Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға арналған 52800 гектар жер бар. Оның 20796 гектарына, яғни суармалы жерлерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Осы бағытта дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникаларының көмегімен 18818 га жер жыртылды.
17 мың гектарға күздік бидай егу жоспарланса, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Қарамұрт, Ақбұлақ, Жібек-жолы, Қарасу және Манкент ауылдық округтерінде нақты 10481-і егілді. Қалған егістік алқаптарына жаздық арпа және майлы дақылдарды егу көзделуде.
Сонымен қатар, аудан аумағында көп жылдық мал азықтық дақылдар 15900 га, оның ішінде жаңа жоңышқа 3530 га, картоп 4100 га, көкөніс 5923 га және де басқа дақылдар егіледі деп күтілуде.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қажетті тұқым көлемімен толық қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылуда.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағада жанар-жағар май, 50 пайызы мемлекеттен субсидияланатын минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағар майды белгіленген базалар арқылы алу мәселелері агроқұрылымдарға түсіндірілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан анықталған «Майсс» және «MTS XXI» ЖШС-тері арқылы 1885 тонна жанар-жағар май таратылатын болады.
Техникалардың көктемгі жұмыстарға дайындығы 92 пайызды құрап отыр. Егістік алқаптарға су беру маусымы 15 сәуірден басталады. Шаруаларға жеткізілетін ағын су көлемі жеткілікті. Өз кезегінде шаруаларға қолдау көрсету жұмыстары өнім көлемін арттыруға, сапасын жақсартуға әрі екі өнім алуға оң септігін тигізеді.
Реті келгенде айта кетейік, агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты.Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бірі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар). «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 261,0 млн. текше метр қосымша ағын су жеткізетін стратегиялық маңызға ие 5 ірі жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, «Түркістан магистральды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталып, қала аумағындағы 2,1 шақырым канал бойы абаттандырылды. Нәтижесінде жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемделеді. Каналдың су өткізу құрылымдарына австралиялық «Рубикон Воутердің» тәжірибесімен автоматтандыру жүйесі орнатылды.
Сыйымдылығы 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы жоба аясында жылына 31,0 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізіледі. Сонымен қатар, «Боралдай» су қоймасын (65 млн.м3, жоба құны 15,0 млрд. тг.), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (65 млн.м3, жоба құны 16,9 млрд. тг.) жобалары әзірленуде.
Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу» (40 млн.м3, жоба құны 4,07 млрд. тг.) жобасы іске асырылуда. Аталған жобалар толық игерілгенде Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек, 2022 жылы облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 1 су нысанын күрделі жөндеу (Отырар ауданындағы Р-1 каналы), 6 су нысанын ағымдағы жөндеу (Қазығұрт ауданындағы Р-4-4, Р-2 және облыстық коммуналдық меншіктегі Бөген, Қошқорған су қоймалары, Қараспан су торабы, Түркістан магистральды каналы) жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, Мақтаарал ауданындағы коммуналдық меншіктегі 141 шақырымды құрайтын 54 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 12,9 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.