«Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесі мен Ордабасы ауданының әкімдігі бірлесе отырып, жауапты науқан алдында Қараспан, Бөген, Жеңіс, Қарақұм, Төрткүл ауыл округтерінде шаруалармен келелі кездесу өткізді. Ондағы мақсат көктемгі дала жұмыстары кезеңіне дайындық шараларын пысықтап, шаруаларға су жеткізу тиімділігін арттыру болды.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелермен бірге, көктемгі ылғал суларын тиімді пайдалану тетіктері ұсынылды. «Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесі басшысының орынбасары Қ.Үсенбаев, көктемгі ылғал суларын тиімді пайдалану негізінде, арналардағы және су қоймаға келген суларды транзитті негізде пайдаланып, шаруаларға су беруге дайын екендігін хабарлады. Өйткені, қазіргі уақытта табиғаттан келген тасқын суларды қашыртқыға тастамай, егістік алқаптардың ылғал сақтау суларына, ескі жоңышқалар мен бауларды суғарып алу тиімділігі, әрі қойманы қайта суға толтыратындықтан маусымдық су жетіспеушілікке жеңілдік болатындығын шаруаларға кеңінен түсіндіріп өтті. Ал, өз кезегінде Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев, көктемгі ылғал суларын барынша тиімді пайдаланудың маңыздылығын айта келе ауыл округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге ішкі арықтардың егістіктерге зиян келтірмейтін жағдайын қарастыра отырып, шаруаларға суға нақты қажеттілікті анықтап, «Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесіне арналарды көрсете отырып суға сұраныс беруді тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде аграрлық салада еңбек өнімділігін арттыру, суармалы су тапшылығын төмендету мақсатында жылыжай шаруашылықтарын дамыту және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Былтыр су үнемдеу технологиялары 7,2 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 30,3 мың гектарға жетті. Оның ішінде тамшылатып суару технологиясы – 26,1 мың га, жаңбырлатып суару технологиясы 4,2 мың гектарды құрады.
Жылыжайлардың жалпы көлемі 101 гектарға жетіп, жалпы көлемі 1 569,0 гектарды құрады. Елдегі жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында.
Жаңадан 1293 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, техника паркін жаңалау үлесі 5,6%-ға жетті. Техника паркін жаңартуға сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25%-ын субсидиялау және кредиттер мен лизинг бойынша сыйақының жылдық мөлшерлемелерін 10%-ға арзандату, сондай-ақ, инвестициялық субсидияларды техника лизингі үшін бастапқы жарна ретінде аванспен алу мүмкіндігі кеңейтілді.
Агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бірі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар). «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 261,0 млн. текше метр қосымша ағын су жеткізетін стратегиялық маңызға ие 5 ірі жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі — «Түркістан магистральды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталып, қала аумағындағы 2,1 шақырым канал бойы абаттандырылды. Нәтижесінде жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемделеді. Каналдың су өткізу құрылымдарына австралиялық «Рубикон Воутердің» тәжірибесімен автоматтандыру жүйесі орнатылды.
Сонымен қатар, сыйымдылығы 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы жоба аясында жылына 31,0 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізіледі.
Сонымен қатар, «Боралдай» су қоймасын (65 млн.м3, жоба құны 15,0 млрд. тг.), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (65 млн.м3, жоба құны 16,9 млрд. тг.) жобалары әзірленуде. Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу» (40 млн.м3, жоба құны 4,07 млрд. тг.) жобасы іске асырылуда. Аталған жобалар толық игерілгенде Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек, 2022 жылы облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 1 су нысанын күрделі жөндеу (Отырар ауданындағы Р-1 каналы), 6 су нысанын ағымдағы жөндеу (Қазығұрт ауданындағы Р-4-4, Р-2 және облыстық коммуналдық меншіктегі Бөген, Қошқорған су қоймалары, Қараспан су торабы, Түркістан магистральды каналы) жұмыстары жүргізілді.