240 теңгеден асып кеткен. Сондықтан пияз бағасын тұрақты сақтау үшін сыртқа шығаруға шектеу қойылып отыр. Дәл қазір 3 айға шектеу енгізілген. Нарықтағы жағдай өзгеріп жатса, соған сәйкес әрекет етеміз, — дейді ол .
Ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешуді міндеттеген болатын. Осыған орай жақында Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өтті. Онда Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды. Өлкемізде көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі. Яғни Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар.