Мақта егу науқанын тиімді жүргізу мақсатында жыл басында Қазақстан мен Түркия арасындағы тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы арнайы меморандумға қол қойылғанын да айта кетейік. Қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен Түркия Республикасынан шақырылған «PROgen» компаниясы аурулар мен зиянкестерге төзімді 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын жеткізуге қол жеткізілді. Нәтижесінде 40 мың гектар мақта алқабы элиталық тұқыммен қамтамасыз етіледі.
Облыста 500 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнының 50%-ын субсидиялауға 6,5 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде 331,3 мың гектар егістік алқаптар тыңайтылады. Облыс аумағында минералды тыңайтқыштар тапшылығын болдырмау үшін отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум ресімделді. Жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдауға 600 млн. теңге, басым дақылдардың өндірісін субсидиялауға 432,1 млн. теңге, сатып алынған пестицидтер мен биогенттерді 50% субсидиялауға 372 млн. теңге, ағын суды жеткізу құнын субсидиялауға 150 млн. теңге, ауыл шаруашылығы техникаларының 25% құнын субсидиялауға 1,5 млрд. теңге қарастырылды.
Биылдан бастап барлық мемлекеттік қолдаулар субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі gosagro.kz веб порталы арқылы тегін жүргізіледі. Облыста 24 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Дала жұмыстарына техникалардың дайындығы толық дайын. Биыл 1346 бірлік жаңа техника сатып алынады.
Енді кезекте шаруашаларға ағын суды тұрақты түрде жеткізіп отыру жұмыстары бақылауға алынуда. Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті екенін айта кеткен жөн. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатынын айтқан еді. Сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр.
Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін облыста нақты тариф бекітілген. Нәтижесінде шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистральды каналының бір бөлігін темір-бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынып, су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген.
«Тұран су» мекемесінің міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру.