Былтыр өңірімізде мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 361,8 мың тонна өнім жиналды. Биыл мақта дақылының егіс көлемін 14,9 мың гектарға кемітіп, 111,4 мың гектарға орналастыру жоспарлануда. Өйткені, 2022 жылы басталған геосаяси жағдайға байланысты мақта талшығын экспорттау қиынға соқты. Бұл шитті мақта бағасына тікелей әсер етіп отыр.
Оның үстіне, былтыр әлемде мақта бағасы 30 пайызға қымбаттады. Ливерпуль биржасының есебінше, мақтаның бір келісі дәл қазір 396 теңгенің көлемінде болды. Ал, алдыңғы жылы «ақ алтынның» бір келісі 320-380 теңге аралығында еді. Жалпы бізде ішкі нарықта мақтаға деген сұраныс аз. Себебі, өңірімізде оны толық өңдейтін өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Сондықтан елде жалпы өнімнің 70-80 пайызы экспортқа шығарылады.
Елімізде мақта-мата өнеркәсібі орындары негізінен оңтүстікте шоғырланған. Сала мамандарының мәлімдеуінше, өңірімізде Түркістан қаласында, Шардара, Жетісай және Ордабасы аудандарында барлығы 18 мақта зауыты бар. Қазіргі таңда бұл мақта зауыттарына қарасты 209 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Олар әр ауыл-аймақта орналасқан. Мақта өңдейтін кәсіпорындардың жалпы қуаты 790 мың тоннаны өңдеуге жетеді. Алайда, көбінде технология ескі.
Қазір елімізде мақта талшығын өңдеп, мата, жіп шығаратын бірден-бір фабрика, ол – «Азала текстиль». «Мырзакент» мақта өңдеу зауытына қарасты «Азала текстиль» ЖШС-і Шымкент қаласында орналасқан.
Былтыр күннің қатты ыстық болуынан және әлемдегі қымбатшылыққа байланысты бірқатар шетелдерде гектар түсірі төмендет кетті. Айталық, алдымен «ақ алтын» өндіруден алдына жан салмайтын көшбасшы ел Үндістанның өзі мақтаны шетелдерден алуға мәжбүр болып қалды. Онда нөсер жаңбыр мен түрлі зиянкестердің салдарынан былтыр мақта өсіруге мүмкіндік болмады. Осы уақытқа дейін әлемдік мақта экспортының жартысы өздеріне тиесілі болып келген АҚШ пен Бразилия мемлекеттері де дәл осындай қиындыққа тап болды. Аптап ыстықтан АҚШ-та мақта өндірісі 28 пайызға, Бразилияда 30 пайызға қысқарды.
Сарапшылар былтыр АҚШ-та жиналған мақта көлемі 1868 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш болып есептелгенін айтады. Әлемде нарыққа қажетті мақтаның 33 пайызын өсіріп келген елде мақта дәні себілген алқаптың 40 пайызында мүлдем өнім шықпаған екен. Соның салдарынан онда өткен жылы жиын-терім көлемі жылдағыдан 28 пайызға төмендепті.
Аbrapa компаниясының мәліметінше, Бразилияда да жиналған мақта көлемі көңіл көншітпейді. Bom Futuro өндірушісі мақта түсімі өткен маусыммен салыстырғанда 27 пайызға төмендегенін хабарлады. Әлемде мақта өсіруден екінші орын алатын бұл елде қуаңшылық пен аптап ыстықтың салдарынан өнім жылдағыдан 30 пайызға кем жиналыпты.
Жалпы 2022 жылы дүние жүзінде 5 миллион гектардай жерге егілген мақтаның тек жартысынан ғана өнім алынды. Бұл сарапшылардың келтірген мәліметі. Өндірістің құлдырауы және мақта бағасының шарықтап кетуі әртүрлі санаттағы тауарлардың, оның ішінде қағаз бен картонның, сәбилерге арналған заттар мен киімдердің қымбаттауына әкеліп соғатыны сөзсіз. Ресейлік кәсіпкерлер қазіргі таңда мақтаны Түркиядан және Өзбекстаннан сатып алуда. Әрине, мақта біздің елімізде де өсіріледі. Дегенмен, бізде мақтаны толық өңдейтін зауыт жоқ болып тұр…