Түркістан облысында алдағы сәуір-шілде айларында 459,3 мың тонна өнім жинау жоспарлануда. «Жалпы өңірімізде биыл егіс алаңы артып, 860 мың гектарды құрайтын болады» дейді сала мамандары. Қазіргі таңда облыста көктемгі дала жұмыстары белсенді жүруде. Егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, 318 мың гектарға жеткізілді. Сондай-ақ, малазықтық дақылдары, көкөніс, картоп, бақша дақылдары артты.
Енді биыл әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында ерте пісетін қырыққабат 7,5 мың гектарға, сәбіз 1,2 мың гектарға, пияз 1,9 мың гектарға, картоп 9 мың гектарға егілетін болады.
– Дала жұмыстары бойынша барлық аудан жоспарды орындауы тиіс. Кейбір аудандарда көрсеткіш төмен екенін көріп тұрмыз. Жұмысты жандандырыңыздар. Жаздық дақылдарға арналған алқаптарды әзірлеу, сор шаю жұмыстарын жеделдету керек. Шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі бақылауда болады, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Тауар айналымы бойынша өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында 6440 тонна ерте пісетін көкөніс өнімдерін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісім- шарттарға қол қойылған. Соған сәйкес бүгінгі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандарында 100 гектарға қырыққабат егілді. Күздік астық көлемі – 189,3 мың гектар. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 48,2 мың теңге арзан бағамен жанармай бөлінді. Оның литрі 200 — 202 теңгеден. Сала мамандары мұнай өңдеу зауыттарынан операторларға жанар-жағармайды босату жұмыстары басталғанын айтады.
Реті келгенде айта кетейік, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді неселендіру жұмыстары алғашқы рет өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Бұл агроқұрылымдардың агротехникалық іс-шараларды мерзімінде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 4,8 млрд. теңгеге 526 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері несиелендірілді. Қосымша 4,0 млрд. теңге қаржы қажеттілігі жөнінде ҚР АШМ-не ұсыныс енгізілді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда өңірімізде жер айдау, сор шаю жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі күнде жер айдау жұмыстары 337,5 мың га немесе 69% орындалды. Сор шаю жұмыстары 3,6 мың га жүргізілді. Алдағы 10 күндікте жер айдау, сор шаю жұмыстары толығымен аяқталады. «2023 жылдың өніміне егілген 189,3 мың га күздік астықтың жағдайы жақсы», — дейді сала мамандары.
Бүгінгі таңда облыста 23,9 мың дана ауыл шаруашылығы техникалары бар. Олардың 93 пайызы дала жұмыстарына дайын. Оның ішінде: доңғалақты трактордың 96 пайызы, яғни 11,0 мың данасы, дән сепкіштердің 98 пайызы, яғни 1169 данасы, соқалардың 98 пайызы, яғни 500 данасы, қопсытқыштардың 97 пайызы, яғни 1036 данасы дайын. Бүгінгі таңда Сайрам ауданында 1,3 мың дана ауыл шаруашылығы техникалары бар. Дала жұмыстарына техникалардың дайындығы 92 пайыз дайын.
Жалпы Сайрам ауданы бойынша ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 52,8 мың гектарға орналастыру межеленіп отыр. Егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі 19,7 мың га, мал азықтық дақылдар 1,7 мың га артып, 15,9 мың га, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 0,5 мың га артып, 10,0 мың га, майлы дақылдар 0,5 мың га артып, 7,2 мың га орналастыру жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында ерте пісетін қырыққабат 0,5 мың гектарға, сәбіз 0,2 мың гектарға, пияз 0,8 мың гектарға, картоп 3,5 мың гектарға егу жоспарлануда. Болжам бойынша ерте пісетін дақылдардың жалпы егіс көлемі 5,0 мың га орналастырылып, одан сәуір-тамыз айлары аралығында 112,2 мың тн. өнім жинау жоспарлануда.
Жер айдау жұмыстары 20,8 мың га межеленіп, нақты 18,8 мың га немесе 91 пайыз орындалды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Сайрам ауданына 2,9 мың тн. жанармай бөлінді. Оның ішінде ақпанға – 780 тн, наурызға – 780 тн, сәуірге – 910 тн., мамырға – 520 тн. Босату жұмыстары наурыз айынан бастап жүргізіледі. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына қажетті бөлінген жанармайды агроқұрылымдарға жеткізуші операторларды облыстық комиссия айқындады: «Майсс» ЖШС және «MTS XXI» ЖШС-тері.
2023 жылдың 20 ақпанынан бастап минералды тыңайтқыштардың 50%-ын субсидиялау бағдарламасы «Госагро» субсидиялаудың автоматтық жүйесі арқылы өтінім қабылдау басталады.
Сайрам ауданында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы кеңінен іске асырылуда. Биылғы жылы аталған жобаны 337,4 гектарға жүзеге асыру жұмыстары жоспарлануда.
Сайрам ауданында 11 гектар жерді қамтитын, облыстағы ең ірі жылыжай кешені бар
— Бұл жылыжай өнімдері ел аумағында және Ресей еліне экспорттауға бағытталған. «ЭкоИнвест» жылыжай кешенінің жалпы аумағы 21 гектарды құрайды, қазіргі таңда 11 гектар жерді қамтып, оның 5 гектар жеріне қызанақ, 6 гектар жерінде қияр өсуде. Алдағы жылы қалған 10 гектар жылыжай құрылысы аяқталып, іске қосылмақ. Мұнда қызанақтың 7, ал қиярдың 2 түрлі сорты өсірілуде. Жылыжайда 200-ге жуық жұмысшы жұмыс істейді, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.
Қазіргі таңда егіске дайын жеріне ерте бастан тұқым тастап, күтіп-баптау жұмыстарын жүргізіп жатқан шаруа Есполат Өмірханның иелігінде 3 гектар суармалы алқабы бар. Жетісай ауданы, Абай ауылдық округінде орналасқан бұл шаруа қожалық бүгінге дейін 1,5 гектар жерге орамжапырақтың ерте пісетін «Зарисма» сортынан 28 мың түп отырғызуда. Өткен жылы «Пушма» сортынан 25 мың түп егіп, Ресей асырған шаруалар биыл да өнім мол болады деп отыр.
Есполат Өмірхан отбасымен диханшылықпен айналысады екен. «Негізгі күн көрісіміз де осы. Мұнда қазір 30 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыларға күніне 5000 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз. Құдай қаласа наурыз айында ортасындағы ашық жерге қауын егіп, бір жерден екі өнім алатын боламыз. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», — дейді ол.
Ерте көктемнен қырыққабат, сонан соң қауын-қарбыз егіп, өнімді жинауға қатысатын ауыл азаматтары күзгі мақта терімінен де қалыс қалмайды екен. Жылдың 11 айында егістіктерде еңбек етіп, қыстың 1 айында ғана бос болатын Әтіркүл Еспенбетова есімді тұрғын бір жанұядан 2-3 адам жұмысқа шықса, тәп-тәуір табысқа жетуге болатынын айтады.
Былтыр ауданда 78,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның 49,5 мың гектарына мақта, 15 мың гектардан астамына бақша, 10,7 мың гектарына мал азықтық дақылдар, 3,2 мың гектарына көкөніс егіліп, ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 105,7 млрд. теңгені құраған. Ерте егілген көкөніс дақылдарынан 79 мың, бақша дақылынан 474,5 мың, дәндік жүгеріден 29,5 мың, жоңышқадан 46,2 мың тонна өнім алынып, 292 шаруа қожалық иелері 1103 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырған.
Келестіктер де көктемгі егіске сай отыр. Былтыр мұнда 26 314 гектар жерге егіс егілді. Ал көкөніс, картоп, бақша дақылдары бойынша егістік – 11 981 гектарды құрады.
– Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жаңа технологиялар мен техникалардың рөлі маңызды. Былтыр 71 жаңа техника, 10-нан аса жаңбырлатып суару агрегаты алынды, – дейді Келес аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін уақытша атқаршы Өмірсерік Алтынбаев.
Келестік шаруалар былтыр 20 676 тонна астық, 5 730 тонна техникалық және майлы дақылдар, 431 953 тонна көкөніс, 52 320 тонна жоңышқа жинаған.