Азық-түлік тауарларының бағасы соңғы жылдары шамадан тыс шарықтап кетті. Өткен жылы қант бағасының қымбаттап барып, қайтадан қалпына келген болатын. Ал, енді пияздың бағасы аспандап шыға келді. Өңірімізде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Айталық, жылыжай иелеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастады. Диқандардың да талаптары орындалуда. Сондықтан, мемлекет тарапынан да оларға бірқатар бірқатар ұсыныстар айтылды. Соның ең негізгісі өнімдердің 70 пайызын нарықтық бағамен, ішкі нарыққа шығару болып отыр. Яғни көкөніс пен жеміс-жидектің басым бөлігі шетелдіктерге емес, Қазақстан халқына қолжетімді болуы тиіс.
Қазіргі таңда жылыжай иелеріне мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие алудың заңды тетіктері қаралып жатыр. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, 2023 жылы инфляцияның деңгейін 9,5 пайыздан асырмау керек.
— Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін барлық өңірдің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс қажет. Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар. Біз өткен жылғы егіннен қажетті қор жинақтап алдық. Сондықтан белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ, баға бәрібір өсіп жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырған жоқпыз, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар, Премьер-министр жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес екенін де жасырмады.
— Мәселен, өңірлерге пияз бойынша келісімшарт жасау тапсырылды. Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттады? Келісі – 400 теңге. Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда, бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Біз бірінші кезекте, өнім өндірушілерді қаржыландыру үшін форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қарадық. Алайда, әкімдіктер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғарар емес. Өкінішке қарай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп отырған жоқ. Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді. Бірақ, атқарылған жұмысты көре алмай отырмыз. Жылдың басынан бері сауда саласында заңдылықты бұзудың ешқандай фактісі анықталмаған, — деді ол.
Үкімет басшысы барлық әкімдіктерге өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсыныстар жіберілгеніне назар аудартуда.
-Алайда, өңірлерді комиссия отырыстарын өткізуге «қинағандай етіп» мәжбүрлеп отырмыз. Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ. Тағы да қайталап айтамын, азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды негізгі міндеті. Жұмысқа немқұрайлы қарау орын алса және нәтиже болмаса тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бұған дейін де айтылды,— деп ескертті Премьер-министр.
Өңірімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жалғасуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолданыстағы тәсілдерді күшейтіп, бағаны тұрақтандыру бойынша нақты нәтиже беретін тетіктер табуды тапсырды. Аппарат жиынында алыпсатарларға бақылауды күшейтіп, азық-түлік пен тауар бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу қажеттігі айтылды. Өңір басшысы бағаның бақылаусыз кетпеуін қадағалауды тапсырды. Дархан Амангелдіұлы, сондай-ақ, халықты қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуды күшейтіп, аудан, қала әкімдіктері ауыл шаруашылығы өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне тікелей өткізу жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастыруды міндеттеді.
— Әрбір тауардың бағасы бойынша жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыру керек. Азық-түлік бағасын бақылау, оның өсуіне жол бермеу жұмыстары әлі де көңілдегідей емес. Нақты нәтиже аз. Жәрмеңкелер де өз нәтижесін бермей отыр. 2019-2021 жылдары 14 әлеуметтік дүкен ашылып, одан кейін мұндай дүкен ашу ісі тоқтап қалған. Ондай дүкендер биыл ғана көбейгелі отыр. Осы салаға жауапты орынбасарым мен жауапты басшыларға азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің алдын алу, мониторинг жұмысын күшейтуді тапсырамын. Қоймадағы азық-түліктердің аудан, қалаларға әділ бөлінуі, таратылуы қадағалансын. Екіншіден, Түркістан – еліміздегі ең азық-түлік көп өндірілетін, көкөніс пен жеміс-жидек көп өсірілетін әрі бағасы арзан өңір. Бірақ, статистикада қымбат аймақтар қатарында тұр. Сондықтан статистикалық сараптама жасау жұмысын да бір қарап шығу керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Биыл белгіленген бағада сауда жасайтын әлеуметтік дүкендер санын 13-тен 50-ге жеткізу көзделген. Бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында және аудандарда азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізетін мониторингтік топтар жұмыс атқаруда. Бағаның негізсіз өсу фактілерінің жолын кесу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15 пайызға дейін қосуға жол бермеу үшін сауда желілерімен, тауар өндірушілермен, үй жанындағы дүкендермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ірі сауда ұйымдарымен тұрақты негізде меморандумдарға қол қойылады.
Соңғы аптада Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде пияздың бағасы – 145 теңге, рожки – 308 теңге, күріш 380 теңге болған. Бағаларды тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Түркістан облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия отырысы аптасына 3 рет өткізілуде. Делдалдық схемаларды анықтау жұмыстары күшейтілген. Мониторинг және талдау нәтижесінде бірқатар сауда орындарында сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің айналым схемасы мен форвардтық шарттар қатысушыларының сауда желілеріне көкөніс өнімдерін тікелей жеткізуі есебінен қаланың ірі супермаркеттерінде көкөніс бағасы төмендеді. Түркістан қаласының тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін қала аумағында 25 ірі супермаркет, 3 көтерме сауда орны және 187 дүкен қызмет көрсетуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында бастапқы бағасынан 15 пайыздық үстемеақыдан асырмау қажеттігі туралы 25 әмбебап дүкен иелерімен меморандум түзілді.
Өңірде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 99,3 мың тонна қоры бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 түрі облыста өндіріледі. Қант, рожки, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы көрші өңірлерден тасымалданады. Облыс тұрғындары өңірде өндірілетін құс етімен – 11,7%, жұмыртқамен 45% қамтамасыз етіледі. Осыған орай құс шаруашылығын дамыту бағытында биылдан бастап, жалпы құны 17 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Олар Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби аудандарында орналасады. Болжам бойынша биыл 20 мың гектар жерге ерте пісетін дақылдар егіліп, сәуір-шілде айлары аралығында 460 мың тоннаға жуық өнім жинау (200 мың тонна қырыққабат, 30 мың тоннадан астам сәбіз, 55,5 мың тонна пияз, 186,3 мың тонна картоп) жоспарлануда.
Тауар айналымы бойынша өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында 19 қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен барлық өңірлер әкімдіктері мен ӘКК өкілдерінің қатысуымен Сарыағаш ауданында ерте пісетін көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар түзу жөнінде көшпелі жиналыс өтті. Жиын нәтижесінде 6 440 тонна өнімді ауыл шаруашылығы тауарын өсірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі берген статистикалық мәліметке сәйкес Түркістан қаласы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (ӘМАТ) баға индексі бойынша Қазақстанның қалаларының ішінде 18-ші орында тұр (100,5%). Ал, республика бойынша ӘМАТ-тың баға индексі 100,3%-ды құрайды. Осыған орай, тұрақтандыру қорында жалпы құны 1 856,4 млн. теңгенің азық-түлігі бар. Оның ішінде қоймаларда 343,8 млн. теңге болатын тауар бар. Сондай-ақ, «Айналым схемасы» аясында да құны 1 512,6 млн. теңге болатын азық-түлік тауарлары сақталуда.
«Түркістан» ӘКК» АҚ Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева:
— Маусымаралық кезеңде, яғни сәуір, мамыр, маусым айларында картоп, көкөніс өнімдерімен облыс халқының 3 айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тауар өндірушілерден 6099 тонна картоп, 2224 тонна сәбіз, 1850 тонна пияз және 2103,5 тонна қырыққабатты форвардтық келісімшарт аясында сатып алу жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру аясында «Magnum Cash&Carry» ЖШС-не маусымаралық көк-өніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 21 млн. теңге және 19 ӘМАТ өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 300 млн. теңге қарыз беру мақұлданды, — деді қор директоры.
Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіруді ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдановтың айтуынша, облыс бойынша бүгінгі күнгі жағдайға сәйкес 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 99,3 мың тонна қоры сақталған. Ал, биыл облыста болжам бойынша 19,8 мың гектарға ерте пісетін дақылдар егіледі, одан сәуір-шілде айлары аралығында 459,3 мың тонна өнім жинау жоспарлануда.
— Облыста құс шаруашылығын дамыту бағытында ағымдағы жылдан бастап, жалпы құны 17,0 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Түркістан халқын әлеуметтік нанмен қамтамасыз ету мақсатында 2 өңдеу кәсіпорнына 100 тонна ұн босатылған. Осының нәтижесінде кәсіп-орындар нан бағасын 85 теңгеден сауда орындарына жеткізіп, тұтынушыға 90 теңгеден ұсынатын болады, — дейді Бауыржан Аманұлы.
Айта кетейік, азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру әрі олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қалада 13 әлеуметтік дүкен жұмыс істеуде. Оларға ӘМАТ-ы азық-түлік өнімдерін тұрақты түрде жеткізуді қадағалайды. Алдағы уақытта әлеуметтік дүкендер саны 50-ге дейін жеткізу көзделуде. Осы мақсатта бүгінде өңірімізде бастапқы бағасынан 15 пайыздық үстемеақыдан асырмау қажеттігі туралы 25 әмбебап дүкен иелерімен меморандум түзілді. Сонымен қатар, қала аумағындағы сауда орындарынан 30 әлеуметтік бұрыш ашу жұмыстары жүргізілуде.