Ордабасы ауданында экономиканың негізгі қозғаушы күші ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Бүгінде өңірде 218 234 гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның ішінде егістік жерлер 87 348 гектарды (тәлім жер — 53 330 га, суармалы жер — 34 018 га), жайылымдық жер 111 196 гектарды құрайды. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы құрылымдар саны — 7 100. Оның ішінде заңды тұлғалар – 875, ал шаруа қожалықтары — 6 225.
Биыл ауданда ауылшаруашылығы саласында 82,1 млрд. теңгенің өнімін өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14 млрд. теңгеге артық.
Сонымен қатар, биыл ауылшаруашылығы саласындағы негізгі капиталға 7,2 млрд. теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылады. Айталық, егін шаруашылығы саласында биылғы жылы 70,4 мың гектар жерді игеру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,9 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді дақылдар 33 370 гектарға, майлы дақылдар 5 412 гектарға, мақта 6 634 гектарға, мал азығы 19519 гектарға, картоп 636 гектарға, көкөніс 3 082 гектарға, бақша өнімдері 1 77 гектарға егіледі.
Егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында 1 алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасы ауданда қолға алынуда. Бұйыртса, биыл 135 шаруа қожалығы 401 гектар жерге 2 өнім егетін болады. Сонымен қатар, ағын суды үнемді пайдаланып, мол өнім алу бағытында жаңа технологияларды қолдану арқылы тамшылатып суғару әдісі 500 гектар жерде қолға алынатын болады. Ал, жаңбырлатып суғару әдісі 500 гектар жерде іске асырылады. Жылыжай шаруашылығы 15 гектарға, қарқынды бау алаңы 100 гектарға ұлғаяды.
Реті келгенде айта кетейік, жалпы Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда. Елдегі жалпы өнім көлемінің 12%-ы біздің өңірге тиесілі. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген, бұл республикалық көрсеткіштің 31%-ын құрайды. 2022 жылы саладағы өнім көлемі 1 036,6 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7% болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4%-ды құрады. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 671 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді. Егіс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып, 859,9 мың гектарға егін егілді (2021 ж. – 845,5 мың га). Оның ішінде: дәнді және бұршақтық дақылдар – 313,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 220,9 мың га; Картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 119,4 мың гектар, майлы дақылдар – 79,9 мың гектар. Сондай-ақ, 126,3 мың гектарға мақта егілді. 72,3 мың тонна минералды тыңайтқыш 50% жеңілдікпен тауар өндірушілерге жеткізілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 96 мың тонна жанар-жағармай босатылды.
Агротехникалық іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізудің нәтижесінде дәнді дақылдар түсімділігі гектарына 4,9 центнерге артып (гектарына 24,8 центнерден), 778,0 мың тонна өнім өндірілді. Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі гектарына 9,5 центнерге артып (гектарына 239,4 центнерден), 2,9 млн. тонна өнім өндірілді. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағдарламасы бойынша 123 ауыл округінде 8,4 мың гектарды құрайтын 2 911 жоба жүзеге асырылып, 294 мың тонна өнім өндірілді.Шитті мақтаның түсімділігі гектарына 2,4 центнерге артып (гектарына 28,6 центнерден), 362,0 мың тонна «ақ алтын» жиналды.
Облыста қарқынды бау 4,7 мың гектарды құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баудан гектарына 300-350 центнер өнім алынуда. Республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша да облыс алдыңғы қатарда, өндірілген мақтаның – 100%-ы, жүзімнің – 76%-ы, бақшаның – 64%-ы, жеміс-жидектің – 40,0%-ы, мақсарының – 29%-ы, жүгерінің – 26%-ы, көкөністің 25%-ы Түркістан облысының үлесінде. Аграрлық салада еңбек өнімділігін арттыру, суармалы су тапшылығын төмендету мақсатында жылыжай шаруашылықтарын дамыту және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Су үнемдеу технологиялары 7,2 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 30,3 мың гектарға жетті. Оның ішінде тамшылатып суару технологиясы – 26,1 мың га, жаңбырлатып суару технологиясы 4,2 мың гектарды құрады. Жылыжайлардың жалпы көлемі 101 гектарға жетіп, жалпы көлемі 1 569,0 гектарды құрады. Елдегі жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында.