Бүгінгі таңда Төлеби ауданында ағын су тапшылығын болдырмау үшін «қарақуыс» су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Айта кетейік, Төлеби ауданы аграрлы аймақ болғандықтан, мұнда ағын су мәселесін шешу – күн тәртібінің басты тақырып. Шаруалар мен дихандар үшін күн жылына бастағаннан-ақ ағын су мәселесі өзекті мәселеге айналады. Аудан әкімінің бекітілген кестеге сай өтіп жатқан кездесулер мен жеке қабылдауларда аудан тұрғындары ағын суға қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін жеткізуде. Аталған мәселені шешу бағытында мұнда жүйелері жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, былтырғы жылы «Қыр» каналының сынып жарамсыз қалған 6 дана лотогының орнына 11 метрлік құбыр орнатылды. Сонымен қатар, «Атбұлақ», «Озерный», «Планировочный» каналдары және «Кент» магистралды каналының 480 метр аумағы, аудан әкімдігінің ықпалымен «Қазсушар» РМК өз теңгеріміндегі Тесіктас, Горный камень, Айналма және Блюскен-1 каналдарының 0,6 шақырымын қалпына келтірді.
Көксәйек, Қасқасу, Қаратөбе, Қоғалы ауылдық округтеріне қарасты (Жіңішке, 8-март, Көксәйек, Кент, Қара-Шора, Ұзын, Таш, Төңкеріс) каналдарының 6,5 шақырымы, сондай-ақ, Науытсай, Жаманжар, Аққұм ішкі және Момынайтас каналдарының 12,5 шақырымы механикалық тазаланды.
Жыл басынан бері аудан аумағында төтенше жағдайларды болдырмау бағытында берілген тапсырмаға сәйкес, 4 эксковатор жұмылдырылып, 6,8 шақырым канал механикалық тазалаудан өтті. Каналдардың басындағы су торабтары жабылып, 55 елді мекен бойынша 50 шақырымға жуық ішкі арық-атыздар тазартылды.
Жаз мезгілінде ағын су тапшылығын болдырмау үшін Кемеқалған ауылдық округінен құны 1 млрд 123 млн теңгені құрайтын 13 гектар аумаққа сыйымдылығы 1040 мың куб метр болатын «Қарақуыс» су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылы бастауға 200 млн теңге қаржы қарастырылыпты.
Реті келгенде айта кетейік, биыл Төлеби ауданында 2,5 пайыз несие шаруаны дамытуға беріледі. Толығырақ айта кетсек, кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарына “AMANAT” партиясы Үкіметпен бірлесе отырып, “Ауыл АМАНАТЫ” атты жобаны іске қосты. Жобаның басты мақсаты – ауылдық округ тұрғындарын жұмыспен қамту және олардың еңбек табысын арттыру болып табылады.
Мемлекет басшысының “Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы” аясында қолға алынған бастама арқылы ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге мүмкіндік алады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы толық іске қосылады деп жоспарлануда.
Бағдарлама аясында шаруаларға жеңілдетілген несие беріліп қана қоймай, техниканы лизингке рәсімдеуіне мүмкіндік жасалынады. Ал, несие немесе микронесие мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға арналған мерзім одан кішкене ұзақтау. 7 жыл. Несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалса, оның номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Сала мамандары ол үшін тек кепілге қоятын мүліктің болуы керек екенін айтады. Қазіргі таңда 2,5 пайызбен несие рәсімдеу өте тиімді, себебі кез келген банк мұндай шарттармен несие бермейді. Сондықтан осы шартпен несие алып, ауылдан қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл үлкен мүмкіндік болғалы тұр.
«Ауыл АМАНАТЫ” пилоттық жобасы алдымен аталмыш аудан аумағындағы Киелітас және Көксәйек ауылдық округтерінде жүзеге асырылмақ. Ауыл тұрғындарын аграрлы бизнеске тартуға бағытталған жоба кезеңімен өзге де ауылдық округтерде жалғасын табады.