Түркістан облысында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Бұл 5 жылдық тұжырымдамада 2027 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге арттыру міндеттері қарастырылған.
Тұжырымдамада мынадай 6 салаға басымдылық беріліп отыр. Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, жылыжай шаруашылығын дамыту, қарқынды бау шаруашылығын дамыту, жеміс — көкөніс өнімдерін сақтау жүктемелерін арттыру, мақта кластерін дамыту, мал шаруашылығын дамыту (ет, сүт, құс шаруашылығын дамыту) және қайта өңдеу саласын дамыту.
Ғалымдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлер мен агроқұрылым басшыларының қатысуымен талқыланып, қабылданды. Тұжырымдама аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2023 жылға арналған даму көрсеткіштері де нақтыланды.
Айталық, биыл егіс көлемі 860 мың гектарға орналастыру, бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға енгізу, қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу, жаңадан 665 гектарға қарқынды бау, 120 гектарға жүзім отырғызу, сақтау қуаттылықтарын қосымша 29,3 мың теңгеге арттыру, 1346 бірлік ауылшаруашылығы техникаларын алу, жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаға жеміс-көкөніс өңдеу және 17 мың тоннаға ет өңдеу жоспарлануда. Сонымен қатар, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындарын, 1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңын және 200 бастан жоғары 4 сүт фермасын, 4 бірлік ірі құс фермаларын және жалпы 270,0 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу көзделген. 4 бірлік тоқыма, тігін және 6 бірлік жүн, тері өңдеу кәсіпорындары да іске қосылатын болады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 млрд. теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 трлн. 127 млрд. теңгеге жеткізіледі (НКИ – 103 %).
Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 860,0 мың гектарға орналастырылады. Әртараптандыру шеңберінде суды көп тұтынатын мақта дақылының орнына рентабельдігі жоғары жүгері және маш дақылдарына алмастырудың егіс құрылымы әзірленді. Дәнді және бұршақты дақылдар былтыр 4,3 мың гектарға, яғни 2022 жылы 313,7 мың гектар болса, 2023 жылы 318,0 мың геатарға, мал азықтық дақылдар 6,8 мың гектарға, яғни 2022 жылы 220,9 мың гектар болса, 2023 жылы 227,7 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 9,7 мың гектарға, яғни 2022 жылы 119,4 мың гектар болса, 2023 жылы 129,1 мың гектарға ұлғайды. Мақта дақылы өткен жылмен салыстырғанда – 14,9 мың гектарға, яғни 2022 ж.ылы 126,3 мың гектар болса, 2023 жылы 111,4 мың гектарға, майлы дақылдар 6,3 мың гектарға, яғни 2022 жылы 79,8 мың гектар болса, 2023 жылы 73,5 мың гектарға азайды.
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында ерте пісетін қырыққабат 7,5 мың гектарға, сәбіз 1,2 мың гектарға, пияз 1,9 мың гектарға, картоп 9,0 мың гектарға егіледі. Ерте пісетін дақылдардан сәуір-шілде айлары аралығында 459,3 мың тонна өнім жинап алу жоспарлануда. Аталған өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне жеткізу жөнінде өңіраралық байланыстар шеңберінде жұмыстар атқарылатын болады. Облыс бойынша тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті 7,8 мың тн. масақты дақыл, 1,5 мың тн. мақсары, 3,4 мың тн. мақта, 0,5 мың тн. жоңышқа, 0,9 мың тн. жүгері тұқымдары бар. Ал, картоп тұқымы Солтүстік Қазақстандағы коммерциялық ұйымдардан алынады.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 48,2 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Литрі 200 — 202 теңгеден. Мұнай өңдеу зауыттарынан операторларға жанар-жағармайды босату жұмыстары басталды. АШТӨ-н неселендіру жұмыстары алғашқы рет өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Бұл агроқұрылымдардың агротехникалық іс-шараларды мерзімінде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 4,8 млрд. теңгеге 526 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері несиелендірілді. Қосымша 4,0 млрд. теңге қаржы қажеттілігі жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне ұсыныс жіберілді.
Облыста жер айдау, сор шаю жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі күнде жер айдау жұмыстары 337,5 мың га немесе 69 пайыз орындалды. Сор шаю жұмыстары 3,6 мың га жүргізілді. Алдағы 10 күндікте жер айдау, сор шаю жұмыстары толығымен аяқталады. Сала мамандарының мәлімдеуінше, 2023 жылдың өніміне егілген 189,3 мың га күздік астықтың жағдайы жақсы. Облыста 23,9 мың дана ауыл шаруашылығы техникалары бар. Олардың 93 пайызы дала жұмыстарына дайын. Оның ішінде доңғалақты трактордың 96 пайызы, яғни 11,0 мың данасы, дән сепкіштердің 98 пайызы, яғни, 1169 данасы, соқалардың 98 пайызы, яғни 500 данасы, қопсытқыштардың 97 пайызы, яғни, 1036 данасы дала жұмыстарына пайдалануға дайын.