Облыстың су айдындарындағы балықтың табиғи қоры 14,1 мың тоннаны құрайды. Бұл – облыстың балық өндіру потенциалы жоғары деген сөз. Түркістан облысы тауарлы балық өндіру бойынша 2020-2021 жылдары республикада көш бастады. ҚР Үкіметінің балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына сәйкес, 10 жылда облыста тауарлы балық өндірудің көлемін 20 мың тоннаға жеткізу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Бүгінде резервтегі су айдындарын бекітіп беру, заңдастыру облыс- аралық балық шаруашылығы инспекцияларының құзырында. Заңға сәйкес, 2022 жылға дейін балық шаруашылығын дамытуды субсидиялау жүргізілген.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысы аумағында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл бар. Оның ішінде88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығымен айналысу үшін пайдаланылады. Сарапшылар Түркістан облысындағы жасанды су қоймаларында балық өсіру шаруашылығының жоғары әлеуетін айтуда. Айта кету керек, өңірдің тауар өндірушілері жылына 2 мың тоннадай балық өнімін Әзірбайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстанға экспорттайды.
Қазіргі таңда Төлеби ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. «Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері — балық аулау және оны көбейту, оның өнімдерін өңдеу болып табылады. Тұрғындардың сұранысына орай, ауданда балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлер саны артуда. Аудан аумағында балық өсірумен 7 кәсіпкер айналысса, оның 2 –і былтырғы жылы кәсібін іске қосты» — дейді аудан әкімі Төлеген Телғараев.
Кәсіпкерлер шағын бассейн ашып, балық өсіріп, көбейтуді жолға қойған. Мәселен, Бірінші Мамыр ауылдық округі тұрғыны жеке кәсіпкер Мурадов Навруздың үй іргелік 0,25 га жеріне балық ұстауға арналған бассейн жасап, 3000 дана сазан, 2000 дана карп балықтарын өсіруде. Сондай-ақ, аталған елді мекендегі жеке кәсіпкер 0,5 га жердегі бассейнге 10000 дана сазан, 5000 дана мөңке балық (карась), 2000 дана карп балықтарын өсіруде.
Көксәйек ауылдық округінде орналасқан «Сақ» демалыс аймағының шаруашылығында 3 көлде карп пен форель балықтары өсірілуде. Бұған қоса, келушілер үшін балықты өз қолдарымен аулап, ауланған балығынан ас әзірлеуіне мүмкіндіктер қарастырылған.
Реті келгенде оқырманға Арыс ауданы Дермене ауылдық округінің тұрғыны үш жылдан бері балық өсірумен айналысып келе жатқан Мақсат Тоқболаевты да таныстыра кетейік. Ол бұл шаруаны қолға алмас бұрын ол ұзақ ойланып, мақсатын нақты тиянақтап, тәуекелге бел буғанын айтады.
– Өзім бала күнімнен ауыл шаруашылығына қызығатын едім. Бірақ, ауылды жердің негізгі күнкөрісі мал мен егіс болғандықтан, бұл кәсіпке шындап ден қоймай жүрдім. Әйтсе де Қазақстанның барлық өңірінен жылдың кез келген мезгілінде балық аулап қайтатынмын. Бұл салаға қызығатын болғандықтан біраз мәліметтер жинақтадым. Мәселен, еліміз Ресей, Украина, Литва, Қытай, Әзірбайжан, Грузия, Израиль, Өзбекстан елдеріне балық өнімдерін экспорттайды. Ал, көксеркеміздің еті Германия мен Нидерландыда қазақстандық бренд болып саналады. Осындай ақпараттарға қанығып алған соң ақыры балық шаруашылығын қолға алуды ұйғардым, – дейді кәсіпкер.
Оның бұл бастамасын Дермене ауылдық округінің әкімі Жұманәлі Кәдиев те қолдап, ауылдан арнайы жер беріпті. Мақсат Тоқболаев ауыл сыртынан жасанды бассейн қазып, оған Арыс өзенінен мотормен су тартып толтырған. Қызылорда облысының Арал ауданына арнайы барып әкелген балықтың ұрығын әкеліп шашады. Тірлігі енді жүре бастағанда Арыстағы атышулы жарылыс оқиғасы орын алып жас кәсіпкерді біраз шығынға батырып кетіпті. Бірақ, алғашқы сәтсіздікке мойымаған ол тағы да жаңа жер алып, ені 8, ұзындығы 30, тереңдігі 1,5 метрге жуық алты бассейн қазып, тірлігін қайтадан бастайды.
– Атакәсіп болмаған соң бұл саланың да құпиясы көп екен. Мәселен, балық жүзетін су 28/30 температурадан асып қызып кетсе жеген тамағын құсып тастайды. Балықтың ауруы болады, оны да дер кезінде байқап біліп отырамыз. Су ысып кетсе, селитраны, ластанып кетсе әкті пайдаланамыз. Ол балықтың дәміне әсер етпейді. Жалпы, бассейндегі судың кіріс- шығысын өте қатты қадағалаймыз.Балыққа да ерекше күтім керек. Бір жолы балығымды бір басейннен екіншісіне шелекпен тасып жүріп, біразын өлтіріп алдым. Кейін білсем күннің ыстығында орнын ауыстыруға болмайды екен. Бір әттеген-айы елімізде балықтардың морфологиясы мен анатомиясын, сыртқы ортаға бейімделуін, бейорганикалық және органикалық қарым-қатынасын, эмбриологиясын, этологиясын, балық ауруларын меңгерген ихтиолог мамандар жоқтың қасы.
Олардың азығына жүгерінің жармасы, бидай беремін. Өздерінің арнайы тамағы болады, бірақ, менің қалтама тура келмейді, – дейді жас кәсіпкер. Ол бүгінде тек сазан ғана өсіреді. Алдағы уақытта басқа да балық түрлерін өсіріп, сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Қарамағында үш адам жұмыс істейді. Шаруашылығына бейнебақылау орнатып, қауіпсіздігін де қадағалайды.