Мемлекет басшысы ауылдарды ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің маңыздылығына тікелей назар аударып, осы секторды ретке келтіруді тапсырды. Осыған орай, өңірде «Қолжетімді жайылым» жобасы қолға алынған.
Бұл туралы брифингте Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков айтты. Оның сөзіне сүйенсек, бұл жоба облыстық прокуратураның бастамасымен қолға алынып, облыс әкімдігімен бірлесе іске асыруға шешім қабылданған.
«Қазіргі таңда әкімдер жеке үйде ұстап отырған және шаруа қожалықтарының мал басын есепке алып, оны статистика органдарына тапсырады. Біз бұл тәртіпті тиімсіз деп санаймыз. Өйткені, ол статистиканының бұрмалануына ықпал етеді. Мысалы, Арыс ауданының Ақдала ауылдық округінде жеке секторда бар-жоғы 1 382 бас мал бар. Ал ауыл округтің есебінде шалғайдағы мал есебінен 8 817 бас тіркеліп, Ереже нормативіне сай 6 768 гектардың орнына 10 477 га жайылым қажет деп табылған. Қысқаша айтқанда, мал басының есебі дұрыс жүргізілмеуі салдарынан мемлекеттік статистика бұрмаланған», — деді Саян Шаймұратұлы.
Ал 5 бағыттан тұратын жоба бойынша әкімдер мал басының есебін статистика органдарына тапсыру міндетінен босатылады. Ветеринар мал басын есепке алып, түгелдеп, «жануарларды бірегейлендіру» базасына (ИСЖ) енгізуін ескере отырып, ветеринария қызметінің «жануарларды бірегейлендіру» және статистиканың «Е стат» базалары интеграцияланады. Бұл жағдай, өз кезегінде мал басы есебінің шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мал иелерінің малға байланысты қажетті мәліметтерді алуы электрондық жүйеге ауыстырылады. Яғни, мал сататын тұлғаларға ветеринар анықтамасын демалыс және мереке күндері электрондық түрде алу мүмкіндігіне ие болады.
Одан бөлек, бақташылар немесе малшылар статусы нормативтік тұрғыда реттеледі. Мал базарларының ветеринарлық қызметтеріне сатылған малдың есебін жүргізуге жағдай жасалады. Сәйкесінше, олар ветеринария қызметінің базаларына кіріп жұмыс істей алады. Яғни, мал базардан шыққан тұяқтың қозғалысын көрсетіп, статистиканың шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, жеке сектордағы ортақ жайылымға сыймайтын нормативтік талаптардан тыс мал басын шалғайдағы жайылымдарға айдау қамтамасыз етіледі. Ол үшін, шалғайдағы жайылымдардың орналасқан орындары мен олардың көлемдері бекітіліп, әкімдіктердің балансында қалдырылады.
Брифинг барысында Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Алтынбек Мырзаев жобаның маңыздылығына тоқталды.
«Жобада көрсетілген ұсыныстар өте маңызды. Себебі пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін космомониторинг құрылғылары арқылы анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Департаментпен аудан, қала әкімдіктері бекіткен жер балансы есебінің экспликациясында тіркелген жер пайдаланушыларда мал басы тіркелгені туралы ИСЖ базасымен салыстыру жүргізілді. Нәтижесінде, 4386 жер пайдаланушының 673 462,2 га жеріне мал басы тіркелмегені анықталып отыр.
Сонымен қатар, биыл Жер кодексінің 145-1 бабына енгізілген өзгерістерге байланысты, ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның космостық мониторингі бойынша 4543 жер пайдаланушының 560 801,6 га жерлері пайдаланбай жатқаны анықталды. Бүгінгі жоба іске асырылса жоғарыда көрсетілген сәйкессіздіктер орын алмайтын болады», — деді Алтынбек Әбдіқайымұлы.