Шардара ауданында ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарын уақытылы ұйымшылдықпен өткізу мақсатында ағымдағы жылдың 12 қаңтарында аудан әкімінің №2-6Ө өкімімен «2023 жылғы көктемгі дала жұмыстарына жәрдемдесу жөнінде аудандық штаб» құрылды.
Айта кетейік, биыл аталмыш ауданда 57 800 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Оның ішінде күздік бидай – 1100 гектарға, жаздық арпа – 1500 гектарға, күріш – 1200 гектарға, дәндік жүгері – 3560 гектарға, маш – 670 гектарға, мақта – 11200 гектарға, ескі жоңышқа – 20010 гектарға, жаңа жоңышқа – 4100 гектарға, сүрлемдік жүгері – 4250 гектарға, картоп – 250 гектарға, көкөніс – 600 гектарға, бақша өнімдері – 9360 гектарға егіледі.
Сонымен қатар, 2023 жылы мақтаның егіс көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 4443 гектарға азайтылып, орнына мал азығы және бақша дақылдарының көлемін арттыру жоспарланған. Бүгінге дейін күзгі жер жырту жұмыстарының межеленген 36 617 гектар жердің 14 775 гектар жері жыртылды.
Жер жырту жұмыстары ауа райының жылы күндері жүргізілуде.
Ал, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығына келсек, жер жыртатын ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті. Қолда бар 1898 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының 93 пайызы көктемгі дала жұмыстарына дайындалған. Оның 102 данасы жаңадан сатып алынған. Сондай-ақ, ауыл округтері бойынша 2023 жылғы көктемгі егіске байланысты сор шаю мен ылғалдандыру жұмыстарын атқару бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп,жүзеге асуда.
Ауданға мемлекет тарапынан бөлінетін қолдаулар мен несиелік жеңілдіктер тұрақты бақылауға алынған. Мәселен, ҚРАуыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №107 «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттырудың субсидиялауды бекіту туралы» бұйрығымен (бұдан әрі-Қағида) бекітілген «Тыңайтқыштардың құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау» ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Соған сәйкес, биылдан бастап «Қазазот» мекемесіне 50 пайыз көлемінде аудару өтінімі (переводная заявка) алынып тасталынды.
Сонымен қатар аталған ережеге сәйкес облыс әкімдігінің қаулысы дайындалу үстінде. 2023 жылға Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қажетті минералды тыңайтқыштармен қолдау мақсатында «Қазазот» мекемесімен 60,0 мың тонна минералды тыңайтқыштарға сұраныс беріліп, келісім-шарт жасалынған. Қазіргі таңда 25,0 мың тонна аммиак селитрасы (бағасы 1 тоннасы-184,0 мың теңгеден) Шымкент және Сарыағаш қалаларындағы арнайы қоймаларында сақтауда тұр. «Қазазот» мекемесінің облыстағы өкілдері облыс әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлымен өткізілген мәжілісте өтінім түсіп, қаржысы 100 пайыз төленген жағдайда босатуға дайын екендіктерін жеткізді. Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (gosagro.kz) ағымдағы жылы іске қосылуы күтілуде.
Жанар-жағармай жөнінде. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында 2023 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін бөлінетін жанармайды (дизель отынын) таратушы операторларды айқындау жөніндегі облыстық жұмысшы топ комиссиясының отырысына ауданнан жанармайды (дизель отынын) таратуға ауданнан екі жанар-жағармай тасымалдаушы кәсіпкерлік тұлғалар қажетті құжаттарымен ұсынылып, «КазРоснефть» ЖШС ( Ш.Райымбек), және «Майсс» ЖШС (Т.Алсатов) жеңімпаз (оператор) болып танылды. Сонымен қатар, ауданға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 2860,0 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, 1 литр бағасы 202,0 теңге болып белгіленді.
— Ауыл шаруашылығын тауарын өндірушілерді қаржылай қолдау мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 4,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан жүргізілетін көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында несиелік оператор «Ырыс» МҚҰ арқылы 37 агроқұрылымға 193,0 млн теңге несие берілді, сондай-ақ 48 шаруаның құжаттары (жалпы сомасы: 256,0 млн теңге) несие беруге комитетінде қаралуда. Қосымша несие қаржыландыру жұмыстары өз деңгейінде жалғасын табатын болады, — дейді сала мамандары.